ЕЙ, ҚАЗАҒЫМ, БҰЛ СОҢЫ ЕМЕС, БАСЫ ТЕК, ТІЛІМ ӨТКІР, АЙТПАҒАЙСЫҢ АЩЫ ДЕП!

Уақыты: 03.12.2020
Оқылды: 2088
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ей, қазағым, желбіресін байрағың,
Кеш болады өтіп кетсе айлағың.
Сұлтанмахмұт, Мұқағали айтқандай,
Қасиетті тілім менің - айғағым.

Ей, қазағым, бұл соңы емес, басы тек,
Тілім өткір, айтпағайсың ащы деп.
Тілің барда қадірін біл уақыттың,
Тіл жоғалса, міне, осы қасірет.

Ей, қазағым, бұл дәуірің азап па?
Сөйлеп жатыр өзге тілде қазақ та.
Жоғалса ертең өзге емес, ана тіл,
Керек емес мұндай дәуір қазаққа.

Ей, қазағым, көтер енді еңсеңді,
Бала жылап, тіліміз де теңселді.
Оян, қазақ, ар, тіліңді жоғалтпай,
Өзге тілсіз сөйлейікші белсенді.

Ей, қазағым, алдық барлық білімді,
Қиындықпен өткізбе енді күніңді.
Өзгелер кеп шығып алса басыңа,
Сатпақсың ба сорлы-ақ болған тіліңді?!

Ей, қазағым, намыс қайда, ар қайда?!
Тілсіз болу әлде саған оңай ма?
Өткен Ілияс, Мағжан, Сәкен Сейфуллин,
Әлде олардың күрескені құр жай ма?!

Ей, қазағым, өзгелердің қармағына іліндің,
Өзге тіл кеп орнын басты тіліңнің.
Сайра енді ағылшынша, орысша,
Керек емес мұндай болған білімнің.

Ей, қазағым, терлет енді самайды,
Сені, бәлкім, білімсіз деп санайды.
Тілің жоқ боп сөйлеп кетсең өзгеше,
Ертең балаң саған қалай қарайды?!

Ей, қазағым, жетер енді, тік қара,
Жағымсымай қараға да, аққа да.
Өзге тілде сөйлеймін деп ертеңі,
Өз тіліңнің нағыз жауы боп қама.

Ей, қазағым, қара ма едің, ақ па едің?!
Өз тіліңе өзің әлде жат па едің?
Көзіңді аш, қарасаңшы, алдыңа,
Қиын болар көзді жұмып кеткенің.

Ей, қазағым, әбден бекер тойғасын,
Қарап тұрма тіліңді алып қойғасын.
Қойма сөйлеп, сөйле енді қазақша,
Нағыз қазақ сен екен деп ойласын!

Ақмейір СОЛТАНШАРИПОВА,

Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ менеджмент және халықаралық қатынастар факультеті журналистика мамандығының 1-курс студенті

Сурет - ғаламтордан