МАҚСАТ - ТЕРІС ИДЕЯЛАРҒА ТОҚТАМ САЛУ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1267

Еліміздегі діни ахуалдың дұрыс қалыптасуына, конфессияаралық келісімнің нығаюына Жетісу жерінің жұртшылығы елеулі үлес қосып келеді. Осыған орай облыс орталығындағы Салтанат сарайында «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: өңіраралық тәжірибе алмасу» атты республикалық семинар-практикум өтті. Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қоғамдық келісім комитетінің келісімімен облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырған семинар мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруды, еліміздегі тыныштықты, тұрақтылықты, бейбітшілікті қамтамасыз етуді, зайырлылық қағидаттарын ілгерілетуді, діни ахуалды зерделеу саласында өңіраралық тәжірибе алмасуды, дінаралық келісімді қамтамасыз етуді және дәстүрлі емес діни ағымдардың теріс идеяларының алдын алуды мақсат етеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, дін ғылымдарын тереңнен зерттеп жүрген дінтанушылар мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, әкімдіктердің дін саласына жауапты мамандары қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин еліміздегі діни тұрақтылықтың артында үлкен жұмыс тұрғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, олар еліміздегі тұрақтылықтың, бейбітшіліктің, тыныштықтың, ынтымақтың, дінаралық төзімділіктің артында мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндіктер мен қолдаудың тұрғанын баса айтты. Осындай жетістіктердің бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясат – баршаға теңдей қарау, діни сенімі мен көзқарасына байланысты қудаламау, адамзат тарихында елеулі орын алған Ұлы Далада қалыптасқан келісімнің Еуразия кеңістігіне кеңінен таралуына ықпал ету сынды ұстаным тұрғаны да айтылды. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген мәселелердің өміршеңдігі кеңінен әңгімеленді. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы кетілетін ұлан-байтақ далада келісім мен береке-бірлік, ынтымақ пен ауызбіршілік сынды адамзаттық құндылықтың қалай қалыптасқаны тілге тиек етілді.
Олардан соң сөз алған «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев «Зайырлы қоғамдағы дін қызметкердің орны» деген тақырыпта баяндама жасап, Ислам дінінің басты ұстанымы – тірі жанға қиянат жасамау екендігін әңгімеледі.
– Қазіргі таңда зайырлылық сөзі көп қолданылады. Бірақ радикалды ұғымды ұстанатын топтарды насихаттайтын интернет желілерінде айтылған пікірлер бойынша зайырлылық дінсіздік деген ойға саяды. Сондықтан ондай жандарға пікірде адасқандығын, зайырлылықтың идеология еместігін дұрыс түсіндіруіміз керек, – деген Қайрат Құрманбаев зайырлылық ұғымын дұрыс түсіну қажеттігін алға тартты. – Зайырлылық ұғымын бүгінгі таңда өзіндік негізгі мағынасынан алшақтатып, атеизмге не агностицизмге негізделген қоғамға таңуға ұмтылып жүрген ұстанымдар ықпалымен зайырлы қоғамда «дінге орын жоқ», «зайырлылық пен дін арасы бөлінген», «дін қызметкерлері зайырлы қоғамның толыққанды мүшелері ретінде зайырлы мемлекеттің қатардағы азаматтары қатарында қызмет атқара алмайды» деген секілді жаңсақ түсініктер қалыптасып үлгерген.
Одан кейін сөз кезегін алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы, философия ғылымдарының PhD докторы Ықтияр Палтөре «Жастарды діни сұхбаттастыққа тәрбиелеудегі өзекті мәселелер» деген тақырыпта баяндама жасап, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берудің тиімділігін көпшілік назарына ұсынды.
– Ең дұрысы, жастардың бойларына діни сауатты жастайынан сіңіруді ойластыруымыз жөн болар. Сыйластық, діни сұхбаттастық сияқты құндылықтар бала санасына жастайынан сіңсе ғана оған өмірлік жолдас болары даусыз, – деген Ықтияр Молдатөреұлы жастарды теріс жолдан сақтандыру жайына тоқталды. – Біз бүгінгі жастарға ислам дініндегі «Отан», «ұлт» «жиһад» ұғымы, сондай-ақ, «халал мен харам», «күнә мен сауап», «дін мен дәстүр», «мемлекет пен дін» сияқты тақырыптар төңірегінде кеңірек мәліметтер беріп, жан-жақты түсіндірсек, алдағы уақытта елімізде ислам дінінің түсініктерімен байланысатын экстремизм мен терроршылдық пиғылдағы іс-әрекеттер болмайды деген сенімдемін.
Үшінші болып «Зайырлы мемлекеттегі діндарлық ұғымы» деген тақырыпта баяндама жасаған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының терроризм және діни экстремизмге қарсы дайындық орталығының оқытушысы, дінтанушы Болат Шоманов діндарлық ұғымының тамыры тереңде жатқанын нақты деректермен сипаттады.
– КСРО Конституциясы-ның 6-тарауының 4-бабында: «СССР азаматтары, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көзқарасына, кәсібінің түрі мен сипатына жағдайларына қарамастан Заң алдында тең»  делінсе, 52-бапта: «СССР азаматтарының ождан бостандығына, яғни қандай да болсын дінді ұстау немесе ешқандай дінді ұстамау, діни ғұрыптарды атқару немесе атеистік насихат жүргізу правосына кепілдік беріледі. Діни сенімге байланысты араздық пен өшпенділікті қоздыруға тыйым салынады. СССР-де шіркеу мемлекеттен, ал мектеп – шіркеуден ажыратылған» деп анық жазылған, – деген Болат Шоманұлы қылышынан қаны тамған Кеңес одағының өзі дінді дұрыс пайдаланғанын атап өтті. – Осы баптарды оқи отырып шындығында «діндарлық» ұғымы тіпті кеңестік қоғам үшін де жат болмағандығына тағы бір рет көз жеткіземіз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көптеген бауырларымыздың «зайырлылық» және «діндарлық» ұғымдарының төркінін түсінбей зайырлылықты қайшы ұғым деп немесе діндарлықты зайырлылыққа қарсы ұғым деп түсінуі қоғамда түрлі қайшылықтар тудырып жатады. Ал түптеп келгенде «діндар» – ол қандай да бір діннің идеологиясын саналы түрде мойындаған адам. Ондай адам үшін мемлекеттің зайырлы болғандығы ешбір кедергі келтірмейді.
Одан соң Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы қалалық дін істері басқармаларының басшылары кезекпен баяндама жасап, өз өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Семинар аясында облыстық дін істері басқармасының жұмысынан мағлұмат беретін сурет көрмесі мен «Дін – бірліктің рухани тірегі» атты деректі фильм көрсетілді.
Жиынға қатысушылар облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» және «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» жұмысымен танысты.

Мәди АЛЖАНБАЙ