БАС МҮФТИ ШОШАНАЙДАҒЫ ШӘКӘРІМ МЕШІТІНЕ КЕЛДІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 31.08.2022
Оқылды: 1426

Өткен сенбі күні қасиетті Қарадала мекенінде, Кетпентаудың етегінде, асқақ шыңдардың бауырында, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Шошанай ауылында руханиятымыздың асыл діңгегіне айналған ұлт перзенті Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы атындағы мешіт ашылды. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ мен Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ қатысты.

Әңгімеміздің әлқиссасында мешіт ашқан ауылдың атын атап, түсін түстеп, нақтылап айтпасақ, Шәкәрім қажының аты аталғаннан кейін бірден Шыңғыстаудың аймағы, Семей өңірі, ақын атамыз мәңгілік бесік еткен Жидебай жазығы ойымызға орала кететіні сөзсіз. Бірақ бұл игі шара Алматы облысындағы тарихи атауы Қарадала дейтін қойнауы құтты, топырағы құнарлы, суы шипалы аймақта өтті.

Шыңғыстаудың бір шыңындай болған Шәкәрім қажы - иісі қазаққа ортақ тұлға. Дала ділмарының есімін шалғайдағы Шошанай ауылындағы мешітке беру – осы елдің бар қазақты бір қазақтай көріп, ұлттың тұтастығына бағытталған жарқын қадамы деп бағаласақ, артық айтқандық емес. Ер Махамбеттің «Исатай басшы, мен қосшы» дегеніндей, мұндай өнеге болар игі іске бір адамның мұрындық болғаны анық. Қалған жұрттың жұдырықтай жұмыла кетуі ауылдың береке мен бірлігінің, жарасымды тірлігінің нәтижесі.

Оған да сол күні көз жеткіздік. Қазақ театр өнерінің тарланы, сахнаның саңлағы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс көптен бері көкейінде жүрген арманының орындалуына өзі бастамашы болып, ауыл ақсақалдары батасын беріп, аға буын мен жастары бірауыздан қостап, қолға алған Алланың жердегі үйі саналатын мешіт құрылысына «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры бас демеушілік жасапты.

«Көп тілеуі – көл» деген осындайда айтылса керек. Жұдырықтай жұмылған ел бірлігінің арқасында 120 кісіге арналған, 150 адамдық қатымханасы, ас пісіретін қазан-ошағы орналасқан бөлмесі, дәрет алатын орны бар, ауласы жасыл желекпен абаттандырылған мешіт салтанатты түрде ашылды.

Ең әуелі жеті күннің сұлтаны қасиетті жұмада мешітке қолдау көрсеткен атымтай жомарт азаматтарға алғыс айтып, елдің ықылас-пейілі ретінде сый-сияпат жасалды.

Бір айта кетерлігі, мұндағы құрмет демеуші болған жандардың ата-аналарына көрсетілді. Баласының жақсылығын көруден артық қуаныш бар ма, шіркін?! Мешітке баласы жәрдемдескені үшін дүйім жұрттың алдында асқар тау әке мен аяулы ананы сахна төріне шығарып, иықтарына шапан жауып, камзол кигізіп, мешіт бейнеленген үлкен картиналар сыйға берді.

Осы күнгі шараға арнайы барған дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарға мешіттің қадір-қасиеті жайлы уағыз-насихатын айтып, жамағатпен алғашқы жұма намазын өткізіп, құран бағыштап, дұға жасады.

Ал сенбі күні алыс-жақыннан келген мыңдаған жұрт алдында ақсарай мешіттің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Бірінші Құран оқылып, бата берілгеннен кейін бас мүфти Наурызбай қажы ақжарма сөзін арнады. Шалғай ауылдың имани шырағын жаққан қасиетті орынға айналып, іші тек намаз оқитын емес, ұрпақты имандылыққа тәрбиелейтін орын болуына тілегін жеткізді.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы да құттықтау сөзін арнап, иманды ұрпақ аймақтың ғана емес, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосатынын айтып, игі бастамаға қолдау көрсеткен барша азаматқа алғыс білдірді. Аудан мен ауыл ақсақалдары атынан Ызғарбек Бектұрсынұлы мен Қалабай Төлегенұлы жердің тарихы мен елдің береке-бірлігі жайлы салихалы сөз айтып, облыс басшысына елдің аманатын жеткізіп, қызметіне табыс тіледі.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Алматы облысы