ДІНИ БАСҚАРМА ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІНІҢ ӨКІЛ ИМАМЫН АУЫСТЫРДЫ

Уақыты: 23.07.2021
Оқылды: 1525

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін қабылдады. Кездесуде өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығы мен адам баласын ізгілікке бастайтын исламның құндылықтары туралы сөз болды. Сонымен қатар, Талдықорған өңірінің өкіл имамы ауысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы, Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты өңірге жаңа өкіл имам болып Алмас Данағұлов тағайындалған еді. Осыған орай ҚМБД-ның ресми өкілі Нұрбек Есмағанбетов облыс әкіміне бұрынғы және қазіргі өкіл имамды бастап келді.

Қонақтарды жылы қабылдаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы күні кеше ғана мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айт болғанын атап өтті.

– Алматы облысы – үлкен аймақ. Екі миллионнан астам тұрғыны бар. Біз үшін ең басты байлық – халықтың бірлігі, тыныштығы. Бүгінге дейін біз ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлымен бірлесіп, жұмыс істедік. Қаншама игі бастамалар қолға алынып, іске асырылды. Мұндай жұмыстарды біз алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді Амандық Баталов.

Өз кезегінде Нұрбек Есмағанбетов ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, Алматы облысы басшылығының дін істеріне деген жанашырлығын ризашылықпен атап өтті.

– Қайырымдылық шаралары бойынша Алматы облысы алдыңғы қатарда. Мәселен, «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында республика бойынша мұқтаж жандарға барлығы 737 баспана алып берілсе, соның 78-і осы Алматы облысында жүзеге асырылды. Бұл – еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш. Аймақтағы өкілдеріміздің өздеріңізбен бірлесіп атқарған елеулі жұмыстары әлі де жемісін береді деп ойлаймын, – дей келе Ардақ Оразбаевтың «Уақып» қорының президенті лауазымына тағайындалғанын айтты. Сол сияқты өңірдің өкіл имамы қызметін осыған дейін қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы болған Алмас Данағұлов атқаратынын жеткізді.

Ардақ Оразбаев өз сөзінде облыс басшылығы және өңір халқымен бірлесіп жұмыс істегеніне ризашылығын білдірсе, Алмас Данағұлов өзіне артылған міндетті лайықты атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтындығын айтты.

Басқосуда Амандық Баталов елордаға ауысып бара жатқан Ардақ Оразбаевқа Құрмет грамотасын табыстап, жаңа жұмысына сәттілік тіледі. Сол сияқты Алмас Данағұловқа да жаңа лауазымының жемісті болуына ниетін білдірді.

Жалпы, Алматы облысында 476 мешіт бар. Оларда 578 имам жұмыс істейді. Атап өтсек, жергілікті бюджет есебінен теология мамандығына жыл сайын 10 білім гранты бөлінеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"