БӨРІБАЙ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖИНАЛЫП, ЕСКІРГЕН МЕШІТТІ ЖӨНДЕП АЛДЫ

Уақыты: 12.05.2021
Оқылды: 2237

Ауылдағы мешітке 2008 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Көптің көңілін құлазытып жүрген мәселе қасиетті Рамазан айында шешімін тапты. Ауылдың бас имамы Нұрғали Бәйтенов, ауыл мешітінің жамағаттары Бақытжан Сапарбаев, Серік Жарлығапов, Жасұлан Дүйсенғалиев бастаған 120 түтіні бар ауыл тұрғындары игі іске бір кісідей жұмылып, жеткілікті мөлшердегі қаржыны жинап берді.

Игі бастаманы жырақта кәсібінің тасын өрге домалатып жүрген ауыл азаматтары да бір ауыздан қолдап, құрылыс жұмысының басы-қасында болмаса да қаржылай көмек қолдарын созды. «Азаматына қарап ауылын таны» деген тәмсіл Талғат Ыбыраймолдаев пен Азат Қалиев сынды жандарға қарап айтылғандай көрінеді.

Имандылық үйінің күмбезі қайта сырланып, еденіне ламинат төселіп, іші-сыртына толықтай күрделі жөндеу жүргізілді. Мешіт жанынан 50 адамға арналған шағын хатымхана салынып, айналасы көгалдандырылды. Құрылыс жұмыстарына Дәулет Нұрпейісов, Ерболған Батырбеков, Нұркелсін Күздікбаев, Жігер Бәйтенов, Сырым Әкімбеков, Руслан Баекеев, Ерболат Тоқтасын, Азамат Садықов, Мағжан Бекен, Жанат Мұхамеджанов сынды ауыл азаматтары құлшына кірісіп, ізгілік үйін жандандыру үшін ақысыз қызмет етті. Ал Меңтай Қасымова болса әйелдерді ұйымдастырып, құрылысшылардың ас-ауқатын қамдап берді. Ауыл тұрғындары да үйлерінен тамақ жасап әкеліп, қолда бар көмектерін аяған жоқ.

Осылайша жақсылықтың жаршысы бола білген бөрібайлықтар Рамазан айының айт намазын өздері жасаған мешітте оқитын болды.

Қасиетті айда сауапты іс жасап, басқаларға ой сала білген Бөрібай би ауылын елін сүйер ел жанашырларының ауылы десек артық айтқандық емес. Мешіт құрылысының ойдағыдай аяқталуына атсалысқан барлық азаматтарға шын көңілмен алғыс айтамыз.

Меруерт МӘУЛЕТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы