Жасыратыны жоқ, елдің елдігін анықтайтын ең басты белгісі – ол әрине мемлекеттік нышандары. Себебі, мемлекеттің туына қарап тұтастығын, елтаңбасына қарап егемендігін, әнұранына қарап әлеуетін көреміз. Сондықтан да мемлекеттік нышандарға деген құрметтің болуы басты қағидат. Десек те, азаматтарымыздың барлығы дерлік рәміздердің қадіріне жетіп құрметтеп жүрген жоқ. Олардың қатарында дінге жат көзқарастағы адамдардың бары көңіл қынжылтады...
Еліміз еңсе тіктеп, өзгелермен терезесі тең дәуренге қол жеткізгенде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Олай болуы да заңды еді. Өйткені, талай жыл тағдыр тепкісін көріп теперіш тартқан халықтың асқақ арманы орындалды. Ешкімді алаламай құшағымызды кең жайдық. Сол кең құшаққа өзге пиғылдағы адамдардың еніп кеткенін аңдамай да қалыппыз. Енді міне соның салдарымен күресіп келеміз. Әңгіме дін атын жамылған деструктивті ағым өкілдері жайлы, олардың мемлекеттік нышандарға, рәміздерге деген көзқарасы турасында болмақ.
Тәуелсіздік алған жылдары елімізде ислам діні қайта өркендеді. Сәні мен салтанаты келіскен небір мешіттер бой көтерді. Сол мешіттермен қатар, бұрындары атын естіп көрмеген әртүрлі ағымдар да етек жайды. Сорақысы сол, сондай ағым өкілдері түрлі салтанатты жиындарда әнұранды орындамай, тіпті туған перзентін әскерге жіберуге қарсылық танытты. Себебі, ондай наным түрлерінде ел бірлігі, халық тұтастығы деген ұғымдар мүлде жоқ. Олар тек өздерімен пікірлес болған, өздерін ғана қолдайтын ағым өкілдерін құп көреді. Дін ғалымдары мына бір құбылысқа ерекше мән берген: олар қоғамды «біз» және «басқалар» деп бөлетін көрінеді. «Өзімізден басқаларына құрмет көрсетпейміз, оған міндетті де емеспіз» деп дөрекілік танытады екен. Мұндай ағымдар өз кезегінде қоғамның гүлденуіне, халықтар татулығы мен бірлігіне оң әсерін тигізе қоймайтыны анық.
Ал, адамзаттың асыл діні – Ислам не дейді? Бұл жағдайға қатысты дінімізде не делінген? Әлбетте, Ислам мұндай ұстанымдарды қолдамайды. Исламда Отан, әскери борыш, мемлекеттік рәміздер сияқты ұғымдардың орны айрықша. Ту – белгілі бір ұлттың намысы, мақтанышы, еркіндігі мен батырлығының символы. Ұл өзінің туымен мақтанады, оны абырой тұтады. Мұсылман әскерінің арасында ту көтеретін арнайы һәм таңдаулы жауынгер болған. Туды ұстау үшін сарбаздың абыройы мен беделі қажет еді. Туға ерекше мән берілген.
Мысалы, Хайбар соғысы кезінде үлкен ерлік көрсеткен хазірет Әлиге туды пайғамбар (с.ғ.с.) өз қолымен тапсырған. Сол сияқты Пайғамбар (с.ғ.с.) 629 жылы мұсылмандар мен византиялықтардың арасында болған Мутә шайқасына әскерін шығарып салып тұрып, әскербасы Хазірет Зәйдке туды тапсырып: «Егер шейіт болып кетсең, туды Жағфар алады» деп өсиет етеді.
Расында да шайқас барысында Зәйд шейіт болып, ту пайғамбар айтқандай Жағфардың қолына тиеді. Соғыста туды ұстап жүрген Жағфардың оң қолы кесіліп қалады. Ол оны сол қолына алып, шейіт болғанша туды жерге түсірмеген екен.
Дін мамандары да мемлекеттік нышандарға құрмет көрсетілуі керек деп санайды. Мысалы, дінтанушы Бақытжан Сатершинов рәміздерді менсінбеу, мансұқтау мысалдарын былай деп түсіндіреді:
«Жалпы дін дегеніміз мемлекетке бағынуы керек. Себебі мемлекеттің қауіпсіздігі алдыңғы қатарда тұрады. Ислам дініне келетін болсақ, елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар. Сондай-ақ елімізде өзге діндердің діни бірлестіктері жұмыс істейді. Менің білуімше, солардың ішінде протестанттық бағыттағы жаңа діни ағымдар азаматтардың әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегенге қарсы. Сонымен қатар, біздің ислам дінінің ішінде де радикалды көзқарасты ұстанатын діни топтар бар. Олар зайырлы мемлекетті мойындамай, Конститутцияның орнына шариғатпен жүру керек дейді. Яғни олар айналып келгенде ислами мемлекет құруды қош көреді. Бұл енді жалпы мұсылман жамағатына қатысты емес, кейбір топтардың ойлары болып саналады. Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына бағынатын азаматтарда мұндай радикалды, бөтен көзқарас жоқ», – дейді дінтанушы.
«Азаматтардың әнұранды орындамай қоюуы қауіпті ме?» - деген сауалымызға Бақытжан Сатершинов былай дейді:
«Мемлекеттік рәміздерге құрмет болуы керек. Ислам дінінде «Отанды сүю иманнан» деп айтылады. Туған жерге деген махаббат Мұхамед пайғамбардың хадистерінде көптен кездеседі. Оның үстіне адамзатты Алла Тағала әр түрлі ұлтқа бөліп жаратқаннан кейін олардың отаны мен жері болады. Сол себепті, әнұран секілді мемлекеттік рәміздерге құрмет болу керек. Мысалы кейде жерде жатқан тиынды көтеріп алып жатамыз. Ол ақшаны пайда табу үшін көтеріп алып жатқан жоқпыз, тек тиында мемлекеттік рәміз болғаннан кейін ол аяқ-асты болмасын деп көтеріп аламыз. Бұл деген сөз азаматтың өз еліне деген патриоттық сезімінің бар екенін көрсетеді», – деді дінтанушы.
Қорыта келе, мемлекеттік нышандарға деген құрмет – әр азаматтың қасиетті парызы. Төл нышандарымызды төрден түсірмей құрметтей білейік!
Темірлан Айтбаев,
«Жетісу» радиосының редакторы
Фото: almalife.kz-тен алынды