ҚАЙНАТЫЛҒАН КІРПІК КОРОНАВИРУСҚА ЕМ БЕ? ИМАМ ЖАУАБЫ

Уақыты: 16.03.2020
Оқылды: 2206

«Дін ұстай алсаң­ – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – деп Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, дін мәселесі қашанда өте өзекті әрі күрделі тақырыптардың бірі. ­Ислам философиясының түсіндіруінше, дін дегеніміз – әлемді байланыстыратын күш Жаратушының бар екендігіне сену. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі. Яғни, адамның рухани мәдениетінің дамуында діннің алатын орны ерекше. Ал дінді жете түсінбегендер жоқтан өзгеге сеніп, адасып, теріс ағымға кетіп жатады. Бүгінде ғаламтор желісі арқылы да дін туралы әр түрлі жалған ақпараттар мен бейнежазбалар таратып, халықты соған сенуге шақырып жататындар бар. Тіпті, өздерін Пайғамбармын деп жариялап жүргендер де аз емес.

Соның бірі - WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатқан бейнежазба. Ол хабарламаны  таратушылардың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір әйелдің түсіне кіріп, аян беріпті-міс. "Құранның ішінен кірпік табасыңдар, сол кірпікті суға қайнатып ішетін болса, қазіргі таңда тарап жатқан короновирус ауруына ем және оның алдын алуға болады", - депті-міс.

Бір қызығы, халықтың арасында осыған сеніп жатқандар да бар болып шықты. Кейбір тұрғындар Құран кітабын парақтап, бейнежазбаға түсіріп, ішінен шыққан қылшықты дәлел ретінде көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы таратуда. Ал имамдар қылшықты қайнатып ішу дұрыс емес екенін айтып, халықты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Оны дінге жау адамдар мұсылмандарды мазақ ету үшін таратып жатыр деген пікір келтірді.

Осы мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша пәтуа бөлімінің меңгерушісі, орталық "Иман" мешітінің наиб-имамы Шынарбек ӨКЕННІҢ айтуынша, бұл нәрсеге мүлдем сенуге болмайды.

– Сенуден бұрын адам түспен қандай үкім алуға болады, яғни, үкім алына ма деген нәрсені білу керек. Түспен ешқандай да үкім шығарылмайды. Себебі, үкім шығару үшін Құран аяты, хадис, ғалымдардың келісімі болуы керек. Ал екіншіден бұл жерде түс көрдім деп жатқан адамдыкі өтірік пе, шын ба? Пайғамбарымызды (с.ғ.с) нағыз кітаптарымызда сипатталып келген бейнесінде көрді ме? Жоқ, әлде Пайғамбарымыздың бейнесінде емес, яғни, сақалы жоқ немесе сақалы аппақ белгісінде көруі де мүмкін ғой. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бейнесінен басқа бейнеде көрсе, онда ол Пайғамбар (с.ғ.с) болып есептелмейді. Оның үстіне Құран Кәрімге кірпік, түк деген нәрсе түспеуі мүмкін емес. Оны ұстап, оқығаннан адамның өзінен түсіп кетуі де мүмкін. Ал егер ол жаңа Құран болса, оның шыққан жері, яғни, арабтан немесе түріктен шығып жатқан кітап болса, солардың түгін қайнатып ішіп алады деген сөз. Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы келіп жатқан әр нәрсеге мұқият қарау керек, - деді наиб-имам.

Шынымен де, ғаламтор желісі арқылы таралып жатқан ақпараттың барлығы рас бола бермейді. Сондықтан әуелі таратпас бұрын анық-қанығына көз жеткізіп алған дұрыс.

– Мұндай адамдардың арбауына түсіп қалмас үшін адам діни сауатты болу керек. Қазіргі кезде жастар сауатты деп жатады. Бірақ, керісінше, қазіргі жастарда бұрынғы қазақтармен салыстырғанда діни сауаттылық төмен. Өзіміздің ақыретіміз үшін ислам дінінен сауатты болуымыз керек. Ол  үшін жастар мешіт, медреселерде арнайы ұстаздардан сабақ алуы қажет, ­– дейді Шынарбек Өкен. Оның ойынша, діни сауаты жоғары адам мұндай ақылға теріс нәрселерге еріп кетпейді.

Ислам діні - фантазиялық дін емес, реалдық дін. Біреудің қиялынан не болмаса түсінен шариғи үкім болмайды. Бірақ Құран аяттарымен суға, адам денесіне дем салу, баяғыдан бар ішірткі секілді ем-дом шаралары ата дінімізге қайшы емес. Ал дәл осы кірпікті қайнатып ішу деген медицинада да, шариғатымызда да айтылмаған. Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы келіп жатқан жалған ақпаратты таратпағаныңыз абзал. Ол нәрсенің біздің дінімізде жоқ екенін қаперіңізде ұстаңыз.

Ақмарал АСХАТҚЫЗЫ

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың студенті

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды