ТАЛДЫҚОРҒАН: РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІНДЕ СЫЙЛЫҚТАР ҮЛЕСТІРІЛДІ

Уақыты: 07.01.2020
Оқылды: 1078

Рождество мерекесі Талдықорғандағы Архангел Гавриил шіркеуінде аталып өтіп, арнайы шырақ жағылды. Шіркеуге қаңтардың аязына қарамастан келіп жатқан жұртшылық таңнан кешке дейін діни мерекенің тарихын баяндайтын өлең-жырларын оқып, балалардың тілектерін тыңдайды. Діни мерекеге келушілерді Архангел Гавриил шіркеуінің архиерейі Клавдиан қарсы алып, Рождество мерекесінің мән-маңызын түсіндірді.

Православ дінін ұстанушыларды мерекемен құттықтау үшін Архангел Гавриил шіркеуіне арнайы барған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов көпшілікке жүрекжарды тілегін арнады.

Оның айтуынша, Жетісу жеріндегі 52 орыс-православ шіркеуі өңірдегі ұлтаралық, дінаралық татулық пен ынтымақтың ұйытқысы болып отыр.

– Еліміз көп конфессиялы мемлекет болғаннан кейін діни мерекелердің аталып өтуіне ерекше мән беріледі. Алматы облысында 12 конфессия өздерінің діни қызметтерін атқарып, қажетті шараларын өткізіп тұрады, – деген Рахмет Разбекұлы Рождество мерекесіндегі православ дінін ұстанушылардың шырақ жағуы келешектің жарқын болуын тілеуден туындағанын атап өтті. – Соның ішінде орыс-православ шіркеуі мемлекеттік саясаттың, рухани келісімнің сақталуына, оның сыртында конфессияаралық қарым-қатынастың берік орнығуына ерекше көңіл бөліп отырады. Сондықтан, Архангел Гавриил шіркеуіне келушілерді діни мерекелерімен құттықтап, сый-сияпатымызды беріп шықтық. Бұл жылда дәстүрлі түрде өтетін шара. Ал еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен бейбітшіліктің негізі дінаралық келісімге тікелей байланысты. Сол себепті Құрбан айттың алғашқы күні және осы Рождество елімізде діни мереке ретінде аталып келеді.

Ескерте кететін дүние, Иса пайғамбардың туған күніне орай орыс-православ шіркеуіне келушілер жағатын шырақтарын ғибадатханадан сатып алуы тиіс. Бұл шіркеудің қажетін өтеу үшін ойластырылған. Өйткені, базардан, дүкеннен сатып алынған немесе өзімен бірге әкелген шырақты тұтату орыс-православ шіркеуінің негізгі ұстанымына қайшы әрекет саналады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы