Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылында жаңа мешіт ашылды.
Арапа күні өткен шараға белгілі дипломат, қазіргі «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының» бас директоры Берік Арын, ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Мухаммад Аш-Шаххат әл- Жинди, Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы, ауыл тұрғындары және алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар қатысты. Құрметті қонақтар кезегімен сөз алып, ауыл халқын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
Ардақ Нүсіпханұлы өз кезегінде жиылған жұртқа насихат айтып, аталмыш мешіттің салынуына тікелей мұрындық болған Берік Сақбайұлына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан жылы лебіз білдіріп, алғыс хатын табыс етті.
Берік Сақбайұлы Сауд Арабиясында еліміздің елшісі қызметінде жүргенінде ауыл ақсақалдары ауылымызға мешіт салуға қолғабыс қылсаң деген өтініш білдіреді. Сол сәттен демеуші іздеп, ақыр соңы Дүниежүзілік Ислам Лигасы тарапынан қаржы бөлініп, зәулім мешіт бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Мешіт құрылысын «Уақып» қоры жүргізді.
Игі шарада аудан-қала, ауыл ақсақалдары арасында Батагөйлер жарысы өтіп, жүлдегерлер Алғыс хат пен қаржылай сыйлыққа ие болды.
Шара соңында жиналған дүйім жұртқа ас беріліп, ақ тілектер айтылып, келген халық шынайы қуанышпен тарқасты.