ЕРТЕҢ ӘЛЕМДІК ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ СЪЕЗІ ӨТЕДІ

Уақыты: 09.10.2018
Оқылды: 1504

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының кезекті отырысы басталды. Аталған жиын осымен 17 рет өтіп отыр. Онда съезге дайындық жұмыстары пысықталады. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі хабарлады. Отырысты ҚР Парламент Сенатының төрағасы, хатшылық жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.

Оның айтуынша,  дін - саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі. XXI ғасырда кең ауқымды материалдық, ғылыми-техникалық және зияткерлік мүкіндіктерге қарамастан, рухани даму - саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларына ортақ мәселе. "Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдың салдарынан және Құдай жолындағы ізденісті қалқан еткен теріс әрекеттер нәтижесінде шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда. Жалған ұрандарды желеу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналды. Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдай мен сауаты төмен адамдарды өз мүдделері үшін пайдаланатын жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Хатшылық жетекшісі бұқаралық ақпарат құралдары теріс дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті таратуға айтарлықтай ықпал етіп отырғанын, сондықтан, бүгінде жасампаздықты алға тартатын журналистердің рөлі аса маңызды екенін әңгімеледі. Сондай-ақ, тілшілер діннің шынайы бет-бейнесін ашық көрсете алатынын сөз етті. "Осындай күрделі жағдайда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің диалогы мен келісімін одан ары ілгерілету жер бетіндегі ұзақмерзімді тұрақтылықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл орайда тең құқылы диалог алаңы ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өзінің маңыздылығы мен құндылығын көрсетіп отыр", - деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі ертең және бүрсікүні өтеді. Съездің ашылуына Сербия Президенті Александр Вучич пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер қатысады. Отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"