ТЕРІС АҒЫМДЫ НАСИХАТТАЙТЫН МЫҢНАН АСА СІЛТЕМЕ БҰҒАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.07.2021
Оқылды: 1537

Алматы облыстық мәслихатына қарасты дін, тіл, этносаралық қатынас, ішкі және жастар саясаты мәселелері бойынша тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтіп, Жетісу жеріндегі діни ахуал сараланды. Облыс­тық мәслихат депутаты Самал Қабышева ашып, жүргізіп отырған отырыста облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ниет баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Оның сөзінше, теріс діни ағымды насихаттайтын мыңнан аса интернет сілтемесі бұғатталған. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жергілікті халықты интернет кеңістігі арқылы терроризм, діни экстремизм, деструктивті діни ағымдар идеологиясына қызықтыруды азайту бойынша көптеген шаралар қолға алынып, жұртшылықтың діни сауаттылығын арттыруға қатысты біршама жұмыс атқарылып жатыр. Өйткені, технология дамыған қазіргідей кезеңде түрлі әлеуметтік желілер арқылы халықтың санасын улағысы келетін теріс пиғылды ағымдарды қадағалау аса қажет.

Осыған байланысты облыстық дін істері басқармасының мамандары үш бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Оның біріншісі – әлеуметтік желілердегі парақшалар мен «YouTube» арнасында жүретін ақпараттық түсіндіру жұмыстары болса, екіншісі – интернет кеңістігіндегі деструктивті сипаттағы контент қолданушыларымен жұмыс. Ал, үшіншісі – «Киберқадағалау» жүйесі арқылы заңға қайшы сипаттағы контенттерді бұғаттау.

– Бұл бағытта басқарманың және оған қара­сты құрылымдық орталықтардың «Facebook», «Vkontakte», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі «Дін істері орталығы», «dinisteri_almobl», «кris_p_zhetisu» және аудан, қалалардағы мамандардың ресми парақшаларында, «Үoutube» арналарында жыл басынан 8800 материал жарияланды. Оның 495-і мақала, 855-і бейнебаян, 183-і демотиватор, 7265-і ақпараттық материал, – деген Бауыржан Ниет заң бұзушылармен жұмыстың нәтижесіне тоқталды. – Одан бөлек, Whatsapp, Телеграм мессенджерлеріндегі басқарма тарапынан ашылған «Дін мәселелері», «Дінтанушылар», «Ақпараттық-түсіндіру тобы», «Руководители РО», Имамдар қауымдастығы тарапынан ашылған «Рухани азық», «Жетісу жамағаты», «Қарасай жамағаты», «Тағылым», «Сұрақ-жауап» сынды топтарда 6 айдың ішінде 8000-нан аса ақпарат жайғастырылып, халықтың назарына ұсынылды. Сонымен қатар, облыстың ақпараттық-түсіндіру тобының 21 мүшесі мен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамындағы Қайрат Құрманбаев, Ризабек Батталұлы, Жарас Ахан, Оралхан Сейдманов, Елнар Берікбаев сынды мамандардың қатысуымен жыл басынан 460 мыңға жуық адамды қамтыған 1325 іс-шара өткізілді. Оның 1094-і әлеуметтік желілер мен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.

Оның айтуынша, #РЕЛИГИОЗНЫЙСКАН жобасы арқылы Ұйғыр ауданынан бір, Еңбекшіқазақ ауданынан екі, Ескелді ауданынан бір азаматтың «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларда деструктивті діни ағым идеологиясын белсенді түрде насихаттағаны анықталды. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 453 бабы, 2 тармағын бұзу дерегі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Одан бөлек, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын материалдарға қолжетімділікті шектеу, әлеуметтік желілердегі теріс идеологияны насихаттаушы контенттерді анықтау, оларды сараптама нәтижесіне сәйкес бұғаттауға мүмкіндік беретін «Киберқадағалау» жүйесі іске қосылған. Сол арқылы жыл басынан мамандар әлеуметтік желілерде теріс идеологияны насихаттайтын 5364 материал мен сілтемені анықтаған. Соның ішінде сараптамаға жіберілген 4934 материал мен сілтеменің 1182-і бұғатталған.

Комиссия отырысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Қаралған мәселеге орай депутаттар сұрақ қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы