ҚАЗАҚТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІ ҚҰРАНМЕН ҮНДЕСІП ЖАТЫР: БАС ИМАМНЫҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 20.09.2021
Оқылды: 1502

Салт-дәстүр біздің қанымызға әбден сіңген ұлт болашағы мен ұрпақ тәрбиесінің мызғымас діңгегі іспетті. Батыр бабалардан қалған қаншама дәстүріміз бар?! Бір ғажабы, сол дәстүрдің бәрі Ислам дінінің қайнар көзі – Құран мен сүннетпен үндесіп жатқаны.

Ислам қазақ даласында мың жылдан астам уақыт өмір сүрген болса, сол кезеңнің бәрінде салт-дәстүр дінмен біте-қайнасып кеткенін көреміз. Тіпті, дін мен салт-дастүрді айыру қиын болған жағдайлар көптеп кездеседі.

Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың). Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде, сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы)», – деп өзінің берген нығметін баяндайды. Бұл аятта Алла Тағала адам ұрпағын ұлттар мен ұлыстарға бөлгенін ұғындырып, сол арқылы бір ұлттың толық қалыптасуы үшін міндетті түрде оның тілі, діні, салт-дәстүрі болуы керектігін білдірген.

Міне, қазақы салт-дәстүрдің ұлттық құндылықтағы орны ерекше дейтініміз сондықтан. Оны көрген кез келген халық тамсана таңдай қағып, бас шайқайды. Осы орайда ерекше бір жағдайды баяндағым келеді.

Тәуелсіздіктен кейін мемлекетіміз дінге аса мән беріп, елімізде діни оқу ордаларының негізі қаланды. Соның бірден-бір мысалы Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті дер едім. Бірде университетке оқытушы болып келген ұстазды әріптестерінің бірі үйіне қонаққа шақырады. Үй иесі құрметті мейманның алдына үйме табақ ет қойып, пышақтың сабын қонаққа қаратып ұсынады. Ұлты араб қонақ қайран қалып:

– Сен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдар арасында ұмыт болған сүннетін қайдан білесің? – деп таңдана сұрайды. Сонда ағамыз:

– Ол сүннетті білмейді екенмін, бірақ, біздің дәстүрімізде қонаққа әдеп ретінде пышақты осылай ұсынады, – деген екен. Міне, халқымыздың Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлағатын ғасырлар бойы болмысына сіңіргенінің дәлелі.

Әбу һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: «Сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмай бару және түшкіргенге «йәрхамукаллаһу» (Аллаһ сені рақымына бөлесін) деп айту», – дегені бізге жеткен. Міне, осы хадисте айтылған бес хақыны қазақ халқы ерекше бағалаған.

Бірінші – салт-дәстүрден ойып орын алған сәлем берудің жолы біз үшін өте ерекше. Тіпті, кей адамдарды: «Сәлем беруге де жарамады», – деп сөккен аузы дуалы қарияларға дәстүр аттаған жастарды жетелеп апарып, сәлем бергізген. Сол арқылы өскелең ұрпақ бата алған. Ал, сәлемдескен кезде жөн сұраушы мал-жанның, ауыл-аймақтың амандығын сұрап, тыныштық, бейбітшілік, ырыс-құт, бақ-береке тілейтінін ұғындырған.

Екінші – науқастың халын сұрап, көңілін аулау ата-бабамыздың салт-дәстүріне кірігіп кеткен жақсы әдет. Тіпті, ауырып жатқан адамның көңілін сұрамаған жанның: «Кейін бір жерден көргенде ұят болады», – деп ыңғайсыздануын мысал ретінде алуға болады. Әдетте ауырған кісі жанына жақын, жанашыр пейілді адамды іздеп отырады. Сондықтан, науқасқа арнайы барып хәл сұрау маңызды.

Үшінші – жаназаға қатысу. Қазақ халқы жаназаны қатты құрметтеген. Дүние салған адамды ақтық сапарына шығарып салу үшін күншілік жерден қосарлы атпен жеделдетіп келгенін әдеби шығармалардан білеміз. Жаназаға қатысып, көңіл айтуды әркім өзіне міндет деп санаған. Жерлеуге қатыспай, марқұмның жақындарын басқа бір жерден көрсе, өзін кінәлі адамдай сезініп, бетіне қарай алмаған.

Төртінші – шақырған жерден қалмау. Қандай жерге болмасын, халқымыз шақыруды қабыл алып, ерекше мән берген. Кім шақырса да барған. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дегенді де текке айтпаса керек. Кез-келген адамның шақыруын аяқсыз қалдырмаған. Тіпті, той-томалақ, қуанышты жиын секілді басқосуларға шақырмаса, реніш білдірген.

Бесіншісі – түшкіргенге жауап беру. Шындығында түшкіргенге жауап беру – Аллаға мадақ айту! Ал, ел ішінде сәби бала түшкірсе: «Жәрәкімалла! Аққас! Рас екен!» – деп әлдебір әңгімені қуаттап отырған. Бұл сүннетті жаңғыртқандық болса керек.

Міне, халқымыздың бойында хадис пен дәстүр үндестігі осылайша көрініс тауып, керемет өнегеге айналған. Сол арқылы бабаларымыз жастарды дәстүрмен сіңген Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне баулып отырған. Ертеректе үйге қонақ келсе, үй иесі қонаққа құрмет ретінде ұл баласына жез леген ұстатып, құманмен қолға су құйдырған. Мұндай салт-дәстүр баланы кішкентай күнінен елге, халыққа қызмет етуге баулып, еңбекқорлыққа үйретеді. Олай болса, ұлттық салт-дәстүріміздің діндегі орны айрықша және оның негізі діннен деп айта аламыз.

Жаратқан Жаббар Иеміз тәуелсіздігімізді баянды, дініміз бен дәстүрімізді мәңгілікке бекем еткей.

Мұхамет ОРДЫБАЙ,

Ескелді ауданының бас имамы

Алматы облысы