Әміре ӘРІН: "КҮНІНЕ ТӨРТ ТОННА ЦЕМЕНТ ҚҰЙДЫМ"

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1394
Күні үшін дінді сауда қылатындар көбеюде. Әртүрлі дінді ұстанып, әр құбылаға қарап жығылатындарды көзіміз көріп жүр. Дәстүрімізді мансұқ қылып, маңызсыз мақсаты үшін қазақты қаралауға бар мәңгүрттер де құмырсқадай қаптап барады. Олардан қалай құтыламыз? Ол үшін не істеу керек? Ұлтты сүю ұршықты айналдыру емес, не жалпақ сөзбен ұрандап, ұртың суалғанша айқайлауда да жатқан жоқ. Алдымен осы елдің тілін, ділін, дінін қадірлеуің шарт. Ол әрбірден соң сенің перзенттік парызың, ардан асқақ аманатың. Кейде мен кешегі қисық қылышымен жер-әлемнің келбетін өзінше сызған, аузынан Алласы түспеген батыр бабаларымды сағынып кетемін. Жаһандану дәуірінің жүрексіз айдаһарына жұтылып кетуге шақ тұрған жастарды көргенде жүрегім ауырады. Айналайын-ау, қазағыңнан құрық үзіп қайда барасың?
 

Бұл асқақ ой, асыл арман - Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен «Өмірді сүйе біл» атты кездесу кешінде айтылған ақын, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре ӘРІННІҢ жан толқынысы.

Оқушылар сағына күткен құрметті қонағы сахна төріне көтерілгенде дүрілдете қол соқты. Бәсекеге қабілетті бүгінгі буын үшін дәлелсіз ділмәрситын «данышпандардан» гөрі өз өмірінен өшпейтін өнеге ұсынып, тағдыр тармағынан сан тарау әңгіме тиегін ағыта білетін, сол арқылы тыңдаушының санасына сәуле құя алатын адамның сөзі әлдеқайда қызығырақ. Жастар осы жолы да үнемі өздеріне бағытталатын сол баяғы құрғақ сөзден құралған, негізі аз нотацияны күткендей еді. Бірақ алғашқы сауалға жауап беруді бастамас бұрын Әміре Әрін дәл осы күдіктің бұлтын сейілтіп, көңілді кейпімен көпшілікті бір жадыратып тастады. 

"Театр киім ілгіштен басталады". Ал мектептің жүйелі жұмысы ауласына кіреберістен байқалды. Есіктен енген бетте бір сәуле алға жетелей түскендей бізді. 2010 жылдың 21 тамызында шымылдығы түрілген шаңырақтың содан бері шырағы жарқырап тұр. Ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысып, әліппені қолға алған әрбір бүлдіршінге ақ батасын берген. Содан да болар, бүгінгі білім ордасының жеткен жетістіктері көл-көсір. Әлемді аузына қаратты десек, артық айтпағанымыз. Қазіргі таңда жер шарындағы ең үздік 50 мектептің қатарында. Жақында шәкірттері ғарыштағы қалдықтарды құрықтайтын аппарат ойлап тауып, алты құрлықтың ақылы жетпеген дүниені іске асырды. Бұл бір ғана биігі, одан да басқа бағындырған асулары баршылық", – деп Әміре Әрінұлы кездесу барысында мектептің осындай артықшылықтарын сөз етіп, ары қарайғы әңгімесін осы ғимарат атын арқалаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа бағыттады. Ең алдымен әрбір тұрғын Мемлекет басшысына алғыс айту керектігін алға тартты. Сонау бір жылдары Түркияда 30-дан астам елдің басы қосылғанда бәрі бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің Көшбасшысы деп танығанын, мұның өзі біздерге мақтаныш сезімін ұялататынын жеткізді. Кеш қонағы Мемлекет басшысының мерейі ел мерейі екенін түсіндіріп, жастарды  өз елінің патриоты болуға шақырды.

– Мен жасымнан еңбекқор болдым, – деді ақын өз өмірбаяны туралы сауал қойылғанда. – Әкеден үш жасымда айырылдым. Анадан оныншы сыныпта қалдым. Орта мектепті тамамдаған соң бірде-бір рет аяқ басып көрмеген Алматыға аттандым. Бейтаныс қалада алғаш табаным тиген жер – «Саяхат» автобекеті. Орысша білмеймін. «Саяхаттың» автобус күтетін орындықтарында үш күн түнегенім есімнен кетпейді. Қасымда қаңғыбастар ұйықтап жатады. Үшінші күн дегенде атақты КазГУ-ды жаяу-жалпылап жүріп тауып, журналистика мамандығына оқуға тапсырдым. Ол кезде журналистика Қазақстан бойынша КазГУ-де ғана бар еді. Оқуға түсу өте қиын, талап жоғары. Әрине, түсе алмадым алғашқы жылы. Жетім бала болып ауылға қайтадан барғым келген жоқ. Құрылыс жұмыстарына қалдым. Бір жақсы жері құрылыста істесең уақытша пәтер беріледі. Мұнда жан-жағым толған орыс жігіттер. Ештеңе білмейтін мені жұмысқа сылақшы етіп алды. Күніне төрт жүк көлігі цемент ерітіндісін әкеп төгеді. Мен оны арнайы  көтергішке тиеп тұрамын. Ойлаңыздаршы, төрт жүк көлігі – төрт тонна сұйық цемент деген сөз. Мен соны күні бойы тиегішке құямын.

Тұп-тура бір жыл құрылыста жұмыс істеген құрыш білекті жігіт армандаған оқуына да түседі. Осы күнде ойлап қараса, жоғары білім алғаннан кейін өз бетімен қызметке алу туралы өтінішті өмірінде алғаш және соңғы рет жазыпты. Одан кейінгі қызметтердің бәріне арнайы шақыртумен, ұсыныстармен ғана ауысыпты. "Сендер де қабілеттеріңді шыңдаңдар. Ең бастысы, еңбекқор болыңдар. Сонда сендерге сұраныс артады. Жұмысқа өздері шақырады", – деді кеш қонағы жастық шағындағы өмір соқпақтарын еске түсіріп.

Әлі есінде, облыстық газетте журналистік қызметін абыроймен атқарып жүрген кезі. Бірде Қаратал ауданы әкімінен шақырту түседі. Барады, әкім қабылдайды. «Сізді қызметке алайын деп едім», – дейді әкім. Бұл болса Талдықорғанда пәтер кезегінде тұрғанын айтып қашқақтайды. Ойында бөлім маманы секілді бір қызметті ұсынғалы тұрған шығар деген қауіп басым. Әкім Әмірені жетектеп, терезенің алдына әкеледі де: «Анау тұрған «Волганы» көрдің бе?» – дейді қолын созып. «Иә, көрдім». «Көрсең, сол «Волганы» күнделікті мінесің. Жаңа есіктен кіргенде хатшы қызды көрдің бе?». «Иә, көрдім». «Дәл сондай хатшың болады. Қысқасы, мен сені өзіме орынбасарлыққа шақырып отырмын». Әрине, сенер-сенбесін білмеді. Облыстық газеттегі қарапайым тілшіге аудан әкімінің орынбасары лауазымы ұсынылды. Сасқанынан таңертеңге дейін ойлануға уақыт сұраған. Сөйтіп, бір-ақ күнде шығармашылықтан шенеунік қызметіне ауысып шыға келген. Алайда ақын қаламынан қол үзген жоқ.

Ақынның айтуынша, адам әрқашан алдына жаңа мақсат қоя білгені жөн. Мейлі, ол жас, мейлі, ол қартайған болсын, мақсат үнемі жаңарып тұру керек. Мақсатпен бірге армандай білген адамға Алла да жәрдемдеседі. 

Кездесу қонағы Мұқағалидың: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта», деген жыр тармағынан мысал келтірді. «Өлең тағдырдың түрлі сынағынан, өкінуден, омақаса құлап, қайта тұрудан, жылаудан, күлуден туады. Осындай сөніп-жанған сезімдер мен тағдыр талқысы адамды ақын етеді. Ең алғашқы өлеңімді 4-сыныпта оқып жүргенімде анама арнап жазғанмын», – деді Әміре Әрінұлы. Осы уақытқа дейін ақынның шығармашылық әлеуетін байқататын «Тылсым тыныс», «Тамызық», «Маздақ», «Томирис», «Айқабақ» сынды көркем туындылары жарық көрген. Сонымен бірге, публицистикалық жинақтары мен зерттеу еңбектері басылған. Бұл жайында кездесуде арнайы ұйымдастырылған «Әміренің әлемі» атты кітап көрмесінде кеңінен айтылып, балалар автордың өлеңдерін жатқа оқып берді.

Былтыр ақын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. 60 жылдық мерейтойын абыроймен өткізді. Облыс әкімі Амандық Баталов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың Жетісудың жампозына көрсеткен ықыласы шексіз. Әміре Әрінұлының сөзіне сүйенсек, мұншама абырой-атақты арқалап жүру бір басқа да, ал сөзің мен ісіңе саңылау түсірмеу өз алдына бір бөлек міндет.

Кеш қонағы ақылдылардың ішінде де өз пайдасын ойлайтын жандардың барын жасырған жоқ. «Мемлекет қаржысын жымқырып жатқандардың бәрі жоғары білімділер. Олардың ең төмені мен сияқты КазГУ бітіргендер. Арысы Кембридж, Оксфорд университеттерінде оқығандар. Оларды білімсіз, ақылсыз дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Оларға не жетпейді? Ұят жетпейді – ұятсыз, иман жетпейді – имансыз, тек жетпейді – тексіз», – деді ол. Оқушылар алдында шешіле сөйлеген ақын Елбасы айтқан ұлттық код төңірегінде де өз ойын өрбітті.

– Ұлттық кодтың бастауы қазақы тәрбиемен және тарихи құндылықтармен ұштасып жатыр. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Алматыға келген бір сапарында Қазақстанды бүкіл өркениеттің алтын бесігіне теңеп кетіпті. Төл тарихымызбен тереңірек танысқан сайын бұл сөздің шындығына көз жеткізе түсесіз. Арыдағы сақтар заманынан сыр суыртпасақ та, отаншылдық рух дарытатын түркілер дәуірінен әңгіме өрбітсек те қазақ тарихының бай екенін көреміз. Ең алғаш жылқыны үйреткен де, тұңғыш әліпбиді құрастырған да, бірінші болып темір балқытып, үзеңгі жасаған да – біздің бабаларымыз. Еуропа елдері жамылуды білмей, жалаңаш жортып жүргенде көшпенділер шалбар киді. Бір ғана «Есік» қорғанынан табылған «Алтын Адамнан» 4 мың әшекей бұйымның табылуы кездейсоқтық емес. Түркілердің еуропалықтарға шалбар киюді үйреткені жайлы танымал тарихшы Л. Гумилевтің еңбектерінде кездеседі. Дәуірлеп тұрған бір кездегі Алтын Орданың заңды мұрагері Қазақ елі екенін естігенде көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Ал Шумерлер елінің мемлекеттік тілі түркі тілі, яғни арғы қазақ тілі болғанын бірі білсе, бірі бейхабар, – дей келе, Әміре Әрін жастар мәңгілік мақтаныш тұтып жүретін тарихи деректерді мысалға келтіріп, тыңдаушылардың отаншылдық рухын оятты.

Арқаланған ақын жастар алдында тағы бір өнерін паш етті. Оқушылар Әміре Әрінұлының орындауында Абай атамыздың әйгілі «Қаламқас» әніне құлақ құрышын қандырды. Ұстаздар қауымы қонақкәде сұрағанда да ақын тартынған жоқ. Бірден халық әні «Әдемі қызды» шырқай жөнелді.

Оқушылар ақынның әңгімесін қызыға тыңдады. Түркі әлемін қайта тірілткен көнедегі Бумыннан бастап бүгінгі Елбасына дейінгі өнегелі тарих қайта парақталды. «Мәңгілік Ел» идеясын қазақ тарихында үш адам жандандырды. Ол – Бумын, Шыңғысхан және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев», – деді жиын қонағы. Тағылымды жүздесу соңында Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сәуле Өмірбекова тәрбиелік мәні зор, есте қаларлық әңгіме өрбіткені үшін Әміре Әрінге алғыс айтты. Сондай-ақ, аталмыш білім ордасында театр үйірмесінен сабақ беріп жүрген белгілі театр әртісі Сағындық Жұмаділ ақынға ақ тілегін арнады. Аға мен інінің бір-біріне деген ыстық ілтипатын көрген балалар аямай шапалақ соқты. Келелі кездесуден кейін мектеп оқушылары үлгі тұтқан тұлғамен алма-кезек естелік суретке түсті.

Мұхтар КҮМІСБЕК