АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛА МА? БАС ИМАМНЫҢ ЖАУАБЫ

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 2064

Талдықорғандағы Журналистер үйінде ұлық мереке – Құрбан айтқа байланысты брифинг өтті. Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Ардақ Оразбай, Талдықорған қалалық «Тәубе» мешітінің имамы Керімбек Дәуітов қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шара Ардақ Нүсіпханұлының алғы сөзімен бастау алды.

– «Құрбан» араб тілінен аударғанда, «жақындау», яғни, жасаған сауапты істер арқылы Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Жалпы, мұсылман жұртшылығында екі ұлық мереке бар. Оның бірі ­Ораза айт болса, екіншісі - Құрбан айт мерекесі. Бұл күн – барша мұсылман бауырларымызды мейірімді болуға, қамқорлық жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырады. Биыл да былтырғыдай эпидемиологиялық жағдайды ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban2021.kz (үстінен басыңыз) арнайы сайтын іске қосты. Енді сайт арқылы әрбір ниет білдіруші құрбандық шалу рәсімін өткізуге өтініш бере алады, ­­­– дей келе, сайтқа әр облыстан 66 маман бекітілгенін айтты.

Сайтқа онлайн тапсырыс қабылданады. Тапсырыс беруші фото және бейне есеп сұрай алады. Құрбандық шалу рәсімін өткізу орнында міндетті түрде барлық қажетті санитарлық шаралар сақталады. Тіпті, сойылатын малдың құжаты тексерілмек. Сонымен қатар, сайтта 17 шілдеден бастап етке де өтінім беруге болады. Бас имамның айтуынша, биыл Алматы облысындағы мешіт аулаларында Құрбан айт намазы оқылады. Облыс қазір "сары аймақта".

Өз кезегінде сөз алған Керімбек Сәрсенбайұлы былтырғы атқарылған жұмысты баяндап, мерекенің еліміздегі маңыздылығы мен құрбандық шалудың әдебі жайында жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп өтті. Жиын соңында қонақтар тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Айта кетейік, биыл құрбандыққа сойылатын бір қойдың бағасы 65 мың теңге болса, ешкі 40 мың, сиыр 370 мың, түйе 800 мың теңге төңірегінде. Бұл - етті жеткізіп беру мен малды соятын қызметкерлердің жұмысын бірге қосқандағы бағасы.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы