ЖЫЛҚЫДАН ЖЫРАҚ ӨСПЕГЕН

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 285

Көкпар үлкенді-кішілі той-мерекелерде өткізілетін спорттың бір түрі. Көшпенділер өмірінде көкпардың мақсаты – жігіттерді шынықтыру, батылдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеп, әскери өнерге баулудың құралы болған десек қателеспейміз. Ал қазіргі сәтте ол ұлттық спорт түріне айналды. Бұл күні көкпарға қызықпайтын қазақ баласы кемде-кем.

Аты-жөнім Аңсат Әли. Көшкентал аулындағы Көшкентал орта мектебінің 10 «Ә» – сынып  оқушысымын. Менің көкпарға деген қызығушылығым бастауыш сынып та оқып жүргенде оянды. Ауыл баласы болғандықтан да шығар әуелі атқа құмар болдым. «Ат ер қанаты» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Көкпар ойынында ең алдымен, тақымыңдағы тұлпарға деген сенім керек. Оның күтімі дұрыс болған да ғана топ жаруыңа мүмкіндік көп. Әрдайым додаға түсер алдында мінер жылқының жай-күйін біліп отыру маңызды.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Мен көкпардан барынша қалмауға тырысып, әр ойында өзімнің қабілетімді көрсетудемін. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көрінген сәттерім көп. Сонымен қатар, өткен жылы аударыспақ ойынына қатысып, жасөспірімдер арасында «Талдықорған қаласының ұлттық және ат спорты түрлерінен МБЖСМ» КММ-нің облыстық ашық біріншілігінде ІІ орын иелендім.

Менің қалада да, ауылда да достарым көп. Олар өздерінің қазақ екендігін ұмытпаса екен деймін. Ал қазақ халқы жылқыдан жырақ өспеген. Мені көп ойландыратыны қала баласын былай қойғанда, бүгінгі ауыл балалары да жүген, ершік, доға, ноқта сынды қарапайым бұйымдарды  біле бермейтіндігі. Аңсайтын дүнием достарымның да жылқыға жақын жүргені.

 

Медет ЖҰМАБАЙ