ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ

Уақыты: 24.03.2023
Оқылды: 1198

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қадірлі бауырлар!
Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!  
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін. Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!
Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп «Он екі айдың сұлтаны»  деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, ауыз- ашар ағайын мен туысты, қауымды, елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.
Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла Тағала өз мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.
Рамазан – жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен 700 есеге дейін сауап жазылады».
Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді Рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. 
Құрметті жамағат!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2023 – Ислам және ізгі қоғам жылы» деп атады. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа.
Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.
Құрметті қауым!
Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан-оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! 
Әмин! 

Алмас ДАНАҒҰЛОВ,
ҚМДБ Жетісу облысы бойынша бас имамы