АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ ЖАЙЛЫ ИСЛАМДА НЕ АЙТЫЛҒАН? БАС ИМАМНЫҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 28.03.2022
Оқылды: 2205

Ислам діні әйелдерге, қыздарға асқан сүйіспеншілікпен қарауға шақырады. Сондықтан Исламда әйелдің орны ерекше. Алла Тағала сіздер мен біздерді ананың құрсағында, үш қараңғылықта жаратып, дүниеге келтіргеніне сансыз шүкірліктер мен мақтаулар айталық. Өйткені, бізді әлпештеп өсірген ата-анамыз. «Дүниедегі ең бақытты жан кім?» дейтін сұраққа жауап іздер болсақ, әке-шешесінің мейірімін, қамқорлығын, жылуын сезіп өскен адамдар бақытты екендігін көреміз.

Бірде Абдолла ибн Масғут атты адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Алланың алдында қандай амалдар абзал?» - деп сұрайды. Мұхаммед (с.ғ.с): «Уақытында оқылған намаз, ата-анаға жақсылық, Алла жолында жасалған жиһад», – деген жауап береді.

Байқасаңыз, Алла жолында күресу – ата-анаға деген құрметтен кейін тұрады. Демек, ата-анаға деген құрмет – баршаның перзенттік борышы. Аналарды құрметтеп, аялайық. Бір күндік мерекеде ғана емес, 365 күн бойы ананы разы етсек, Алла Тағала да бізден разы болады. Екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығы, ата-ананың ашуы – Алла Тағаланың ашуы», – деген. Бізге жеткен сахих хадистерде пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім таң атқаннан кеш батқанға дейін ата-анасына жақсы қарап, жақсы мәміле жасаса, оған Алла Тағала жәннаттың екі есігін ашып қояды. Кімде-кім ата-анасының тілін алмай, сөз қайтарып, ренжітсе оған Алла Тағала тозақтың бір есігін ашады», - деген. Яғни, жәннаттың қақпасы саналатын ата-анаға көрсеткен ықылас-пейіліміз Алла Тағалаға жасаған құрметіміз болады.

Ахмадтың хадистер жинағында: «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: зұлымдыққа ұшырағанның, жолаушының, ата-ананың дұғасы қабыл», – делінген. Демек, тілеуімізді тілеп отыратын абзал жандардың дұғасы өміріміздің мәнді де мағыналы, сәттілік пен жақсылыққа толы болуына ықпал етеді екен.

Ислам діні келмей тұрып, қыз баланы мүлік сияқты санаған араб елінде абыройыма дақ келтіреді деп тірідей көмген кездер болыпты. Дін таралған соң көпшілікке қызға құрмет көрсетіп, ананы сыйлау тапсырылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арнайы келіп: «Иә, Расулалла, менің анам алдымда қартайды, анама көп жақсылықтар жасадым. Дәрет алғыздым, аяқ-қолын жудым, жуындырдым, тамағын әзірледім. Анамның ақ сүтін ақтай алдым ба?» – деп сұраған сахабасына: «Жоқ, сен анаңның ақ сүтін ақтай алмадың, ең болмаса, толғағын да ақтаған жоқсың. Бірақ сауапты іс жасаған екенсің, Алла Тағала разы болсын!» – деп жауап берген.

Фархан Саниджи деген кісі: «Қасында әке-шешеңнің бірі болған жағдайда тек екеуіңнің рұқсатымен ғана сөйлеп, артынан еріп жүруің керек, атаңның немесе анаңның алдына шығып кетпеуге тиіссің. Құл қожайынның артында қалай жүрсе, сен де атаңның немесе анаңның артынан 1-2 қадам артта жүруің керек!» – деген.

Түн ұйқысын төрт бөліп, тар құрсағын кеңітіп, ағаш бесік таянып, сіз бен бізді дүниеге әкелген ананың орны тіпті ерекше. Халқымызда анаға қатысты жақсы мақал-мәтелдер бар. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзге мән берер болсақ, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, ер-азаматтың бойына даритын адамгершілік, отансүйгіштік, әдептілік сынды қасиеттердің анадан берілетініне көзіміз жетеді.

Анаға құрмет қылуды естен шығармаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) анасының басына жиі барып, зиярат ететін, дұға жасайтын. Қасиетті Құранда аты аталатындықтан Әсия, Мария аналарға, Хадиша, Айша анамызға құрмет ретінде дұға бағыштап отыратындығымыз сондықтан. Дін үшін күйеуіне бойұсынып, Алла Тағаланың разылығына бөленген әйелдер қаншама?! Тіпті, Ислам діні жаңадан жарияланған уақытта көптеген әйел жанын пида қылып, ғазауатқа қатысқан. Өз елімізге қарайтын болсақ, кешегі Құнанбай атамызды дәретсіз емізбеген Зере анамыз қандай болған десеңізші?! Елге ақыл айтып, даралығымен, даналығымен көзге түскен Домалақ ана, Ұлпан, Ұлжан аналарымыз көпке үлгі болған.

