ТРАКТОР ТҰРАТЫН ГАРАЖДА НАМАЗ ОҚЫП КЕЛГЕН ЖАМАҒАТ ЖАҢА МЕШІТКЕ КӨШТІ

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 1438

Ауылын гүлдендіру ары таза, жомарт, ақжүрек азаматтың абыройы. Бүгінгі таңда өз қаржысына мешіт, жол, балабақша, Спорт сарайларын, тағы басқа да әлеуметтік нысандар салып беріп жүрген қалталы азаматтар аз емес. Солардың бірі – балалық шағы өткен Сүптай ауылына салдырған мешіттің ашылу салтанатын ауылдастарымен бірге тойлаған Әділхан ЖАПАРҚҰЛОВ.

Осыдан он шақты жыл бұрын арнайы мемлекеттік бағдарламамен болашағы жоқ елді мекендер санатына еніп, біршама тұрғыны Жаркент қаласы мен жаңа бой көтерген Нұркентке көшірілген Сүптай ауылының тұрғындары мешіт үйі болмағандықтан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұжымшар бригадасының машина-трактор тұрағы болған орындағы көне жүргізушілер үйін құтханаға айналдырып, қысылып-қымтырылып мұсылмандық парызын өтеп жүрген болатын.

Ауылдастарының осындай қиындығын көрген Алматы қаласында тұратын кәсіпкер Әділхан Тұрғанғазыұлы балаларымен бірге жаңа мешіт құрылысын бастағанына бірер жыл болған. Елді жайлаған індетке байланысты құрылысы толық аяқталған мешіт үйін пайдалануға беру кешеуілдеп, биылғы көктем мезгілімен тұспа-тұс келді.

Жаңа мешіттің ашылу салтанатында алдымен Құран оқып, бата арнаған Панфилов аудандық мешітінің бас имамы Серік Шәріпұлының дұғасына шараға жиналған жамағат қол жайып, тілеулестік танытты. Салтанатты сәтте Жаскент ауылдық округінің әкімі Мұқтархан Сарпеков, облыстық мешіттің найб имамы Ережеп Жардыбайұлы, ауылдастарына мешіт салып берген Әділхан Жапарқұлов, ауыл ақсақалы Тілепалды Шынтаев сөз сөйлеп, ауылдастарын жаңа мешіттің ашылу салтанатымен құттықтады. Жиналған жамағатқа Оспанбай ата бата берді.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев жақында Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесу өткізгенде 195 оқушысы көне балабақша үйінде білім алып жүрген осы Сүптай ауылына жаңа мектеп салуға көмектесетінін айтқан болатын. Жаңа мектеп салынса, Мәдениет үйі мен балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілсе жұртта қалып жүдеген сүптайлықтардың жағдайы жақсаратыны сөзсіз.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы