ҚАР БАСАДЫ ҚАЛТЫРАП БОЗ ДАЛАНЫ ("ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕНІҢ" ҚАЗАСЫНА)

Уақыты: 20.01.2021
Оқылды: 1522
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Әлімғазы атамызбен бір топырақта туып, аға-іні болып жарасымды ғұмыр кешкен, бір-біріне деген құрметі ерекше болғандықтан ардақты ақсақалдың қазасы ақын жүрегін тебірентіпті. Алматы облыстық "Жетісу" газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре ӘРІНҰЛЫНЫҢ жоқтау жырын оқи отырыңыздар.

Қар басады қалтырап боз даланы
(Әлімғазы ағамның қазасына)

Нұры ғажап, ағам-ай, өзі ғажап,
Ғұмыр кештің түсірмей сөзіңе дақ.
Адамзатты сүйіп ең дәл Абайдай,
Қонақтады Қыдыр мен төріңе бақ.

Күн шығар-ау, тағы да күн шығады,
Үн шығады, құмығып, тұншығады.
Қабырғамды сөккенде ауыр қаза,
Кім тұрады, білмеймін, кім шыдады.

Алатау да қамығып қозғалады,
Талып жетіп ғасырдың тозған әні.
Төбе бидей төрімнен дегдар озды,
Қар басады қалтырап боз даланы.

Жарға біткен жапырақ жабырқар ма,
Кәрлі қыстың өзі де таңырқар ма.
Данагөйім өтті енді, бала бейіл,
Жаратқаннан күш күтем жарылқарға.

Ізің қалды ақ күннің жамалында,
Бейнең қалды көрермен жанарында,
Ақ нөсер де Алладан мұрсат сұрар,
Қара жерге тамшы боп тамарында.

Сөзің қалды ұрпақтың таңдайында,
Өзің қалдың қазақтың маңдайында.
Түсіме ендің, арысым, түсіме ендің,
Сыр бөлісіп ақжелең тал-қайыңға.

Шәкен аға жол салған ғайып мекен,
Әмина апам құшағын жайып па екен.
Жарық күнде үзілген жайнақ-ғұмыр,
Алып топқа, Айбозым, лайық та екен.

Жоқтау айтсам, жаныңды жай қыла ма,
Жұртың жасын бұлайды, қайғыра да.
Көтерерсіз жұмақта байрақты бір,
Ал, мінеки, қолымды жайдым, аға!

Әміре ӘРІН

Алматы облысы