КЕЙБІРЕУЛЕР ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ҚҰРУДЫ ҚҰДАЙСЫЗДЫҚ ДЕП ТҮСІНЕДІ

Уақыты: 18.05.2021
Оқылды: 2105

Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас, конфессиялар арасындағы өзара әрекеттестік, азаматтардың ар-ождан бостандығының деңгейі, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуы, азаматтардың дін саласындағы саясатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы сияқты көп қатпарлы өлшемдердің нәтижесінен құралады.

Қоғамдық санада дін позицияларының күшеюі негізінен оңды бағалануда. Алайда дәстүрлі емес діни табынулардың пайда болуын жұртшылық пен мемлекеттік органдардың көпшілігі ұлттық рухани мәдениетке нұқсан келтіру ретінде қабылдады.

Қазақстанның діни бірлестіктері ішкі саяси тұрақтылықтың, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға орасан үлес қосуда. Бұл бәрінен бұрын Қазақстанның ең ірі діни конфессиялары – Мұсылмандар діни басқармасы мен Орыс праволавие шіркеуіне қатысты. Олар жалпыадамзаттық құндылықтар мен гуманистік мұраттардың ақиқаттығын насихаттай отырып, оңды рухани-адамгершілік міндеттерді орындауда.

Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады.

Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады.

Негізінде зайырлы мемлекеттер дінді мемлекеттен бөлу идеясын ұстанатыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты сөз қозғағанда зайырлылық қағидаты бойынша діни догманы мемлекет заңдарынан алыстату көзделетініне, бірақ дінді қоғамнан бөліп тастау қарастырылмайтынына, оның діни бостандықты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен, кейбіреулер зайырлылықты атеизм (құдайсыздық, дінге сенбеу) бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салса, зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын беретінін ескерген абзал.

Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады.

Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.

Нұрлан ӘДЕТБЕКОВ,

Алматы облыстық дін істері басқармасы Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры

Сурет ғаламтордан алынды