АТА ЗАҢ МЕН АСЫЛ ДІННІҢ ҮНДЕСТІГІ

Уақыты: 14.10.2022
Оқылды: 2035

Алла Тағаланың әміріне бой ұсынатын, кез келген тура жолдағы мұсылман ең әуелі қасиетті Құран мен хадиске, қала берді, ижмағ пен қиястың үкіміне жүгінетіні белгілі. Алайда осы аят-хадисті қате түсініп, бұрмалап жүргендердің бар екені ащы да болса шындық.

Әрине олар өздерінің артында бір алпауыт күштердің көмескіден көсеу тастап тұрғанын түсінбейтіні өкінішті.

Ислам сөзі – бейбітшілік деген мағына беретіндіктен ешқашан берекені бұзып, бірлікті кетірмеген. Керісінше, татулықты ту етіп, бірліктің бесігін тербеткен бірегей дін.

      Ислам дінінде бейбіт келісім жолдары жабылған жағдайларда ғана елін, жерін қорғау үшін патшаның жарлығымен соғысуға рұқсат беріледі.  Тыныштықтың туы тігіліп, бейбітшіліктің бесігі тербелген жерде соғысқа мүлде жол жоқ. Қарсы тарап соғысты тоқтатып, келісімге келуді көздесе, мұсылмандар қарсылықсыз қабылдауы тис. Бұл туралы Құранда айқын аяттар бар. Ал соғыстан бас тартудың өзі адамның өмір сүру құқын қорғаудан туындап отырғаны басқа да хадистермен сипатталған.

       Зайырлы еліміздің Ата Заңына үңілсек, ол да осы  Ислам пікірімен сәйкес келеді. Айталық, ата заңымыздың 8-бабында: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады»,деп әлемде бейбітшілік пен келісімге деген ұстанымын айқын айтқан.

       Ата заңымыздың 14-бабы 2-тармағында тағы да: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», – деп адам құқын сақтаудың заңдық негізі нақты жазылған. Міне, ата заңымызбен ата-бабамыз мойынсұнған Ислам діні бейбітшілік пен адам құқын қорғау сияқты мәселелерге қатысты басты бағытында өзара ұқсастық, сәйкестік өте көп. Мұны Исламның негізі болған аят-хадистер мен еліміздің зайырлыққа құрылған заңынан анық аңғарамыз.  
     Ислам діні тыныштық орнаған орта түгілі,  соғыс өрті өршіген өңірде де озбырлыққа орын бермейді.  Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) елін қорғау үшін жорыққа аттанар алдындағы сахабаларына: «...араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер», – деп қатаң ескерту жасаған.

       Ал ата заңымыздың 17-бабы 2-тармағында: «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқалай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге немесе жазалауға болмайды», деп адамдарға зорлық-зомбылық жасауға, оларды тығырыққа тіреуге тыйым салған.

        Ислам діні де осындай адамдық қасиеттерге айрықша назар аударған. Тіпті, қақтығыстар орын алған ортаның өзінде өзгені өзіндей санау сүннеттің сүлейі болмақ. Оған мына бір хадис айқын айғақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне қарсы соғысып жатқан жауларына қарғыс айту былай тұрсын, тіпті, оларға: «Алла Тағалам, олар Сенің құлдарың, біз де Сенің құлдарыңбыз...», «Алла Тағалам, олар білмейді, Сен оларды кешіре гөр!», – деп дұға жасап, оларға игі тілек тілеген.

       Ислам – бәз біреулердің бәлдір-батпағында суреттелгендей, сүреңсіздік пен қатыгездікке, суық қаруға қолартқан дін емес.  Керісінше, жамағатын жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырып, қиыс кеткенін қисық жолдан қайтаратын хақ дін екенін, қан төгуге қатаң тиым салатын, ізгілік пен ілтипат үстіне құрылып, құтты құндылықтармен қабырғасы қаланғандығын және нақақ адам өлтіру ауыр күнә екенін аят хадистерден анық аңғарамыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, Ислам діні мен зайырлы заңымыздағы қағидалар мен нормалардың барлығы адам құқын қорғайтын, тыныштық пен бейбітшіліктің туын көтеруде ортақ пікірге иек артатынын көреміз. Адамдардың татулығы мен діннің тұтастығы, ұлт тұрақтылығының кепілі болмақ.

Б.ТОҚАЙ,
Алматы облыстық дін істері басқармасы
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу» орталығының 
Жамбыл ауданы бойынша дінтанушы маманы