СӘЛӘФИЗМ - САЯСИ ИДЕОЛОГИЯ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1864

   Ішің қалайша қан жыламайды, жүрегің сыздамайды? Құдды бір Әбіл мен Қабылдың кебі келгендей... Кеше Қазақ еді ғой, алаяқтарға ерді, сәләфи (псевдо салафи) болды, сосын бір-ақ күнде террористке айналып шыға келді. Өз қанын, өз қағынан шыққан қазағын қолы қалтырамастан өлтіре салды. Атты, бауыздады. Өз мемлекетіне қарсы шықты. Демек, кез келген сәләфит кез келген уақытта террористке айнала алады деген тұжырым жасауға әбден болады.

 

   Соңғы террористі өлтірдік деп қуанып жатырмыз... Шын мәнінде өз бауырымызды өлтірдік. Қынадай қырылғандардың бәрі қыршындай жас. Қайдағы жоқ біреулердің азғыруына түсті, ажал құшты. Әулет-жұрағаты болса, қара бет болып қала берді... Ұлттық трагедия!
   Біздің шекеміздің қызарып жүргені де сол. Идеология! Жат идеология! Сәләфизм дін емес, саяси идеология! Әйтпесе, ислам ғана емес, кез келген дінде адамға қиянат жасау туралы бірауыз сөз таба алмайсыз. Адамзат тарихында сан түрлі идеология үшін осы уақытқа шейін миллиондардың қаны қып-қызыл теңіз болып ақты. Ең үлкен соғыстардың көбі идеология үшін болды. Сол үшін аға ініге қарсы келді, бала әкені өлтірді.
   Сәләфизм біздің қоғамға сыналап еніп барады. Қазақ қоғамы оны қабылдау үшін байырғы салт-дәстүрінен бас тартуы керек. Жо, жоқ, ол мүмкін емес! Сондықтан біз «ата-бабаларымыз кәпір болыпты, адасып келіпті», – деп өткенге мүсіркей, жиіркенішпен қарамаймыз. Өткен тарихымызға, бабаларымыздан қалған асыл мұраға мақтанмен қараймыз. 
   Бұл идеология өте қауіпті. Қаншама елді іштен ірітіп, құрдымға жөнелтті. Бұлардың артында үлкен күш бар, үлкен қаржы бар. Ат төбеліндей аз ғана топ солардың қызығын көріп, миссионерлік мақсаты – Отанға сатқындық жасап келеді. Тұтас халықты соңынан ертіп аздырып, қырғынға итермелеп, қалың қазақты бір-біріне қарсы қойып отыр. Нәтижесі, міне, Сирияға, Таяу Шығысқа барып қырылған жастар, өз елімізде өз бауырларын баудай түсіріп, бауыздайтын қаныпезерлер пайда болды. Осы жолда құрбан болғандардың бәрінің қаны ат төбеліндей осылардың мойнында. Жүректі ауыртатын трагедия да осы. Теріс діннің жетегінде кеткен талай жас ата-анасының істеген тамағын жемегені былай тұрсын, оларды ұрып-соғып, «кәпірсің» деп үйінен айдап шығып жатқанын да көріп отырмыз. Әсіресе, батыс өңірлерде.
   Біз жат идеологияға жол бермейміз! Қазақтың қасиетті топырағында саясиланған сәләфилік дәнегінің өсуіне ел болып қарсымыз. Өз құндылығымызға қарсы шығатын жастар өсіріп, солардың қолымен дәстүріміздің тамырына балта шабуға рұқсат етпейміз. Қазақстанда өмір сүргіңіз келмесе, жергілікті билікке, дін басыларына бағынғыңыз келмесе, Әбу-Ханифа мәзһабына мойынсұнғыңыз келмесе, мархабат, арабстанға барыңыз. Әйтпесе, Алты Алаштың ашуын әбден тасытып, шамына тиіп болдыңыздар. 
   Мен бейбіт елде өмір сүруді қалаймын. Біз сан ғасыр бойына  бабаларымыз жандарын шүберекке түйе жүріп аңсаған Мәңгілік Елді құрғымыз келеді. Өзімнің терең тарихыммен қуаттанып, саф алтындай салт-дәстүрімді ұрпағыма өнеге етсем деймін. Тектілігімді өлсем де «арабтыққа» айырбастамаймын!

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ.