Ислам діні – адамзат баласынының тарихы мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Ислам дінінің туы көтерілген жерлерде әрқашанда білім мен ғылым дамып, адам баласы адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Шөлдей қуаңсып, азғындыққа ұшыраған мемлекеттер мұсылманшылықтың келуімен көгалды шалғын жерге айналды. Ғылым, білім жанданып дамыды. Көптеген қалалар салынып, медреселер мен ғылыми орталықтар жұмыс істеді.
Қазақ халқының имандылық қасиетінің сырына үңілер болсақ, үш негізгі өзекті тірек деп білгенін көреміз. Бірінші – дін. Яғни, ерте ғасырларда кең байтақ қазақ даласын мекендеген жергілікті халықтың шынайы діні олардың өмірімен біте-қайнасып кеткен – Ислам діні. Екінші тірегі – салт-дәстүр. Бұған қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі үлгі. Әдет-ғұрыптан, салт-жорадан қол үзбеген халқымыз, кезінде өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерін тамсандырған. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі.
Халықтың рухани, тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлігі саналатын дін – қоғамның діни-философиялық, құқықтық ой-санасын және өмірі мен салт-дәстүрін қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Тіпті, тарихқа назар салсақ, осы дін және діни ұстанымдардың ықпалымен кез-келген елдің ішкі және сыртқы саясаты айқындалып, қоғамының рухани кемелденуі мен гүлденуі орын алғандығын байқауға болады.
Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінезіміз, халықтық болмысымыз, өмір сүру салтымыз, тәрбиеміз, Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу – бүгінгі біздің міндетіміз.
Қазақ елі Ислам дінін қабылдаған соң ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрып пен наным-сенімнің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің түп негізі, қайнар бұлағы – Құран аяттарынан бастау алса, олардың көбі Ислам дінінің екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.
Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың салт-дәстүрге жатады. Сондай-ақ, әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды салт-дәстүрдің көрінісі.
Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Қазақтың өзара астасқан ұлттық және діни дәстүрінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан. Бала дүниеге келмей тұрып басталатын «құрсақ шашу», «жарыс қазан», «бала дүниеге келгенде жасалатын «сүйінші сұрау», «азан шақырып ат қою», «шілдехана тойы», «бесікке салу», «қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар.
Салт-дәстүр тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Мысалы, аруақты сыйлауға тоқталсақ, марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союмен бірге ағайын- туыс, құда-жекжатқа көңіл айту, қайғысына ортақтасу жатқаны анық. Кісісі өліп, қаралы болған туысы, досы үшін Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Баян-Өлгейден Баянауылға ат терлетіп жететін қазақ топырақ салуға үлгермесе, жетісіне барып көңіл айтуға, қырқына үлгеріп қайғысын бөлісуге ұмтылады. Өлімнің артын күту – қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен намыстың нышаны.
Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-баба мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптардың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де Ислам дінінің аясында дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді.
Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрі арасында ғасырлар бойы орныққан ашық байланыстың іргесін кешегі атеистік қоғам – Кеңестер Одағы да ыдырата алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай сол табиғи келісімге сына қағылып, шабуыл жасау деректері кездесіп отыр. Жүздеген жылдар бойы халықпен бірге жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер де байқалады. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ешбір шариғи негізсіз шариғатқа қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптау қазақтың мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде қызмет етуде. Келіннің сәлем салуы, әруақтарға құран бағыштау, көзмоншақ, тұмар тағу, тәуәссул жасау секілді қазақтың ізет пен құрметтен, ізгілік діні – Исламнан бастау алған игі дәстүр радикалды идеология жетегіне ерген бауырларымыздың сүйікті мысалына айналды. Шариғатты дендеп білмеу, түстеп танымау, рухын сезінбеу шала сауатты буынның жалған ұрандар жетегінде өз ұлтынан жаттануының негізгі себебі.
Халқымыздың Ислам дінін қабылдағанына 1200 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері халық санасы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні ұлттық ділмен біте қайнасып, адамдық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман елдеріндегі дәстүрді елеп-екшейтін басты безбен шариғат.
