Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда діни бірлестік жетекшілерінің кезекті IV клуб отырысы өтті. Бейбітшілікті бекемдеп, тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бұл басқосуда мамандар бүгінде дәстүрлі дін өкілдерінің атқарып отырған жұмыстарды жоғары бағалады.
Жиынға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай, облыстың бас имамы Керімбек Дәуітов басқа да аудан-қала мешітерінің бас имамдары мен түрлі дін конфессия жетекшілері, қоғам белсенділері қатысты.
Жиналған қауым алдында сөз алған Керімбек Сәрсембайұлы діни сауаттылық тұрақтылық кепілі екенін тілге тиек етіп, бұл бағытта мешіт имамдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– «Әлем елдері арасында діни экстремизм мен терроризм дерті дендеп тұрған бүгінгі таңда бейбітшілікті бекемдеп, қоғамның орнықтылығын сақтаудың орны еркше. Сол үшін әрбір мұсылман баласының дәстүрлі ислам дініне деген көзқарасын айқындап, діни сауаттылықты арттыру бәрінен маңызды. Бұл, біріншіден, жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алуға, екіншіден, дәстүрлі дін жолымен имандылыққа бет бұруына кең жол ашады», – деді бас имам.
Облыстық діни басқарма өкілдерінің мәліметінше, қазір Жетісу облысында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес 250-ден астам діни ұйымдар мен филиалдар тіркелген. Соның ішінде дәстүрлі исламды дәріптейтін 200-ден астам мешіт, 16 орыс православие, 3 рим католик шіркеуі, 30 - протестанттық құлшылық үйі, 1 - Ехоба куәгерлерінің ғибадатханасы 1 – Бахаи қауымдастығы жұмыс жасауда. Осыған сай қазір өңірдегі діни ахуал тұрақты.
Жиын барысында бірлікті бекемдеп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген үздік дін жетекшілері марапатталды. Осы орайда Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлына облыс әкімінің арнайы «Құрмет грамотасы» мен бағалы сыйлық табысталса, тағы біраз азматтар облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен «Жоғары рухани қызмет», «Үлгілі діни ғибадатхана», «Үздік діни қызметкер» сынды номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Айдын КӘЛІМХАН