МҰҚТАЖДАРҒА КӨМЕК БЕРІЛДІ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 1582

   Әрбір ауылдың, әрбір қаланың көркеюі азаматтардың жанашырлығына, отаншылдығына байланысты. Туған ауылын түлетіп, тұрғындарының жағдайын жасап отырған азаматтар баршылық. Солардың игілікті істері көпке үлгі. Жақында Талдықорған қаласындағы мешіт имамдары қаладағы мұқтаж отбасыларға көмір, отын түсіріп беріп, халықтың разылығын алды.

 

   Биыл кенеттен жауған қардың ызғары кейбір отбасыларды әбігерге түсіргені анық. Өйткені, күздің қоңыр салқын күндері аяқталмай жатып, қыс түсті. Соған байланысты отын-суын дайындап, қажетті көмір алмағандардың жай-күйі белгілі болып қалды. Осыны көрген жанашыр жандар қысқа уақытта ұйымдасып, 15 үйге көмір түсіріп берді.
   Әлеуметтік желі арқылы «Жақсылықта жарысайық» атты топ құрған жандардың алға қойған мақсаты – қайырымдылық шараларын өткізу. Сол арқылы тағдырдың тауқыметін тартып отырған көп балалы отбасыларға, әке-шешесіз тұл жетімдерге, бала-шағасы, ағайын-туысы жоқ қарттарға көмек көрсетіп, әңгіме-дүкен құру көзделген. Себебі, қараушысы жоқ жалғызілікті жандар көбіне ішқұса болып, тілдесетін адам таппай қиналады. Осыны ескерген мешіт жамағаты мен жергілікті кәсіпкерлер мұқтаж жандардың үйлеріне арнайы барып, әлеуметтік жағдайын анықтайды. Биылғы суықта осылайша мұқтаждарға жылу сыйлаған қайырымды жандар жүректерге мейірім нұрын төкті.
   Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаевтың айтуынша әдетте мұқтаж жандар өздерінің мұқтаждығы туралы айта бермейді.
– Шындығында біз қалалық әкімдіктен алынған тізім бойынша мұқтаждарға арнайы зерттеу жүргіземіз. Сол арқылы үш топқа – қызыл, сары және ақ топқа бөлінген отбасылар іріктеледі. Яғни, қызыл топқа жағдайы тіптен нашар, көмекке зәру отбасылар кіргізіледі. Сары топқа жағдайы нашардан жоғарылау, әлеуметтік жағдайы жақсара бастаған отбасылар жатса, ақ топқа киім-кешек, азық-түлік, отын-көмір мұқтаждығын өз бетімен шеше алатын үйлер жатқызылады. Міне, осындай зерттеуден соң шын мұқтаждар белгілі болып шыға келеді. Соларға қайырымдылық көрсетіліп, қажеті өтеледі.
   Әлдебір ақынның: «Қайырымсыздар көбейген заманда, қайыршылар көбейеді» деген жыр жолдары бар екен. Шынында адамдар қатыгездікке бой алдырған сайын мұқтаждығы арта түсетіндердің шығатыны анық. Жаратқан Алла тағала баршамызға ұдайы мейірімділік танытып, қайырымдылықты молынан жасауды нәсіп етсін!

Мәди АЛЖАНБАЙ.