ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 2526

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов есеп берді. Шарада жыл қорытындысы мен болашаққа құрылған жоспарлар айтылды. Дін істері басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, дәстүрлі емес ағымдардың әрекеттерінің алдын алу және терроризмге қарсы иммунитет қалыптастырумен айналысады.

Дін істері осы уақытқа дейін зерттеумен шұғылданып келсе, ендігі уақытта теріс ағымның жетегінде кеткен адамдарды оңалту бағытында жұмыс жасайды. Бейімдеу орталықтары теріс ағымдағы жастардың жағдайымен танысып, өкпе-реніші болса түсіндіріп, Қазақстанның құндылықтарына оңтайландыру жүргізіледі. Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатымен шығатын кітаптар міндетті түрде сараптаудан өтеді. Қалада діни әдебиет сататын 20 сауда орны белгіленген. Айта кетерлігі, діни бірлестік жағынан республика бойынша 2-орында тұрмыз. Бұл дегеніміз, облыста діни ахуал тұрақты деген сөз.
– Көбіне теріс ағымды насихаттап жүргендер шетелде оқып келген студенттер. Ендігі уақытта шекара асып оқитындар қатаң қадағаланады. Алдыңғы жылы шетелде оқимын деп талаптанған 58 студенттің ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы 36-ға түсірдік. Оның ішінде 24-і муфтияттың келісімімен бекітілген білім ордасында тәлім алатын болады. Айта кетерлігі, ол жақта оқу үшін әуелі өзімізден білім алып, зайырлы көзқарас қалыптастырып, теологиялық білім алу үшін шетелге аттана алады, – деді Рахмет Разбекұлы
Қазіргі таңда мешітке жастар көп келеді. Себебі, олардың дінге деген көзқарасы қалыптасқан, дін ауанынан инедей болса да түсінігі бар. Енді оларға бір сарында емес, қазақы салт-дәстүр мен құндылықтарымыз ұштастырылған тақырыптағы уағыздар айтылады. 
Осы айдың аяғында жұрт көп жүретін жерлерге ақпараттық тақта қойылады. Одан қажетті мағлұматтарды алуға болады. Сондай-ақ, халық көкейінде жүрген сұрағын электронды пошта арқылы қалдыра алады. Кейін оған арнайы мамандар жауап береді.

Думан КЕҢШІЛІК