ЖАСТАР ЖАТ АҒЫМҒА НЕГЕ ӘУЕС?

Уақыты: 06.02.2019
Оқылды: 1442

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құрамына жат ағымның белең алуына жол бермеу және алдын алу шаралары түсіндірілді. Талдықорған гарнизоны әскери полициясы бөлімінің аға офицері, әділет майоры Ержан Мадимаров деструктивті діни ұйымдарға тән ерекшеліктерді атап өтіп, жеке құрамның адамдармен араласуда мұқият болуларын сұрады.

Тыйым салынған ұйымдарға қатысы болған жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің  255, 256, 257, 259, 260 баптары бойынша жауапқа тартылатындарын ерекше ескертті. Оның мәліметінше, осы күнге дейін облыс бойынша әскери қызметшілер арасында экстремистік, террористік ұйымдарға қатысы бар адамдар анықталмаған.

- Жат ағымдардан келетін қауіп-қатер нашақорлықтан кем түспейді. Ғалымдар олардың жиналыс кезінде қаннан бөлініп шығатын эндорфин гормондары адам ағзасына есірткі және психотропты заттардың әсерімен бірдей болатынын дәлелдеген, - деді дәріс барысында әділет майоры Е. Мадимаров.

Оның айтуынша, санаға бақылау жүргізу арқылы секта көшбасшылары өздерінің ізбасарларын толық бағындырады. Мұндағы басты қағида – орнын, уақытын табу және адамның психологиялық жағдайына ене білу. Теріс ағымға жаңа кірген адамның көзқарасы онда ұзағырақ болғандарға қарағанда мүлдем бөлек. Оның ұйымға тезірек үйреніп, сіңіп кетуі үшін мүшелері барын салып, оны қолдаумен болады. Мұндай қарым-қатынасқа зәру адам өзге қажеттіліктері мен тілектерінен бірден бас тартып, жаңа ортаға тез бейімделе бастайды. Осылайша отбасының орнын секта алмастырады.

Елімізде астыртын жұмыс жүргізіп, қатарларын толықтырып жатқан ондай ұйымдар көбеймесе, азаяр емес. Алаңдатарлығы, олардың құрамына кіретін 2 млн-ға жуық адам 25 жасқа дейінгі жастар екені анықталды. Әсіресе, үлкен қалаларда дәстүрлі емес дін өкілдері белсенді түрде жұмыс жүргізуде.

Олар адамдарға сананы бақылау арқылы психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Жұбату, көңілін аулау, жылы сөздер айту сияқты жан тебірентерлік «әдістер» кімді болса да қармаққа оңай іліндіреді. Әсіресе, жастар жағы мұндайға сенгіш келеді. Нәтижесінде сана-сезімін сектаға билеткен жастар оқуын, жұмысын, отбасын тастап, «белгісіздіктің» құрбанына айналады.

Дертпен күрескеннен гөрі оның алдын алған жөн. Бұл тұрғыдан арнайы орталықтар бұқара халық үшін тыйым салынған ұйымдардан келер қатер туралы жадынамалар, қалта кітапшаларын, анықтама материалдарын шығарып, таратқан жөн. Ал әскери қызметшілермен осы тақырыпта жиі дәріс өткізіп, сауалнама жүргізіп, арнайы дін мамандарымен кездесу өткізіп отырған абзал.

Әр азаматтың қырағылық, сақтық танытуы, әр іске жауапкершілікпен қарауы еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Елімізде заң талаптарын қатаң сақтаушылар үшін еш кедергі жоқ. Ал қоғамға іріткі салып, елдікті бұзуға талпынғандар қатаң жазаланып, тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескерген жөн.

Жанар АМЕРЖАНОВА, 
облыстық қорғаныс істері жөніндегі
департаменттің баспасөз хатшысы