АЙТҚАНҒА ИЛАНА САЛМАУ, ЗЕРТТЕУ, МӘНІН ҰҒУ: АБАЙ ТАНЫМЫНДАҒЫ ИСЛАМ

Уақыты: 22.02.2021
Оқылды: 1141

Абай көрсеткен жол – толық адам жолы. Ақын шығармаларында Алланың 99 көркем есіміне қатысты мысалдар өте көп. Менің түсінуімше, Абай мен Шәкәрімнің әулиелік, кемелдік сипатын, яғни, хақиқатты Алланың мейірімді, кешірімді, рақымды, әділ іспетті есімдерін адам бойына қасиет етіп сіңіре білуі деп талқыласақ болады. Дей тұрғанмен, Алланың толық 99 есімін қарастыра алмаймыз, себебі, адам әсте келбет бере алмайды, әл-Уахид (жалғыз) бола алмайды.

Бұл тұрғыда Тұрсын Жұртбайдың: «Қашанда дана адамдардың ой иірімін бір жақты түсіну қателікке бастайтын жол. Абай да солай. Оның Алла туралы пікірлерін таза діни ұғымда түсіну немесе түсіндіру жалған ұғымға жетелейді», - деген сөзін ұстанған дұрыс.

Абай Исламды жете түсінген. Оның сол кездегі имамдар мен дінтанушылардан басты ерекшелігі Алланың аяттары мен парыздарына ашық талқылау жүргізеді. «Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен», - деп дін қағидаларының ішіне үңіліп, ашық талдап, оқыған адамға терең ой салады.

Абай неге хақиқат жолына жете алды? Білім алған, ізденген жалғыз ол ма? Бұл жерде айтатын басты мәселе - дәл сол кітаптарды оқыса-дағы өзгелерден Абайдай тұлға шықпас еді. Себебі, бала күнінен Құнанбайдың байқағаны оның зеректігі мен ойшылдығы еді. Абай алып-ұшып айтқанға илана салмайды, мейлі, ол Құдайдың сөзі болса да. Әбден тамырына дейін зерттейді, соның арқасында мәнісін ұғынады. Міне, таным тұрғысынан талдаушы деген осыдан шыққан.

Жалғанның жалған екенін, жанның тәнге қонақ екенін: «Мені мен менікінің мағынасы басқа», - деп түсіндіреді. Бұл тұрғыда Абай философиясын Джон Локктың көзқарастарымен ұқсатуға болады. Білім мен тәрбиені адам жадына ғана емес, жанына бекітуді, басты шарт - алған білімді тәжірибеге айналдыруды, сондай-ақ, Құдай бізге жанымызды аманаттап берген, яғни, ол біздікі емес, сондықтан адамның өзін-өзі өлтіруіне құқығы жоқ деген талқылауларында ұқсастық өте көп.

Абайдың дін философиясы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде және дәл осы мағыналас 38-қара сөзінде кеңінен жазылған.

Өлеңді талдап көрейік. Абай ойды, бүкіл өлеңге арқау болатын сөзді ең алғашқы жолына жазып, ары қарай сол ойды тарқатады. Сол үшін де ақынға тақырып керек емес. Өлеңінде «Алланың өзі де рас, сөзі де» деп бастап, тақырыпқа қалдырады да ең бірінші кезекте Құдайды тануға сеп болатын төрт кітапты атайды. «Рас» дегеніне ерекше тоқталмаймын, ақын мұны арабтың «хақ» деген сөзінің баламасындай алып отыр деп есептеймін. «Алла хақ» деген Исламда айтылған. Және менің түсінуімше, Абайдың Алламен бірге алдымен сөзді ауызға алуында үлкен мән бар.

Ең бірінші сөз бен қалам жаратылған. Сөз атауы еСі+ӨЗі, яғни, табуланған еСі+Жаратушы дегенді білдіретін екі дербес мағыналы лексеманың кірігуінен жасалған деген дерек бар.

Жалпы, дүниеде не бар, барлығының есі – Құдай. Ары қарай осы Құдайдың сөзіне жеткізуші кітаптар. Міне, Абайдың сөз бен ой реттілігі.

Келесі шумақта осы ой жалғаса түседі де, Аллаға және кітаптарға сенім мәселесі қозғалады. Осы төрт кітапқа негізделген шариғи үкімдердің өзгеруі, ал Алланың баз қалпында қалуы айтылады.