Өткен ғасырда көшпелі тірлік кешкен қазақ халқының отырықшылық мәдениетке көшкеніне бір ғасырдан астам уақыт қана болды. Жалпы сайын далада, тұмса табиғаттың ортасында тіршілік жасаған халықтардың ұлттық санасы белгілі бір қорғанның қабырғаның ішінде қым-қуыт тіршілік еткен отырықшы жұрттан өзгеше болған. Ол туралы тарихшылар мен әлеуметтанушылар айтып кеткен. Көшпелілер адамизат болып жаратылған әу бастағы жаратылыстық саф сипаттарға жақын болса, отырықшыларда өркениеттенген мәдениет пен саудагерде болатын құбылмалы мінез басым. Бұл туралы әлеуметтану ғылымының түп атасы Ибн Халдун өзінің «әл-Муқаддима» атты еңбегінде арнайы бір бөлім жазған. Онда: «Дала жұрты қала жұртынан қарағанда фитраға жақын. Адам жаны алғашқы жаратылыстық таза қалпында яки фитрада болғанда өзіне жеткен сөзді, үгітті қабыл алуға әзір тұрады, жақсылық пен жамандықты тез сезіп, ажыратады. Алла Елшісі (с.а.с.): «Әрбір нәресте әу бастағы жаратылыста, фитрада туылады. Алайда ата-анасы оны не яһуди етеді, не христиан етеді, не мәжуси етеді», – деген. Адамға жақсы, жаман сипаттың қайсысы бірінші жеткенде екіншісінен алыстайды да, оған қол жеткізу бара-бара қиынға айналады. Ізгілік иесі өзіне ізгілік әдеттері жеткенде бойында зұлымдықтан аулақ болу қасиеті қалыптасады да, жамандықтан ұзақтап, оған оралу қиын іске айналады. Керісінше, зұлымдық иесі де жамандыққа бой үйретіп алғаннан кейін жақсылықтан мүлде жырақ кетеді» – делінген.
Жалпы, дәстүрлі мәдениеттің орны өзгеше. Ерекше тарихи құбылыс саналатын дәстүрлі мәдениеттегі өткеннің, бардың, болашақтың сабақтастық байланысын тани білу қажет. Осы себепті қазақтың дәстүрлі дүниетанымдық көзқарасын әдет-ғұрып, наным-сенім жүйесінен іздеген жөн. Айталық, күн күркірегенде қазақтың «көк айғыр кісінеді» дейтіні бар. Осы кезде адамдар киіз үйді айнала шөмішпен сабалап: «Сүт мол, көмір аз», – деп шөмішті керегеге қыстырады. Шөмішті керегеге іліп қою сүт саулап молшылық болады деген сенімінен туған. Мұның өзі аспаннан жерге «Ұмайдың» емшегінен су ағуы деп есептеледі. Тіпті, қырғыздар егіннен мол өнім алса, «Ұмай ененің емшегінен сүт ағады» дейтін көрінеді. Сонымен қатар қазақтар бұл кезді «нұр жауып» немесе «құт жауып тұр» деп те атайды. Тіл ғылымында «Ұмай» сөзінің төркіні жөнінде мынандай деректер бар. Ұм «желін» сөзінің дабылы Е дыбысына өзгеруінен барып шыққан. Сондықтан ем, емшек, алтайша емеген (ана), сахаша – емше (бие) деген мағынаны көрсетеді. Қазақтарда иіген кезде сүтті төгіп жіберетін биелерді мама бие деп те атайды. «Төле би» дастанында Әлібектің әйелі Бөбектің бала көтермей зар илеп жүргенде, Домалақтың түсіне енуі: «Домалақ мамаң мен едім, мені неге білмейсің? Жаратқан тілек береді ықыласыңмен тілесең, екі бала көресің...», – деп суреттеледі. Яғни, Домалақ өзін ана ретінде айтып, түске кіріп отыр. «Ат – биеден, алып – анадан» дегендей ежелгі түркілер сыйынған Ұмайдың әйелдерге деген қамқорлығы басқаша формада жаңарған. Ұмайға байланысты жөн-жоралғы қазақтардың басқа да көптеген әдет-ғұрыптарында кездеседі. Мәселен, қыз бен жігіт атастырылғанда екі жақ «құйрық пен бауыр» жеп құда болады. Қазақта «бала әкесінің бауыр етінен жаралады» деген ұғым бар. Ал құйрықтың қолданылуы Ұмайға табынып, отқа құйрық май салудан қалған дәстүр.
Әрбір халықтың тарихы мен тағдырына лайықты, ділі мен дініне сай ғаламның құрылымын, қоғам мен адам өмірінің мәні мен маңызын, дүниетанымдық, құндылықтық негізін жеткізетін шығармашылық мұралары болады. Халқымыздың ұлттық ойлау ерекшелігі ретінде айқындалған мақал-мәтелдерде ұлттық құндылығымыз, соның ішінде діни және имандылық ұстанымы жан-жақты көрініс береді.
Керімбек Дәуітов,
ҚМДБ Жетісу облысының бас имамы