АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАС ИМАМНЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 14.04.2022
Оқылды: 1390

Көксу ауданы Мәмбет ауылында Қаратал ауданы Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы Әбудардан Таласбаевтың «Дінді сүйсең мухсин бол» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Рухани кештің алғашқы сөзін алған белгілі журналист, «Өлке тынысы» ЖШС контент-менеджері Жұмахмет Жайлаубаев:

– «Өз ұлы өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс атамыз айтқандай, өз ұлдарыңыздың еңбегін елеп, кітабын елге таныстырайық деген ауыл жұртшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл кітаптың ерекшелігі көп. Мұнда біз мән бермейтін, күнделікті өмірде ойымызға келе бермейтін тың дүниелер жазылған. Мәселен, ислам діні қалыптастырған жалақы беру жүйесі, барлық балаға бірдей тәрбие беру керектігі жайлы мәліметтер өте қызықты. Кітаптың алғашы бөлімі – арнау өлеңдер. Дін тарату жолында өлеңнің ерекше рөлі бар. Батыстың бір ғалымы қазақ жеріне дін таратуда «Жұмжұма» дастанының рөлі ел аралап жүрген 100 молдадан артық болды», – депті. Яғни, дастан арқылы дінді насихаттау қазаққа жеңіл болған, – дей келе, кітаптың маңыздылығы мен болашаққа берер тәрбиесі жайына тоқталып, авторға ізгі тілегін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған автор:

– Бұл кітапты жазу мақсатымыз жастарымызға ислам асыл дін екенін насихаттау. Кітаптың атын «Дінді сүйсең мухсин бол» деп қойдым. Мухсин деген – Аллаға құлшылық етуші адам. Адам баласы жақсылықты еселеп жасап, жамандық істесе, мені Алла көріп тұр деп тыйылуы керек. Яғни, Алладан қорқып, адамнан ұялып өмір сүрген жөн. Ислам – бейбітшіліктің, жақсылықтың діні. Болашақ ұрпағымыз кітапты оқып, аз да болса өзіне керегін алса, бұл мен үшін үлкен қуаныш, – деп кітаптың шығуына қаржылай көмек көрсеткен Үштөбе қаласының азаматтарына, дін саласының жанашырлары Бауыржан, Мұрат есімді ағаларына алғыс білдірді.

Осыдан кейін шараға қатысушалар жеке-жеке сөз алып, ақжарма тілегін ақтарды.

Айта кетейік, «Үш қиян» баспасынан шыққан 200 дана кітап тегін таратылды. Тәлімі мен тағылымы мол туындының алғашқы бөлімінде бас имамның дінге қатысты жазған арнау өлеңдері топтастырылған. Қалған бөлімдерінде ата-ана, бала-шаға ақысы, жомарт жандар жайлы мақалалар мен құнды насихаттар жазылып, жаман әдеттерден арылудың жолдары көрсетілген. Барша оқырман қауымға арналған еңбектің ұстаз бен шәкіртке, жалпы жұртымызға берер тағылымы мол.

Дін саласында ғана емес, облыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып жүрген Әбудардан Таласбайұлы – Қаратал ауданының Құрметті азаматы. Алматы облысында Құрметті азамат атағын алған алғашқы имам. Бас имам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына:

Бүгінгі Жолдау анық тым,
Көңілінен шықты халықтың.
Тың бастамасы керемет, 
Көш бастаған алыптың.

Дінмұхамед атамыз,
Қонаевтың аты аңыз.
Қапшағай деген қаланы,
Енді осылай атаңыз.

Мән беріп әрбір салаға, 
Көз тастап әркез жаңаға.
Жолдаудан небір ой түйдік,
Сілкініс беріп санаға.

Жаңа Қазақстанды құрамыз,
Еңбекке дайын тұрамыз.
Казинолардан арылып,
Жаңғырсын қазақ мұрамыз!

Тазарсын жаттың уынан,
Арылсын мастық буынан.
Жолдауға қолдау білдіріп, 
Халқыммен бірге жұмылам,
– деп өлеңмен үн қосты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Көксу ауданы

Алматы облысы