АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАРЖЫ ЖИНАП, ҚАТЫМХАНА АШТЫ

Уақыты: 28.11.2019
Оқылды: 1696

Тастөбе ауылындағы күмбезді мешіт жанынан қатымхана ашылды. Көлемі 200 шаршы метр болатын ғимарат құрылысына  жұмсалған 3,5 миллион теңге берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл жұртшылығының арқасында жиналды.

Салтанатты жиында ауыл ақсақалы Қабылек Мақсұтұлы ақ батасын беріп, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов тұрғындар бірлігінің нәтижесінде бой көтерген қатымхананың ашылуымен құттықтады. Ауданның бас имамы Ерік Бөлекбаев жұртты имандылыққа шақырып, Аллаға ниет етіп, жақсы бір амал істейтін ғимараттың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.

Құрылысқа қол ұшын созған ауыл тумасы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Мырзахан Жебегенов татулық туын желбіреткен тұрғындарға, істің басы-қасында жүрген Тастөбе ауылдық округінің әкімі Алмас Байғұнұсовқа ризашылығын айтты. Ауыл мешітінің имамы Құсай Жуанбай иманды адам игі іс жасайтынын айтып, қатымхана бірліктің ордасына айналарына сенім білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Касымов, ауыл ақсақалы Нүрияс Наурызбаев бастаған игі жақсылар қатымхана лентасын қиып, ақ жаулықты аналар тәттіден шашу шашты.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Сурет ғаламтордан алынды