ТЕГІН ҚАЖЫЛЫҚ: САУДИЯ КОРОЛІНІҢ ӘЛЕМ МҰСЫЛМАНДАРЫНА ТАРТУЫ

Уақыты: 28.08.2019
Оқылды: 1813

Қажылық туралы әңгіме тиегі ағытыла қалса, қыруар қаржы жинаудың машақаты көз алдымызға елестеп, бізге тән еместей көрініп, теріс бұрылуға дайын тұратынбыз. Тіпті, иісі мұсылманның бесінші парызын парықтай алмай, пендешілікке салынғанымызды қалай жасырайық?! Өйткені, ғұмырыңда бір мәрте міндеттелген қажылықты тек жағдайы бар, дәулеті асып-тасыған адамдарға тән дүние, бізге не жорық, ғайыптан тайып ақшаға кенеле қалсақ, қартайғанда бара жатармыз деп томпақтау түсініп келіппіз. Алдымыздағы қас-қағым уақытты болжай алмайтын әлсіз адам құлшылықты қартайған шаққа қалдырып, неге ғана бейқамдыққа салынады екен?! Қажылық қаржылық өремен өлшенбейтінін ұғынған сәтте, дәлірек айтсақ, он сегіз мың ғаламның Иесі ұқтырған сағатта ұлы сапарға тұрмыстық сылтауды себепші етіп, салғырттық танытып жүргеніміз үшін қатты ұялдық та. Осы ойдың жетегінде, бәлкім, он, жиырма, бәлкім, қырық-елу жыл әлде соңғы тынысымыз шыққанша жүре берер ме едік, қайтер едік, егер ұлы нығмет нәсіп болып, барша мұсылманның мінәжат мекеніне жол түспегенде?! Ұлы сапарға қамданыс басталғаннан жүрек шіркін өрекпіп, терең толқынысты бастан кешірдік. Сауд Арабиясы Корольдігінің қажылық парызымызды өтеуге арналған шақыртуын ары-беріден соң Алланың шақыртуы деп қабылдаған тұста тіптен әз-сезімге бөленіп, ақ мекенге деген ынтызарлығымыз арта түсті. Бұл сапардан біз нәсіптің, тағдыр тақтасының, «Жаратқан қажылыққа келетін адамның есімін Қадір түнінде жазып қояды екен» дейтін танымал тәмсілдің мәнін жаңа қырынан қабылдап, адамның емес, Алланың ғана қалауы болатынын, әлі де жұмбағы көп жұмыр жер, ғалымдар шегін таппаған аспан әлемі құдіреті күшті Жаппардың бақылауында тұратынын тағы да бір ұғынып қайттық.

Қонақ

Жаһанданудың жез құрсауы жан-жағымызды темір-тіршілікпен шегендеп, буын-буынымызды бүріп тастаған ба, қалай өзі?! Әңгіме ауаны құлшылыққа қарай ауа қалса, етек-жеңімізді жинап, үрке қарайтын әдет таптық. Пайғамбар дәуіріндегі алтын ғасырдан, әл-Фараби мен А. Иасауи заманындағы өркениеттен, сол жылдардағы зейін мен ынты-ықыластан ажырап бара жатқандаймыз. Құранда қарғыс алған әлгі бір надандық дәуірінің адамдары қазір де ортамызда жүргендей әсер береді. Жоқ нәрсеге сену қиындап, қайсы, көзіме көрсетші дейтін кереғарлардың қатары көбейгендей. Оның үстіне, әлем алдында ислам мен террорды қатар алып қарайтын керзаманға кездестік. Күнделікті ақпарат құралдарынан террорлық іс-әрекеттің бәрі радикалды ислам ұйымдарымен ұштасатынын көргенімізбен, мұның ар жағында мейірімділік пен кешірімді алға қойған мұсылманшылыққа кір жағылып жатқанын түсінушілер аз. Дінді саяси құралға айналдырып, қарулы қақтығыстарға себепші еткен түрлі топтарға лағынет деуден басқа шара бар ма?! Бүгінгі жастардың, біздің буынның қабылдауында осындай шым-шытырық ақпараттар ислам дінімен дәргейлес жүреді. Ең қиыны, ислам дінін мейірім мен ізгіліктің бастамашысы екенін түсініп, ала-құла ақпарат пен саяси құралдардан ажыратып алып қабылдау күрделене түскен. «Мұсылман діні шоқ ұстағанмен бірдей болады» дейтін дәуір тап қазір келгендей.

Қаншама қара күйе жағылғанына, қаншама саяси ұйымдардың жымысқы әрекеттеріне, ақпараттық шабуылдарына қарамастан, саф дініміздің шынайы бейнесіне нұқсан келген жоқ. Мұны біз бесінші парызын атқаруға ағылған миллиондаған мұсылманды көргенде, екі метр ақ матаға оранған, «Міне, Алла, мен сенің алдыңдамын» деп сан мәрте қайталап, қасиетті Қағбаны толассыз айналып жатқан лек-лек қажылардың ортасында жүргенде анық байқадық. Мекке мен Медина – қос қасиетті қаланы бетке алып, қапырық ыстыққа сабыр танытып, бар ниетін Аллаға бұрып, парыз етілген рәсімдерді ыждаһатпен орындауға асыққан ақ жандардың әрекеті жүректі жібітіп, дүниелік істерді ұмыттырып жіберді. Әсіресе, тарихи сапарға шығар алдында имамдардың, дін өкілдерінің аузынан естіген «Алланың қонағысың» деген сөз қатты әсер етті. Қажылыққа сапар шеккендерге айтылар сөз бір жағы қанаттандырса, бір жағы өзіңді, ішкі әлеміңді түзеуге түрткі болады. Қажылықта жоғарыда жазылған саяси құралдың сықпыты да, түрлі діни ұйымның жымысқы мүддесі де жоқ, таза, мөлдір, риясыз сенімнің, саф исламның шынайы көрінісі ғана бар. Алланың алдындағы қонақтар тек құлшылықты, өткен күнә-кемшіліктері үшін кешу сұрауды, болашағына түзу жол тілеуді ғана ойлайды. Өмірдің негізгі мәнін түсіндіретін ұлы сапарда миллиондардың кеудесіне сәуле құйылып, әрбір иненің жасуындай жақсылығын еселеп арттырып, сансыз сауаптан жазылатыны айтылған. Лек-лек топтың ортасында тегін сусын таратып жүрген адамдар, ыстықтан қажып, жаяу-жалпылап келе жатқандарға дым бүркіп тұрған полиция қызметкерлері ол сауаптың қадірін терең сезінеді.

Әдетте, қазақ қонақ күтудің бүкіл қағидасын өмірлік дәстүріне енгізген данышпан халық қой. Бала кезімізден ата-анамыз жылы-жұмсақтың бәрін бізден тығып, қонақтарға сақтап отыратын. Үй есігінен мейман аттаса, балалардың көзі бал-бұл жанатын. Үлкендер «он ырыс кіргізіп, біреуін ғана өзімен ала кететін» меймандарға қуанса, біз талайдан бері қол жеткізбеген түрлі тәттілерді жейміз деп мәз-мейрам болушы едік. Ал осы қонақтың құндылығын Алланың өлшемімен таразылаған сәтте мүлдем бөлек күй кештік. Туған-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс қонаққа шақырса, барымызды киіп, бірнеше күн бұрын дайындалып, уақытымызды ыңғайлап, әлекке түсеміз. Сол кісі туралы жақсы сөздер айтып, тілегімізді жаудырып, алғыс айтамыз. Алланың алдында ше? Ұлы құдірет иесінің алдына ықылас-пейіліңізді түзеп, екі метр ақ матаға оранып барсаңыз жеткілікті. Оған сіздің сыртыңызды сәндеп, әбігерге түскеніңіз қажет емес. Жүректегі зікіріңізге, ниетіңізге, құлшылығыңызға қарайтын, жасаған жақсылығыңыздың сауабын елеп-ескеріп, еселеп жіберетін құдірет Иесі қажет десеңіз, анадан жаңа туғандай күнәсіз кейіпке ендіруі мүмкін. Ата салтымызда қонақты төбемізге көтеріп қадірлейміз, қалау-өтінішін де жерге қалдырмайтын кеңпейіл ел екеніміз бесенеден белгілі. Алла да қонағының талап-тілегін, өтініш-ниетін ескерусіз қалдырмайды. Қасиетті Қағба аумағындағы дұға-тілектер тез қабыл болатыны, бір намаздың өзіне бірнеше есе оқылғандай сауап жазылатыны сондықтан шығар?!

Алыстан келген қонағының қалауын орындайтын, оның алдына ақ пейілмен дастарқан жаятын қазақ халқы үшін қажылықтың орны тіптен басқа. Арыға бармай-ақ, бертіндегі Құнанбайдай ел билеген сұлтандардың, Шәкәрімдей сөз тізгінін ұстаған ақын, жыраулардың қажылыққа жылдап сапар шегіп, сауапты амалдар жасап қайтқаны көз алдымызға елестеді. Ол ол ма, Құнанбай қажының Мекке маңында келген қонақтар түсіп, демалатын шағын құлшылық үйін тұрғызғаны туралы мәліметтер тіптен адамды тебірентеді. Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласынан Стамбұлға көтерілгенде де, Сауд Арабиясының Қызыл теңіз жағасындағы алып шаһары – Жиддаға қонғанда да осы ойдың жетегінде болдық. Қазақтан шыққан, өнегелі із қалдырған қажылардың өмірін жадымызға тоқып, бесінші парызымызды адал атқаруға ниеттендік.

Ұлы сапар

«Сұрай-сұрай Меккеге баратын» заман емес. Қанатты техникамен санаулы сағатта Арабия түбегіне қонатын қарбалас заман. Сауд Арабиясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі қызметкерлерінің атсалысуымен он адам ұлы сапарға дайындалдық. Корольдіктің шақыртуымен болғандықтан ба, қажылықта киетін ихрам, аяққа ілетін, тігілмеген тәпішкеге дейін өздері ұсынды. Тіпті, Мекке қаласында күн астында ұстап жүретін қолшатыр, жеке заттарымызды салатын екі түрлі сөмке берілді. Сауд Арабиясының нөмірімен ұялы телефон да сыйға тартылды. Сонымен бірге, ұшақпен барып-қайту билеттері де алдын ала алынып, төленіп қойған. Былайша айтқанда, қажылық рәсімдерді орындап, құлшылық жасаймын деген жанға жол ашылды. Ары қарайғы қадам тікелей өзіңізге байланысты.

Корольдіктің арнайы бағдарламасы аясында іске асып жатқан бұл сапарда көкейге түйгеніміз көп болды. Қанша жерден иілмейтін, имандылыққа күдік-күмәнмен қарайтын адамдардың өзі жақсылық жасауға асығып, бір құдіреттің барына иланып, жүрегін бүлк еткізетін қасиетті орын осы Қағба орналасқан әл-Харам мешіті екеніне көз жеткізеді. Әрбір мұсылманның арман-аңсары қасиетті Қағба болса, оған Алланың қалауымен жол ашылып тұрса, әрине, одан асқан бақыт жоқ. Құрбан Айт қарсаңындағы сапарымыздың қаншалықты мағыналы, қаншалықты тағылымды екенін ұшаққа отырғанда шынайы сезіндік. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласынан Стамбұлға қонғанда жан-жақтан жиналған мұсылмандарды, қажылық парызын өтеуге аттанған ізгі жандарды көзіміз шалғанда Қағбаны көрсек деген, тезірек бесінші парызымызды өтесек деген ынтызарлығымыз ұлғая берді.

Стамбұл – көне шаһар. Қаланың мәртебесі тоғыз жолдың торабында орналасуымен де жоғары. Құрлық пен су жолдарын жалғап жатқан мәдениет пен сауданың алып шаһары ХХ ғасырдан бастап әуе кеңістігінде де танымалдылыққа ие болды. Еуропа, Азия және Африка әуе кемелерінің Стамбұлды айналып ұшатындары сирек. Бұл қалаға қазақтың талай ғұламаларының табаны тиген. Стамбұл барып, оқып келіпті деген атақ ел ішінде бертінге дейін айтылып келді. Шәкәрім қажының Түркия еліне сапарлауы, шығыс мәдениетімен, әдебиетімен сусындап, Абай ұстазы жете алмаған рухани азықты арқалап қайтуы білім-ғылымға деген шексіз құштарлықты білдірсе керек. Сондай-ақ, тарихта әйгілі қайраткер, киелі өнер иесі Қапез Байғабылұлы да Стамбұл барып, білімін толықтырған.

Уақыттың тарлығына байланысты бабалар табаны тиген Стамбұлды аралауға мүмкіндік болмады. Оның үстіне, Стамбұлдың жаңа ашылған әуежайы өте үлкен. Естуімізше, әлемдегі ең үлкен ұшақ қонатын орын. Бір шетінен бір шетіне жетудің өзі біршама уақытты алады. Оның үстіне, әуежай қаладан алыстау орналасқандықтан, ұзап шығу ұшаққа кешігу қаупін жоғарылатады. Былтыр ашылған Стамбұл халықаралық әуежайы ХХІ ғасыр талаптарына сай жасалған. Әуежай ішінде кез келген жолаушы үшін тегін WiFi ғаламтор желісі іске қосылған. Ұялы телефоныңыздағы ұяшықтан арнайы тіркеуден өтсеңіз жеткілікті. Бір байқағанымыз, Стамбұл әуежайында жүргендердің көбін трансфер бойынша күту залында отырған жолаушылар құрайды. Ішкі рейстер аз.

Стамбұл халықаралық әуежайының ерекшелігі, қажылардың құлшылығына да мол мүмкіндіктер қарастырылған. Намаз оқитын бөлмелер арнайы белгілермен көрсетіліп тұрады. Тіпті, толықтай жуынатын себезгі бөлмелері де бар. Азия елдерінен аттанған қажылардың көбі осы жерде тоқайластық. Корольдік біздің билетімізге арнайы күту залын қосымша төлеген болып шықты. Қазақстаннан барған он адам оқшауланған күту залында тегін тамақтанып, арнайы орындарда аяғымызды созып, көз шырымын алдық. Уақыт толас тапқан ба, төрт сағатта Жидда бағытында ұшатын әуе кемесіне отырғызу басталғаны хабарланды. Біздер ұшақта емес, әуежай ішінде ихрамға өттік. Ұшақта арнайы миқат (ихрам киюге міндетті Мекке өңірі) аймағына кіргенде хабарландыру беріледі. Бірақ ұшақта киім ауыстыру ыңғайсыздық тудыратындықтан, біз алдын ала әуежайда ғұсыл-дәретімізді алып, тәлбия («Міне, Алла, мен сенің алдыңдамын! Сенде серік жоқ. Бүкіл мақтау, жақсылық саған тән» деген мағынадағы дұға) айтып, ихрамға (қажылыққа баратын адамдардың харам істерден тыйылып, екі метр көлеміндегі екі ақ матаға орануы және тігілмеген киім киюі, сүйісуден, жыныстық қатынастан, жаман ойлаудан аулақ болуы) кірдік. Ихрамға өтудің талабы сол, аяқ-қол тырнағы, денеңдегі түктердің алынуы және ақ матадан өзге бірде-бір киімнің болмауы.

Тәлбия айту Стамбұл – Жидда бағытындағы ұшаққа отыру сәтінен басталды. Әр елден жиналған мұсылмандар бір деммен «Ләббәйк Аллаһума ләббәйк» деп дауыстаған кезде 10-11 мың метр биіктікте құстай ұшып келе жатқан ұшақ іші жаңғырып, аспан әлемі қосыла дұға еткендей әсер қалдырды. Жаттап үлгермеген жолаушылар болса, ұшақ ішіндегі хормен айтылған дұғаны екінші-үшінші қайталағанда-ақ жадына тоқиды. Стамбұл мен Жидда аралығында ұшу 3,5-4 сағатты қамтиды. Сауд Арабиясы әуе компаниясының ұшқыштары әр хабарландыру соңында «Ассалаумағалейкум уә рахматтулахи уә бәрәкәтүһ» деген сөзді міндетті түрде қосып айтады. Сондай-ақ, қонатын кезде де Алланың қалауымен ұшақ қонуға жақындағанын, қауіпсіздік белдіктерін тағу қажеттігін ескертеді. Әуе кемесін сағатына 800-900 шақырым жылдамдықпен басқарып келе жатқан ұшқыштардың Алланы аузынан тастамауы біздерге үлкен әсер сыйлады әрі таңсық көрінді.

Құрмет

Қара теңізден көтерілген ұшақ Арабия түбегінің батыс бөлігіне аман-есен қонды. Түбектің қолтығына еніп жатқан Қызыл теңізді тек географиялық карта бетінен көргеніміз болмаса, бетпе-бет жақындауымыз бірінші рет. Жидда халықаралық әуежайынан шыққан кезде теңіздің жап-жақын тұрғаны байқалды. Әдетте су жағалауларынан салқын леп есіп тұрушы еді. Мына жерде ыстық жалын жұтып жатқандай әсер алдық. Ауа жұтқан сайын өзегіміз өртеніп жатқандай. Құрғақ шөлдің ауасы қаланың теңіз жағалауында жатқанын мүлдем ұмыттырып жібереді. Жүк таситын жұмысшыларда есеп жоқ. Бізді арнайы күтіп алған Корольдік өкілдері автобусқа бастап жүрді. Әуежайда қазақстандықтар екенімізді сұрап-біліп, сөмкелерімізді алып, автобусқа жайғастық. Қапырық ыстық өңешті күйдіреді. Бір Бангладеш жігіті бізге еріп, сөмкемізді тегін сүйретіп әкетті. Алғашында қажет емес деп бас тартып көріп едік, түрімізден ойымызды оқып қойды да, ақша керек еместігін айтты. Бірақ Қазақстанның ақшасы қалай аталатынын ағылшын тілінде сұрап жатыр. Біз: «Теңге», – дедік. Қара жігіт теңге деген сөзді ұмытып қалмайын дегендей іштей бірнеше рет қайталап, ризашылығын білдірді.

Жидда мен Мекке қаласының арасы шамамен 70 шақырым. Біз мінген автобус қара жолмен атылған оқтай зулап келеді. Сыртынан қараған адамға қоғамдық көліктің терезі жоқ секілді. Бірақ ішке енгенде сыртқы әлем ап-анық көрінеді. Автобус басқа көліктерден өзгеше жасалған, ішінде арнайы телефон құрылғыларын қуаттайтын нүктелері бар. Кондиционер тоқтаусыз қосылып тұрады. Сонымен бірге, автобус магнитоласынан Құран аяттары өшірілмейді. Автобус ішінде де WiFi қосылған. Мұндай техникалық мүмкіншіліктеріне қарап, Сауд Арабиясын жабық мемлекеттердің қатарына жатқызу қиын. Біздің автобустардың сыртында Сауд Арабиясы Королі Салман ибн Абдул Әзиз әл-Саудтың және тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салманның суреті бейнеленген және бағдарламаның атауы жазылған.

Жидда әуежайынан бастап қарбалас байқалады. Үлкен қажылыққа ағылған, әр аймақтан ұшып келген халық қарасы көп. Бәрі қоғамдық көліктерге, жеңіл машиналарға отырып, асығыс Меккеге аттанып жатыр. Мекке мен Жидда арасын жалғайтын көпжолақты жол көлікке толы. Жолдың екі шетінде шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды көбірек байқауға болады. Таулы, қыратты жол жиектерінде қараусыз қалған, істен шыққан ескі көліктерді де көп кезіктіресіз. Кейбір жерде жартылай бітпей қалған құрылыс нысандарын, қоршауы бұзылған ғимараттарды көруге болады. Әрине, дәл Құрбан Айт кезінде 3 миллионға жетіп-жығылатын адамды қабылдап, Меккеге орналастыру оңай шаруа емес. Қоқыс жинайтын арнайы жұмыс тобы жүргенімен, миллиондаған адамның ортасында тап-тұйнақтай тазалық сақтаудың реті келмей қалады. Әсіресе, қажылар көп жүретін Мекке ішіндегі көшелерде, әл-Харам мешітінің маңында жанталаса еден сүртіп жүргендерді көріп, аяп та кетесің. Үлгермей жататыны көрер көзге анық байқалады.

Қажылық рәсімін өтеуге келген қонақтарға саудиялықтардың көрсететін құрметі ерекше. Біз Қағбадан 6 шақырым қашықтықтағы «Миллениум» қонақүйіне түстік. Мұнда да қонақүйдің іші-сыртына Король мен оның тақ мұрагерінің суреттері ілінген. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, Саудияда мемлекет шеңберінде «Көкжиек – 2030» бағдарламасы қабылданыпты. Бұл Стратегия жас тақ мұрагері Мұхамед ибн Салманның ықпалымен қолға алынған деп айтылады. Мақсаты – Сауд Арабиясын мұнайға тәуелділіктен құтқарып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды реттеу, дамудың жаңа жолына түсу, 2030 жылға дейін бүкіл Еуропаның, Азия мен Африканың түйіскен тұсында мықты мемлекетке айналу, тұрақты экономика, ішкі өнімнің өсуі секілді айқын мақсат пен міндет қойылған. Біздің келуіміз де осы «Көкжиек – 2030. Сауд Арабиясы» мемлекеттік жобасы аясында жүзеге асты. Өйткені, біз жатқан қонақүйде, жол бойларында және автобустарда осы Стратегия туралы мәліметтер ілінген. «Менің ең бірінші мақсатым – біздің елдің дүниежүзінде табыскер әрі жетекші модель мемлекетке айналуын қамтамасыз ету. Мен осы бағытта халқыммен бірге жұмыс істейтін боламын», – деп жазылған тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салманның сөздерін Саудия сайттарынан оқи аласыз. Бұл сөзді біз Арабия түбегінің даму бағытын айқындап тұрған ұранға ұқсаттық.

Біздерді, дәлірек айтсақ, әлемнің 79 елінен келген мұсылмандарды қос қасиетті мешіттің қызметшісі, Король Салман ибн Абдул Әзиз әл-Саудтың қажылыққа шақыру бағдарламасы бойынша күтті. Мұндағы қос қасиетті орын деп отырғаны – Меккедегі Қағба орналасқан әл-Харам мешіті және Мединадағы Пайғамбар мешіті. Бүкіл мемлекеттің басшысы, Король Салманның өзін мешіт қызметшісі деп атауы бір жағы қарапайымдылықты білдірсе, бір жағы, бүкіл ислам әлеміне деген құрметін, әлемдегі мұсылмандарға деген қамқорлығын көрсетіп тұрды. Саудия сайттарындағы мәлімет бойынша, биыл үлкен және кіші қажылыққа Корольдің жеке қаржысы есебінен 6500 адам шақырылған. Ал Сауд Арабиясының Қазақстандағы Елшілігі Корольдің шақыртуымен тек үлкен қажылықты өтеуге 1300 адам барғаны туралы ақпарат ұсынды. Оның ішінде, әсіресе, Алла жолында зардап шеккен палестиналықтарға, жақында ғана терракт болған Жаңа Зеландиядағы екі мешіттің жамағатына, Иемендегі ұлттық әскердің отбасыларына деген қамқорлығы ерекше. Өзге мемлекеттерден 10-30 аралығында қонақтар шақырылса, ал мешіттегі атыс кезінде зардап шеккен жаңазеландиялық мұсылмандардан 200-ге жуық адам қажылық парыздарын өтеуге келді.

Құлшылық

Бізге Корольдің арнайы шақырту бағдарламасы жайлы егжей-тегжейлі Сауд Арабиясының Ислам ісі жөніндегі министрлігінде жауапты үйлестіруші болып қызмет атқаратын Абдул Азиз әл-Азха түсіндірді. Оның айтуынша, Корольдің бағдарламасы әлемдегі мұсылмандардың бесінші парызын орындауға үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл бастаманы Корольдің әлемдегі мұсылмандарға деген қамқорлығы, қайырымдылығы деп түсінген жөн. Мұндай шақырту Сауд Арабиясында 1996 жылдан бері басталған. Бағдарлама тек қажылық рәсімдерді орындауға ғана мүмкіндік туғызбайды, сонымен бірге, Сауд Арабиясының мәдени, тарихи жерлерін аралауға, Мекке мен Мединадағы Пайғамбар ізі қалған орындарға баруға жол ашады. Сапар аясында бізге Қағба жанындағы, әл-Харам мешітіне кіреберістегі әйгілі Корольдіктің сағат мұнарасына көтерілудің сәті түсті. Бұл мұнараның басында әлемдегі ең биік сағат орналасқан. Ғимараттың биіктігі 601 метрді құрайды. Барлығы 120 қабаттан тұрады. Бұл сағат Лондондағы «Биг-бен» сағатынан алты есе үлкен. Сағаттың астында Мекке тарихынан сыр шертетін және Құран аяттары мен ғылымды ұштастыра дәлелдеген музей бар. Кез келген қажы кіруі тиіс музей дер едік. Кіру құны теңгеге шаққанда, 15 мың теңге. Сондай-ақ, Қағбаның сыртындағы қара шүберекті тігетін фабрикамен, әл-Харам мешітінің музейімен таныстық.

Қазақстаннан барған он адам министрліктің өкілі Абдул Әзизге шын жүректен алғысымызды жеткізіп, Корольдікке және бізге барынша жағдай жасап, алаңсыз құлшылық етуімізге мүмкіндік туғызып жүрген Қажылық, умра министрлігінің, «Миллениум» қонақүйінің қызметкерлеріне рахметімізді айттық. Осындай қамқорлық пен жағдайдың арқасында біздер, Корольдің шақыртуымен келген мыңдаған Алла қонағы алдымен кіші, сосын үлкен қажылығымызды өтедік. Күнделікті жүріп-тұруымыз, тамағымыздан бөлек, Корольдік есебінен құрбандық малы да сойылды. Біздің ойымызша, әлемде Алла жолында қажылық жасауға дәл осылай қайырымдылық көрсетіп отырған бірде-бір тұлға жоқ. Туған еліміздің амандығын, өсіп-өркендеуін тілеуден бөлек, Сауд Арабиясы Корольдігінің қайырымдылығын әр дұғамызда қосып, өзіне және отбасына амандық сұрап, сауаптан жазғай деп ниет еттік.

Үлкен қажылықтың рәсімдері ауқымды. Мәселен, кіші қажылықта (қазақша осылай дегенімізбен мұның аты қажылық емес, умра) Қағбаны жеті рет айналу, Сафа мен Маруа қыраттарының арасын жеті мәрте жүгіріп өту және шаш қиюмен тәмамдалады. Ал үлкен қажылықта Құрбан айттан бір күн бұрын, яғни, Арафатта тұрдық. Бұл жер Адам ата мен Хауа ана кездескен, күнәлары кешірілген аймақ. Мұнда бесін мен екінті, ақшам мен құптан намаздары бірге оқылады да, адамдар күні бойы дұға-тілек тілейді. Одан кейінгі рәсім Мұздалифа, Мина жазықтарында жалғасады. Мұнда үш күн бойы түнеп, шайтанға тас лақтыру рәсімі жасалады. Ал одан кейін Қағбаны жеті рет айналып, шаш қиылады. Шашты жеті жерден қайшымен кесу де жеткілікті. Әрине, бұл рәсімдер кез келген мұсылман баласы үшін түсінікті.

Қағбаның бұрышындағы тасты сүю абзал болғанымен оған жақындау үшін арнайы мақсат қоюға тура келеді. Сыртынан айналып, дәл тастың тұсынан өткенде қол көтеріп, Аллаһуәкбар деп дұға жасау дұрыс. Бірақ бізде тасты сүюге деген ынтызарлық күшті болды. Алланың қалауымен ол да бұйырды. Адамдардың көптігіне қарамастан, мүмкіндігінше сабыр сақтап, жақындау қажет. Ол жердегі адамдардың тасты көруге, сүюге деген ықыласы жоғары. Сол себепті сырт көзге бірін-бірі итеріп жатқандай көрінеді. Мұқият қарасақ, олай емес. Шын мәнінде, қара тасқа тез жақындау үшін Қағба түбіндегі екінші қатармен жылжып отырған абзал. Ал тіке бару мүмкін емес.

Осы жолғы үлкен қажылықта үш миллионға жуық мұсылман бесінші парызын орындап қайтты. Оның ішінде, қазақстандық 3200 қажы болды. Қазақстандық компаниялар алып барған қажылармен тауап жасау кезінде (Қағбаны айналу) жолығысып қалып жүрдік. Сонымен бірге, Монғолияның, Қытайдың қазақтарын кезіктіріп, бір жасап қалдық. Біздің түсінгеніміз, кейбір мемлекеттер қажылыққа жылдап кезекке тұрып, әзер жетеді. Ал біздің елде салыстырмалы түрде айтқанда бесінші парызымызды атқаруға мүмкіншілік өте көп. Кеудесіне қысқан шаранасымен, жатын орын таппай, кез келген тұсқа жата-жастана кететін, күні-түні құлшылығын тоқтатпайтын адамдарды жолықтырғанда, жаяу-жалпылап Арафат тауы мен Мина жазығында жөңкілген адамдар легін көргенде, қоғамдық көліктердің төбесіне дейін шығып алып, Алладан дұға тілеп тұрған мұсылмандарды көзің шалғанда еріксіз жүрегің елжірейді. Миллиондаған адам болса да, бір-біріне қол ұшын созуға ұмтылған, қамқор жандар иманыңды күшейтіп, бойыңдағы бар ізгі сезімдерді оятады. Бәріне көмектескің келіп тұрады.

Қажылықтың орны бөлек екенін Меккеге жеткенде терең түсіндік. Елден қаншама адамның аманатын арқалай келген едік. Ол аманаты – қасиетті Қағба жанында тұрып дұға тілеу. Осыдан-ақ барша иісі мұсылманның киелі мекенге деген ынта-ықыласын аңғару қиын емес. Әрине, барлық жақындарымыздың, ағайын-туыс, әріптес, жора-жолдастың өтініштерін жерге тастамай, Алладан қабыл етуін сұрадық. Алла ауру-сырқаудан, ашу-ызадан, нәпсіге еріп кетуден сақтасын, отбасы, бала-шағаларыңыз аман болсын, табыстарыңыз адал жолмен келіп, берекесі артсын деген ізгі тілектерді миллиондаған адамның тілінен ұқпасақ та, түрінен түсініп тұрдық. Арафат тауында тұрып, Мұздалифа даласында аялдап, Мина жазығында түнегенде де тіліміз әртүрлі мұсылмандар бір атаның баласындай ғұмыр кештік. Сеніміміз бір, бағытымыз айқын. Алланың құдіреті, Арафатта тұрған сәтте және Құрбан айт күндері Адам ата мен Хауа ана кездескен, Ибрагим, Мұхаммед пайғамбарлардың (с.ғ.с) ізі қалған қасиетті мекенде жаңбыр жауып тұрды. Ал сауапты іс істеп қалуға ұмтылған миллиондарды көргенде көзге жас үйіріледі. Үш миллионға жуық бірыңғай екі метр ақ ихрамға оранған (кебінге) жандардың «Алла, міне, мен сенің алдыңдамын» деп ұрандатып келе жатқан нөпірін көргенде еріксіз толқисыз.

Қоштасу

Қоштасу тауабындағы әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қайтып жол түсе ме, түспей ме деген ойдың жетегінде қимастықпен қарайсыз. Ибраһим пайғамбар тұрғызған, табанының ізі сақталған, Ажар анамыздың Сафа мен Маруа тауларының арасында су іздеп жүгірген, кішкентай бөпе – Исмайылдың өкшесімен тебініп, құм арасынан су шығарған, қанша ішсеңіз де, сіңіп кете беретін зәмзәмы бар ең қасиетті жермен қоштасу қандай қиын еді десеңізші?!

Қажылық сапарымыздың соңы мамыражай Медина қаласында жалғасты. Пайғамбар мешіті орналасқан қасиетті шаһар. Қалада қасиетті орындар көп. Соның ішінде әйгілі Ухуд тау сілемдерін айтуға болады. Алла жолындағы қанды қақтығыста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең сенімді қарулас серіктері осы жерде қаза табады. Оның ішінде ағасы, әкесінің бауыры, батыр Хамза да бар. Біз шайқаста шейіт болған сахабалардың мазарына зиярат етіп, Құран бағыштадық. Тарихи орын Медина қаласынан шамамен 5 шақырым жерде екен.

Келесі күні Пайғамбар мешітінің оңтүстік-шығыс аймағында орналасқан әл-Бақи зиратына бардық. Мұнда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген, замандас болған, ислам дінінің қанат жаюына жан-тәнімен септескен, «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» деп саф сеніммен өмірден көшкен 10 мыңнан аса сахаба жерленген. Пайғамбар дәуірінен жеткен қабірстан арнайы қоршауға алынып, мемлекет қорғауында тұр. Таң мен ақшам намазына дейінгі аралықта келем деушілерге есік ашық. Мазарға кіреберістегі тақтада «Фатиха» мен «Ясин» сүресін оқудың абзал екендігі жазылған. Медина қаласындағы сахабалардың мәңгілік мекеніне біз де зиярат етіп, Құран оқыдық. Жаратқан әз-Пайғамбардың дауысын естіп, тізе қосып, ізгілік жолында із қалдырған сахабалардың мәртебесін биіктеткей деп дұға жасадық.

Меккеде де, Мединада да ауа температурасы 40-45 градус ыстықтан ауытқыған жоқ. Сауд Арабиясында жұма және сенбі күндері ресми демалыс, мекемелер жұмыс істемейді. Жұма күні мешітке ағылған халықта есеп жоқ. Сонымен бірге, азан шақырылған уақытта барлық қызмет тоқтайды. Дүкендегі сатушы да, мекемедегі жауапты қызметкерлер де, тіпті, полицейлер де кезек-кезек намаздарын оқуға асығады. Ал намаз уақытында сауда жасап тұрған адамдар арнайы заңмен жауапқа тартылады. Бізге мұны Мединадағы зергерлік бұйымдар сататын дүкенші түсіндірді.

Бес мезет намаздан бөлек, қала тұрғындары демалыс уақытының көбін мешіт ішінде Құран Кәрім оқумен өткізеді. Соңғы пайғамбар, адамзаттың асылы, жиырма үш жыл жер бетіне мейірім нұрын сеуіп, кейінгілерге кемел жол салып кеткен Мұхаммед (с.ғ.с) сардар қазір Пайғамбар мешіті деген атауға ие киелі жерде тұрды. Осы жерде отбасы бақытына бөленді. Жасыл күмбездің астында тыныс тапқан ардақты жанның жанында сағатына мыңдаған адам Аллаға мінәжат етіп, құлшылық жасайды. Пайғамбар мазарының маңында дұға-тілектер тез қабыл болатынын олар жақсы біледі. Әйгілі Әбубәкір мен халиф Омар да осында жерленген. Қағбадан кейінгі қасиетті мешітке бір миллион адам емін-еркін сыяды.

Екі аптаға жалғасқан ұлы сапарымыз аяқталды. Сауд Арабиясы Корольдігінің ұйымдастыру қызметіне ризашылығымызды білдіріп, Медина – Стамбұл бағытындағы ұшаққа отырдық. Ары қарай туған жеріміз, кең-байтақ Ұлы даламыз, жусан аңқыған қазақ жеріне қанат қақтық. Барша мұсылманның қажылығын қабыл еткей, Алла!

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Нұр-Сұлтан – Стамбұл – Жидда – Мекке – Медина – Стамбұл – Нұр-Сұлтан