ТАЛДЫҚОРҒАНДА ДІН ТАҚЫРЫБЫН ЖЫРЛАҒАН АҚЫНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 09.09.2021
Оқылды: 1440

Алматы облыстық дін істері басқармасы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыратын «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» атты жыр мүшәйрасы биыл да жалғасын тапты. Осы жолы жыр жүйріктері өз өлеңдеріне айтулы мерекелер – Тәуелсіздіктің 30, Жамбыл Жабаевтың 175, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын арқау етті.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Ниет әділқазылар алқасына алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтады. 

Байқау жарияланғаннан бастап әлеуметтік желілер мен басылым беттеріне хабарландыру беріліп, мүшәйраның шарты бойынша 18 бен 39 жас аралығындағы өтінім берушілерге бұған дейін ешқандай баспа бетінде жарияланбаған және жинақтарға енбеген әрі тақырыпқа сай екі өлең жіберу керектігі ескертілген. Әділқазылар алқасына материал авторлары көрсетілмей жіберіліп, қорытынды шығарылды.

Әділқазылар алқасының атынан сөз алған Алматы облыстық «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев жыр мүшәйрасының ережесі талаптарына сәйкес, қатысушылардың жіберген шығармаларын талқылау барысында оның тақырыбының ашылуына, өзектілігіне, мазмұнына баса назар аударылып, жүлдегерлерді анықтағандарын айтты.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Данияр Сейсенбаев жеңіп алса, ІІ орынды Шыңғыс Айдын иеленді. ІІІ орыннан Әмина Адайхан көрінді. Ынталандыру сыйлықтарына Мәулен Әнербай, Айғаным Айтақын, Еңлік Арықбай иелік етті. Барлық жеңімпаз қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