Дін – апиын. Бізге дейін талай тұлға осылай депті. Біз емес. Дейтұрғанмен, әсіредіншілдік, діни фанатизм, санасын жат ағымға улап алғандарға қарап осы сөздің растығына көз жеткіземіз. Шын мәнінде «Дін – ұстай алсаң қасиет, ұстай алмасаң қасірет» дегенмен астасып жатқан сөз ғой бұл. Қадір-қасиетін жөнді ұқпай, өзгенің айтағына еріп, дау-дамай қуалаған кей замандастың ұстанған «діни бағыты» шын апиын. Жалпы, мемлекеттегі тұрақтылықты қалыптастыруда діннің рөлі зор. Ол негізі халықты бірлікке, ынтымаққа шақырушы идеологиялық құрал. Ал сол құралды пиғылы жосықсыз өз мүддесіне пайдаланбас үшін мемлекет те мүдделі болуы тиіс. Әрине, бұл ретте Қазақстанның ұстанымы айқын. Сол айқын саясаттың бір көрінісі өңірімізде бой көрсетті. Тіл сарайында Діни бірлестік жетекшілерінің ІV клуб отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жиынды жүргізіп, қатысушыларға Қазақстандағы діни ахуал жайын таразылады.
– Еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін жиі өткізуі әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосылған үлес. Қазіргідей күрделі кезеңде әлемге және біздің елімізге ең бірінші кезекте тыныштық, тұрақтылық, береке-бірлік ауадай қажет. Діндердің негізгі миссиясы да осы құндылықтарға қол жеткізу, оларды кеңінен тарату. Мұндай жиынның Қазақстанда жиі өтуі еліміздің әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі, татулық үндеуі. Жалпы, Қазақстан – жаһандық ауқымдағы конструктивті диалог алаңы десек, артық айтпағандық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі негізінде өңірімізде Діни бірлестік жетекшілерінің клубы құрылды. Мұндағы мақсат – облысымызда татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті қалыптастыру, діни алауыздықты болдырмау. Бұл құрылым тап қазір жүктелген міндетті жүйелі атқарып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай, ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы Керімбек Дәуітов, Талдықорған викариатствосының басшысы епископ Клавдиан, «Приход Святой Девы Марии» шіркеуінің жетекшісі Юлиан Манковски және «Агапе» шіркеуінің жетекшісі Дмитрий Цой өңірдегі діни тұрақтылықты қалыптастыруда атқарған жұмыстарын баян етті.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов сүбелі еңбек еткен дәстүрлі діндер өкілдерін марапаттады.
Дастанбек САДЫҚ