ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ НЕШЕ ПАЙЫЗЫ ДІНГЕ СЕНЕДІ? АТЕИСТЕРДІҢ ҮЛЕСІ ҚАНША?

Уақыты: 10.04.2022
Оқылды: 1753

Дінтану ғылымында діндерді әлемдік, ұлттық, синкреттік деп қарастырады. Әлемдік діндердің қатарына жер шарының барлық мемлекетіне кеңінен таралған Буддизм, Христиандық, Ислам дінін атап айтуға болады. Ұлттық діндердің қатарына Иудаизм (еврей ұлтының діні), Синтоизм (жапон халқының діні), Индуизм діндерін жатқызуға болады. Аталған діндердің барлығы белгілі ұлттар мен қауымдардың дәстүрлі діндеріне айналып, мәдениеті мен тарихына ықпал етіп ұлттық болмыстарын қалыптастырған.

Қазақ халқының дәстүрлі діні болып Ислам діні саналатыны белгілі. Ислам діні қазақ даласына VІІІ ғасырда таралып, ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызға, әдет-ғұрыптарымызға, тұрмыс-тіршілік, әдебиет, өнер сынды көптеген салаларға енген.

Осы орайда «Дін мен мәдениеттің ұласқаны қаншалықты тиімді?»  деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Орта Азияда классикалық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс философиясы тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды. Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда Ясауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи зор үлес қосты.

Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынды. Қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады. XVI-XVII ғасырларда Орта Азиялық елдермен бірге қазақтардың экономикалық және мәдени даму байланыстары Қазақстандағы исламның қарқынды таралуына және әсер етудің күшеюіне жағдай туғызды.

Қазақ хандығының тұрғындары исламның ханафиттік-суниттік бағытын ұстанды. Сонымен қатар халық өмірінде ислам діні мен шаманизмнің, тәңіршілдіктің кейбір элементтерінің байланысы байқалып тұрды. Қазақ мемлекеті құрылған уақыттан бастап мұсылман құқықтық нормасына сүйенді. Керей мен Жәнібектен бастап, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін барлық қазақ хандары шариғат заңдарын берік ұстанды. Тәуке ханның бекіткен «Жеті жарғы» заңдар жинағы исламның қоғамдық өмір мен құқықтық тәжірибеге дендеп енуіне айтарлықтай ықпалын тигізді.

Ислам дінінің құндылықтары мен сенімдік көзқарастарды қазақ халқына насихаттау және ағартушылық жолында қазақтың атақты тұлғалары, ақын-жазушылары, ағартушы ғалымдары мен Алаш зиялылары елеулі үлес қосқан. Ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин «Мұсылмандық тұтқасы» еңбегінде мектеп жасындағы оқушылардың зейінін исламның ғылым сәулесінен үйренуге шақырған. Этнограф ғалым Шоқан Уалиханов та мұсылмандық дәстүрлердің қазақ даласына түсіндіруде бірнеше еңбек жазған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» еңбегінде қарапайым халықтың діни сауатын көтеру мақсатында иман, ислам, ихсан, ғибадат, діни құлшылықтардың мәні мен мақсатын  насихаттаған ұлы тұлғалардың бірі болған. Абай Құнанбайұлы өзінің шығармаларында діни ағартушылық, пайдалы білім, ғылым, өнердің маңыздылы туралы еңбектер жазып, мұсылман жұртына діннің негіздерін кеңінен насихаттаған.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни ахуал тұрақты. Мемлекеттік органдар мен заңды тіркеуден өткен діни бірлестіктердің қарым-қатынасы заң аясында реттелген. Конституциялық және саяси тұрғыда Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, біздің қоғамда діндарлықтың өсу үрдісі бар екені баршаға белгілі. Әртүрлі әлеуметтанулық өлшемдерді жинақтағанда бүгінгі күні ел тұрғындарының 85 пайыздан астамы өздерін дінге сенушілер қатарына жатқызады, 20 пайызын діни рәсімдерді орындайтын азаматтар құрайды. Қазақстандықтардың қалған бөлігі – дінге сенбейтіндер немесе атеистер мен агностиктер.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан аумағында жиырма мыңға жуық деструктивті ағымдардың мүшесі бар екені туралы жарияланған болатын. Аталған деструктивті діни ағымдармен тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру шаралары, алдын алу мәселелері дінтанушы, теолог мамандар тарапынан жүргізілуде. Қазақстанның барлық өңірінде әкімдіктер құрамында Дін проблемаларын зерттеу орталықтары құрылған және де деструктивті ағымдардың мүшелерін оңалтуға, дәстүрлі құндылықтарға бейімдеуге бағытталған  жұмыстарын жүргізіп келеді.

Жастардың арасында еліміздің дәстүрлі құндылықтары мен мәдениетіне толығымен бойұсыну, түсіну, іске асыру жолдары толығымен қалыптаспағаны анық. «Қаңтар оқиғасында» орын алған қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік салдарында мәдениет пен құндылықтарымызды толығымен түсінбеген кейбір жастардың бар болғаны анық көрінді. Осыған орай, еліміздің ауыл аймақтарында, өңірлерінде мектеп жастағы оқушылар арасында дәстүрлі құндылықтар мен мәдениетімізді насихаттап, жастар арасында тарихи сананы қалыптастыру маңызды қадам болар еді.

Қазіргі таңда, әлемдік жаhaндану заманында ұлттық құндылықтар мен рухани ізденістердің орнын – жасанды ойлар, білім, ғылым, адал еңбектің орнын – тұтынушы психологиясы арқылы адамды глобалды коммерциялық корпорациялар, ақпараттық тасқынның ықпалымен терең ойлау, сыни пікір, рухани құндылықтардың орнын – виртуалды сенімдер мен жалған иллюзиялар арқылы тәрбиелейтін медиа құралдары толтыруда. Жастардың тәрбиесі «Инстаграм», «Тик ток», «Ютубтан» басқа дәстүрлі құндылықтар шеңберінде ХХІ ғасырдағы Қазақстанның жаңа буынында руханият пен мәдениеттің рөлін арттыру керек екені сөзсіз.

Осы орайда, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз жастарды заманның жаңа технологиялары арқылы халықтың тарихын, мәдениетін, өнеге алатын ұлы тұлғалардың, Алаш зиялыларының еңбектері арқылы тәрбиелік маңызы үлкен туындыларды жүзеге асырудың қажеттілігі орасан зор болып табылады.

Шағырбай АЛМАСБЕК,

Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры, PhD докторы