Мұнда да терең астар бар. Адам да келіп кетеді, үкімдер жылдар өте өзгереді, тек Жаратушы бір қалыпта деп айтылып тұр. Үшінші шумағында осы сөз астары ашыла түседі. Бірақ адам баласы ашық аяттарды түсінбей, нәпсіге, бос сөзге еруді құп көріп тұрады. Сонда Алла сипатымен қоса адамның да бір қасиеті көрінеді. Ақын махаббатпен жаратқан деп ерекшелеп айтып, осыған сай сен де оны сүй дейді. Қалай сүй дейді? Жаннан тәтті, яғни, өз жаныңнан артық. Сонда, жаныңнан тәтті жақсы көру деген – Құдай әміріне бағыну, разылығын іздеу емес пе?!

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзінде де үлкен мән бар. Дінімізде Алла жолында жанын берген шахид «еңбегіңіз зор» деп ғалымға бірінші жаннатқа кір дейді екен. Ал ғалым «мен осы жомарттың арқасында білім алдым» деп жомарт адамды бірінші кіргізетін көрінеді. Демек, адамзат игілігі үшін қызмет еткен ғалым, халықтың жағдайын ойлап, мал-мүлкін садақа еткен жомарт, елін, жерін қорғап, қаза тапқан шаһид - адамдардың үздігі. Абайдың да айтып отырғаны осы адамның бәрін бауырыңдай көру және оларға қызмет ету. Жаратушыны сүйсең, жаратылғандарын да сүюге тиіссің.

Келесі үшінші «имани гүлі» де осыған тікелей байланысты. Әділет – дүниедегі тепе-теңдікті ұстаушы. Бұған кісі ақысын жемеу, басшылардың әділдігі, жала мен пара бәрі келіп құятын бір ағыс. Әділет деген тек бидің әділетті шешім шығаруы емес, осыларды түгелдей қамтиды. Малын баққызып, кедейге еңбегін бермеу таза әділетсіздікке жатады. Өз қоғамынан осындайды көп көрген соң Абай діннің негізгі тірегінің бірі әділдік екенін ұқты.

Ойымды айқындай түсетін ақынның тағы бір сөзі: «Басты байла жолына, малың түгіл». Келесі шумақтардың мағынасы айқын. Осы «имани гүлді» талқылай түседі де, ілесе бұзатын үш істі: пайда, мақтан, әуесқойлықты атайды. Пайда мен мақтан іздеу жолында адам рухани азатыны белгілі, ал әуесқойлықпен нені меңзеді? Менің ойымша, бұл қазіргі тілмен айтқанда «діни фанатизм» секілді. Дінді орташа ұстау шариғат заңдылығында да бар. Дүниенің пайдасын ойламау, бірақ бәрін тәрк етіп, безініп кету оңды іс емес. Абай осыны меңзеді. «Дүние - ақирет егістігі» деген сол.

Өлеңде парыздар да айтылады, бірақ сенімсіз оқылған намаз бен ораза қабыл болмайтыны сөз болады. Алғашқы парыз – иман келтіру. «Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті қылғанменен татымды бермес жеміс» дегені осы.

Дененің реттілігін мына мағынаны аша түсу үшін қолданған: Білесіздер, ол заманда білімсіз, дүниеге көрсеқызар молдалар көп болған. Сонда олардың сырт бейнесі ғана бар, ал иманының ішкі көрінісі жоқ еді. Абай жоғарыдағы кемшілікті дін уағыздаушылардың өзінен де көріп отыр. Ары қарай имандылыққа шақырады әрі күре тамырымыздан да жақын Құдайдың сөзбен айтылмаса да, ойдағыны оқи алатын қасиетін еске салады. Ең соңында бастапқы ойға қайта қайтып келіп, РАСпен таласпа деп, адамдықты жоймауды айтады. Толық адам тұрмақ, қарапайым адам дегеннің өзі ақын үшін үлкен ұғым еді. Шығармасында ақ жолға түскен екенсің, енді осыдан тайма, адамға сай іс істе дегенді меңзейді.

Әсем ЖҰМАҚАН

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты

Данат ЖАНАТАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, доцент

Сурет - ғаламтордан