ЖӨН СӨЗ: БІЗДІ ЖАТ АҒЫМНАН ҚАЗАҚЫ ҚАЛЫП ҚҰТҚАРАДЫ

Уақыты: 21.12.2019
Оқылды: 1177

Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне қарасты дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына, бірлігіне сызат түсіретін радикалды діни ағымдарға қарсы тұрудың жолдарын атап берді. Толық мәтіні төмендегідей:

"Шын мәнінде радикалды діни ағымдар ең алдымен ұлттық құндылықтарды жоюға күш салады. Қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіретін теріс ағымдар діни бірлестік ретінде тіркелмейді. Соған қарамастан ел ішінде үгіт-насихатын белсенді жүргізе беретін оларға қарсы тұрудың бірден-бір жолы – халық арасында теріс ағым жайында жиі сөз көтеріп, діни сауатты ашу. Діни сауатты жандар ғана қарсы тұра алады. Яғни, солардың өз тәсілімен, айтатын сөзімен қимылдап, қарсы соққы бере алатындай болуымыз керек.

Кез келген мемлекет ұлттық құндылықтарды дамыту арқылы қоғамның рухани жаңғыруына мүдделі. Ал радикалды ұйымдар осы елдік мақсатқа қарсы жұмыс істейді. Тіпті біреулерді мәңгүрт қылып жібергені аздай, ішкі тұрақтылыққа қол сұғып, мемлекеттің бүтіндігіне қауіп төндіреді. Сондықтан бағзы заманнан келе жатқан ұлтты ұйыстыратын, салт-дәстүріміз бен тарихи құндылығымызды қорғау біз үшін қазір аса маңызды. Ол үшін ата-бабамыздан қалған идеологияны қоғамға дендеп енгізіп, ар тазалығын, жан тазалығын насихаттайтын ұлттық құндылықты жаңғырту қажет. Сонда ғана жас буын теріс ағымдардың жетегіне ілесіп, психологиялық ықпалына түспейді.

Расында жастар үшін ұлттық рухани құндылық мықты иммунитет болуы тиіс. Бұл тек діни бағыттағы сұранысты реттеп қана қоймай, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарды қайта бағалап, жаңаша насихаттау арқылы қоғам өмірінде ұстанатын басты бағытқа айналады.

Бірқатар замандастарымыз дінді бөлек наным-сенім деп қарамайды, керісінше, рухани құндылық ретінде бағалап, жан-тәнімен беріледі. Өмірін дінге негіздейді. Сондықтан халықтың діни сауатын ашу мемлекет үшін аса маңызды қадам болмақ. Ол үшін мектеп қабырғасынан дәстүрлі рухани құндылықтарды дұрыс насихаттасақ, жас өскіннің толыққанды, жоғары рухани, зиялы, игілікке құштар, жақсы адам болып қалыптасуына ықпал етеміз. Халқымыздың басым бөлігін осылай тәрбиеленген жандар құрайды. Ондай адамдар теріс ағымда жүргендердің үнін басып кетеді. Бұл біздің артықшылығымыз бен жеңісіміз. Бірақ оған малдануға болмайды.

Дін – сенім жүйесі ғана емес, өмірдің стилі, қарым-қатынас нормасы, жақсыны жаманнан, арсызды тазадан айыратын моральдық нормалар. Бір сөзбен айтқанда, дін – қоғамдағы басқа құбылыстармен салыстырғанда әлдеқайда маңызды, мәні мен мазмұны бай, рухани, мәдени феномен. Дін мәселесін дінді танып-білгенде ғана шешуге болады. Оған тарпа бас салып, белден басу жүрмейді. Мәселен, толеранттылық деген еріксізден көну, көнпістік емес, бұл мыңдаған жылдар бойғы қазақтың өмір сүру тәжірибесіне сүйене отырып, ақылмен құрылған ымыра. Яғни, тәртіпті, тәрбиелі, ақылды адамның әрекеті.

Басқаша айтқанда, толеранттылық қарапайымдылық немесе төзімділік те емес. Ол адам бойындағы шексіздік, бейбітсүйгіштік, кеңпейілділік сынды асыл қасиеттердің жиынтығы. Қысқасы, ата-бабамыздан мұраға қалған өлшеусіз рухани құндылық.

Осыны дұрыс ұғынып, түсінуіміз керек. Ол үшін толеранттылықтың мән-мағынасын бұзып, бұрмалап, көнпістік ретінде көрсетіп, өзімізге қарсы қолданғысы келетін жат пиғылдылардан қауіптенуіміз керек. Сонда ғана дәстүрлі құндылығын жоғалтпаған қазақ қоғамының ішкі қуаты әлі бар екенін көруге болады".

Мақала "kaz.365info.kz" сайтынан алынды