НАУРЫЗ: ШІРКЕУ ҚЫЗМЕТКЕРІ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 14.04.2019
Оқылды: 1725

Алматы облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өңірдегі діни бірлестіктер жетекшілер Клубының кезекті отырысын өткізіп, дінаралық қарым-қатынасты нығайтудың тетіктерін қарастырды. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт: Дін. Дәуір. Дәстүр» атты жиынға шақырылғандар алдымен қазақ халқының ұлттық құндылықтарына арналған көрмені тамашалап, «Дін мен дәстүр» атты арнайы бейнефильмді көріп шықты.

Алқалы жиынды жүргізген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов еліміздегі береке-бірліктің бастауында жергілікті халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы, жанашырлығы жатқандығын атап өтіп, кеңестік идеологияның қуғындауымен Ұлы Далаға айдалған ұлттар мен ұлыстарға құшағын ашқан қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің өміршеңдігін тілге тиек етті.

Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова, облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаев, Талдықорғандағы «Жетісу» мешітінің бас имамы Мұхамед Ордабай, Иоанн Богослов соборының иереймонахы Александр Матлашов, «Қасиетті Дева Мария» рим-католик шіркеуінің бас викариі Юлиан Манковски кезекпен сөз алып, жыл басы – әз Наурыз жайлы ойларын ортаға салды.

Көктемгі күн мен түннің теңелуінде адамзатқа ортақ құндылықтар жатқандығын, солар арқылы халықтар мен ұлттар арасындағы мәдениеттің қалыптасқандығын айтушылардың ойы бір арнаға тоғысып, халқымыздың ұлттық мерекесі – бейбітшіліктің, ынтымақтың, береке-бірліктің бастауына айналуы керектігі әңгімеленді.

Жиынға қатысушылар "дөңгелек үстелдің" соңында Тіл сарайы ғимаратының ауласына ағаш көшетін отырғызып, Жетісу жеріндегі тыныштықтың, тұрақтылықтың, бейбітшіліктің белгісіне айналсын деген тілектерін білдірді. Клуб отырысына қатысушылар жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, қымыз, шұбат, құрт-ірімшік, наурызкөже сынды ұлттық тағамдар қойылған дастарқаннан дәм татты.

Мәди АЛЖАНБАЙ