Ер мен елді ынтымақта ұстаған аналарымыз да көп. Халықтың бірлігін, ынтымағын ойлаған Дарабоз анамыз ел ішіндегі дау-дамайға араласып, татулықтың сақталуына үлес қосқан. Ескелді би мен Балпық би аталарымыз өзара салқын қабақ танытып қалған шақта Дарабоз ана екеуін тамаққа шақырып, бір ыдыспен тамақ ұсынып, ортаға бір қасық қойыпты. Сонда бір қасықпен ас ішкен бидің бірі екіншісі шалқасынан қойған қасықпен тамақтан ауыз тиіп, қасықты төңкеріп қойған екен. Яғни, «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп өзара ренішті ұмытып, татуласыпты. Бір ыдыстан тамақ ішу – ынтымақ, бірлікке шақырудың белгісі. Ескелді атамыздың Дарабоз анамызға қарата: «Ел мен елді қосатын – қыз әулие, астың дәмін кіргізер – тұз әулие», - деген жақсы сөзі бар.

Жаугершілік заманда көптеген аналарымыз атқа мініп, бала-шағасын аман сақтап қалған. Әжелер мектебінің тәрбиешілері батырлар соғысқа кеткенде «батыр бір оқтық» деп, жігіттерді үйлендіріп, ұрпақ өсірген. Сол ұрпақты ел-мен жерді қорғау үшін соғыс тәсіліне үйретіп, жастайынан атқа мінгізіп, отансүйгіштікке тәрбиелеген. Талай жанның ғұмырын қиған ашаршылық кезінде аналарымыз баласын қызғыштай қорғаған. Екінші дүниежүзілік соғыста Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова апаларымыз ерлермен қатар жүріп, Отанды қорғауға қатысты. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сынды қыздарымыз тәуелсіздік үшін күресте асқан ерліктің үлгісін көрсетті.

Ата-анаға көзі тірісінде қызмет қылсақ, зор сауап аламыз. Дүниеден өтіп, қайтыс болған соң басына үлкен қорған тұрғызып, зәулім күмбез қойып құрметтеп жатады. Тірі кезінде бір көйлек әпермей немесе анам еді-ау деп жылы сөйлемей, өлгеннен кейін жасаған қызметінен не пайда?! Ондай адам Алладан қорқып жасаудың орнына адамнан ұялып: «Бәленше анасына қорған тұрғызбапты, тас қоймапты, ас бермепті» деген сөзге қаламыз», – деп жатады. Бұл өзін көрсету үшін жасалған мақтангершіліктен өзге ештеңе емес. Одан ешқандай сауап жоқ. Сондықтан ата-ананы тірісінде құрметтеп, жақсылық жасау – перзенттік парыз. Қарға екеш қарға да қартайған анасына аузымен тамақ береді. Қозы енесін емген кезде тізерлеп, анасына құрмет көрсетіп жатады. Құрметті ағайын, тірі күнімізден анамызды сыйлауды нәсіп етсін!

Алла Тағала берген ақыл-санамызбен ойланып, хайуани жаман әдеттен тыйылып, ата-анамызға мейіріммен, рақыммен қарауымыз керек. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде: «Ата-анаңның бірі көз алдыңда қартайса: «Түһ!» - деп кейімеңдер! Оларға: «Ей, Алла! Менің кішкентай кезімде қалай мәпелеп баққан болса, әке-шешемді сондай рақметіңе бөлей гөр!» - деп жақсы дұғада, мәміледе болыңдар», – дейді.

Қазір кейбір тасбауыр адамдар әкелерін, аналарын шетке қағып немесе қарттар үйіне өткізіп, анам, әкем еді-ау деп көңіл бөлмей, қайғы-қасірет шектіріп жатады. Алла Тағала оларға хидаят берсін! «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, ата-анамызды көзі тірісінде сыйламасақ, қадірлемесек қалай болады?

Қартайғанда бала сияқты болып қалатын ата-ананың бір нәрсені қайталап сұрай бергеніне кейімей, сабырлық танытайық. Ата-анамызға мейірімді болып, уақыт бөліп, перзенттік борышымызды өтесек, Алланың рақметіне, жақсылығына бөленеміз. Ата-анамызды дастарқан басында төрге отырғызып, көз көрген адамдарын дәмге шақырып, сый-сияпат жасап қоятын болсақ, Алла Тағала бізге де разы болады.

Баршамызға әке-шешемізді тірісінде құрметтеп, ақ батасын алуға Алла нәсіп етсін!

Әбудардан ТАЛАСБАЙ,

Үштөбе қаласының бас имамы

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды