"ҚҰЛШЫЛЫҚТЫ СПОРТ ЗАЛЫНДА ЖАСАЙТЫН": МЕШІТКЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 06.11.2019
Оқылды: 1413

Бәйтерек ауылында 2007 жылға дейін бірде-бір мешіттің болмауы жамағаттың жанына бататын. Иісі мұсылманның осы бір қыжалатын байқаған атымтай жомарт азамат Нұрлан Қазанғапұлы сол жылдардағы ауыл әкімі Осман Абибовқа кіріп, Алланың жердегі үйі – мешіт салуға жер сұраған. Кәсіпкердің бұл ұсынысын қуана құптаған ауыл басшысы сөзбұйдаға салмай-ақ бірден мешіт тұрғызуға қолайлы жер телімін тауып береді.

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, Нұрланның ісін оң көрген жамағат жатпай-тұрмай қолғабыс жасап, осы мешіттің қысқа мерзімде бой көтеруіне атсалысқан. Арада он екі жыл өткен соң мешіттің іргесі кеңейтілумен қатар іші-сырты заманауи материалдармен қайта қапталып, жаңаша сипатта безендіріліп, жылу жүйелері жаңартылды. Осылайша бұрынғыдан да ажарлы әрі әсемдене түскен мешітке  Жетісу өңірінің тарихи тұлғаларының бірі Қосқұлақ Қалдауұлының есімі берілді.

– Осы ауылда 1960 жылдан бері тұрамын. Ол жылдары қазақ отбасы 4-ақ үй болдық. Кейіндеп қатарымыз көбейді. Мұсылман бауырлар Айт мерекелерінде Құдайға құлшылығын мектептің спорт залында жасайтын. Осыдан он шақты жыл бұрын осы мешіт салынып, ауыл мұсылмандарының мінәжат етуіне жақсы жағдай жасалды, – дейді күмбезді мешіттің тарихын таразылаған ақсамайлы әже Гүлсімай Әбдумүтәліпқызы.

Айтса айтқандай-ақ, ауылға ажар беріп қана қоймай, тұрғындарды иманға ұйытып, Аллаға құлшылық жасайтын жамағаттың басын сәждеге тигізер ақ орданың күрделі жөндеуден кейінгі қайта ашылуына еңкейген қарттан бастап, жалындаған жастарға дейін жиылды. Игілікті шарада сөз тізгінін қолға алған ақын Камнұр қажы Тәлімұлы арнайы шақырылған меймандар қатарымен таныстырды.

Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанова, қоғам қайраткері Елеусіз Сұлтанғазин, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі, Құран Кәрімді аударған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, академиктер Әбдуәлі Бәйішов пен Әбдірасыл Жәрменов, дінтанушы ғалым Сансызбай қажы Шоқан, ҚМДБ ардагері, «Иман» танымдық журналының редакторы Оңғар қажы Өмірбекұлы, тарихшы, этнограф ғалым Дүйсенбай Сығаев, соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов, аудандық орталық мешіттің бас имамы Сапархан Төреқұлов және Бәйтерек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Осман Абибов сынды зиялы қауым өкілдері мен діндарлар, ақсамайлы аталар мен апалар, ауыл тұрғындары, сондай-ақ, Қосқұлақ ата ұрпақтары бас қосты.

– «Шын бақыттың үлкені – Тәңіріңе сиыну,
Бұл пәнидің гүлдері – құл екенін ұғыну, – деп «Құдайдың құлымын, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үмбетімін» деген жер бетіндегі барлық мұсылман баласының екі дүниеде де бақытқа бастау алар бағытын белгілеп, арманын айқындауға тура жол көрсетіп беретін киелі орын – ол мешіт. Мешіт – Байтолла деген қағбаның жер бетіндегі бөлімшесі, – деген Камнұр Тәлімұлы мешіттің ашылуына келген меймандарға сөз кезегін берді.

Мешіт – жаннат бақшасына жол ашатын, жүрегімізге иман нұрын шашатын, тозақ отынан бізді күйдірмей қалқан болып тосатын қасиетті де қастерлі орын. Олай болса, қасиетті мешіттің қайта ашылу салтанатында Рәтбек қажы Нысанбайұлы Құран оқыды. Одан кейін құттықтау сөз алған ғұлама жастардың имандылыққа бет бұруын жақсылыққа балады. Жаңа мешіттің іші-сырты жамағатқа толып, жүректердің нұрлануына тілектестігін білдірді. Айтулы шараның басында сөз кезегін алған меймандар да алма-кезек ақжарма тілектерін ақтарды. Тарихшы Дүйсенбай Сығаев Қосқұлақ Қалдауұлы жайлы тарихи деректерге аз-кем тоқталды.

– Жетісу топырағында дүниеге келген Қосқұлақ Қалдауұлы шамамен 1685-1785 жылдар аралығында өмір сүрген. Ғасыр жасаған бабамыз Ұлы жүз құрамындағы Албан Қожбанбет тармағынан тарайды. Қосқұлақ атануы да тегін емес. Нәресте туған кезде құлағының арт жағында қосымша құлақ тәрізді айнала түймелері болған соң ырымдап Қосқұлақ есімі берілген екен. Қосқұлақ ата бай да, кедей де емес, орта дәулетті әрі бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа, таза адам болыпты. Өмірден озғанында ат тұяғы жеткен жерден бері жүз қари молданы әкеп, жаназасын шығарған екен. Мұның өзі көп дүниеден хабардар етсе керек, – деген тарихшы Қосқұлақ Қалдауұлының сүйегі Жамбыл облысындағы Қордай асуына жерленгені анықталғанына, бейітіне Құран оқылып, мәрмәр тастан белгі қойылғанына тоқталды.

Хакім Абай: «Тірі адамға  ғибадат, иман керек», – деген екен. Көпті иманға ұйытатын қасиетті мешіттің биылғы жөндеу жұмысына жеке кәсіпкердің қалтасынан 15 миллион теңге жұмсалыпты. Бұдан бөлек, жаны жомарт азамат Нұрлан Қазанғапұлы өзінің кіндік қаны тамған Ұйғыр ауданының Ақтам ауылынан аз күнде тағы бір үлкен мешіттің ашылуы болатындығын тілге тиек етті. Дүйім жұртқа, жамағатқа ақ тілегімен, шын ниетімен жасаған жақсылығына Алла разы болсын! Бәйтерек ауылындағы 700 орынды ақ мешіттің кең сарайдай етіп қайта жөнделуіне мұрындық болған кәсіпкер Нұрлан Тепеевке Қосқұлақ ата ұрпақтары ат мінгізіп, ақ батасын жаудырды.

Шара соңында «Шоссе» мейрамханасында ақ дастарқан жайылып, ас берілді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Бәйтерек ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы