ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІНІҢ БАС ИМАМЫ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 1530

Қадірлі жетісулықтар, сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Айт күндері мұсылмандар Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.

Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Қадірлі ағайын!

Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын қазіргі пандемиялық қиын-қыстау кезеңде мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

Ардақ  ОРАЗБАЙ,

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Талдықорған өңірінің бас имамы