КАРАНТИН КЕЗІНДЕГІ ОРАЗА: ТАРАУИХ ОҚЫЛА МА? АУЫЗАШАР БЕРІЛЕ МЕ?

Уақыты: 21.04.2020
Оқылды: 2564

Қасиетті Рамазан айында тұтатын ораза мен беретін пітір-садақа, зекет пен ауызашар және тарауих намазының жай-күйі қалай болмақ? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ ОРАЗБАЕВ осы мәселелерге жан-жақты тоқталды. «Jetisý medıa» ақпараттық алаңында өткен брифингте төтенше жағдай кезінде тұтатын оразаның барысы баяндалды.

Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Яғни, 23 сәуірдің түні алғашқы тарауих намазы оқылады. 30 күн ораза балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылман адамның барлығына парыз. Денсаулығы жарамай, ұдайы сырқаттанып келе жатқан жандарға ораза тұтпауға болады. Кімде-кім жолаушы, сырқат немесе жүкті болса яки омырауда баласы бар аналарға оразасын кейінгі уақыттарда ұстауға шариғат рұқсат береді.

– Биыл пітір-садақаның құны жан басына 370 теңге болып бекітілді. Бұл нарықтағы ұнның 2 келі бағасына шақталды. Ал бай, ауқатты адамдар екі келі мейіз, құрма бағасымен төлесе де болады. Өз шығындарынан, пайдаланатын заттарынан бөлек күміс мөлшерінде, 127 мың теңгеден артық ашасы бар адамға пітір-садақа беру уәжіп. Ал кімнің мұндай жағдайы болмаса, беру міндет емес, – деген Ардақ Нүсіпханұлы зекет берудің де шартын тілге тиек етті. – Зекетті кімдер береді? Жағдайы бар, алтын құнының мөлшеріндей, шығындарынан бөлек 1 миллион 170 мың теңге құрайтындай қаражаты барларға мал-мүлкінен зекет беру парыз.

Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев тұрғындарды Рамазан айында игілікті істе бірігуге шақырды. Ата-ана, туған-туысқа көп көңіл бөлу, ауру-сырқаулардың жағдайын сұрау, төтенше жағдай уақытанда мұқтаж жандарға қарайласып, қайырымдылық жасауға үндеді. Сонымен қатар, ауызашарда отбасымен үйлерінде болып, ауызашар қаражатын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек ретінде жұмсауларын өтінді.

Брифингте белгілі болғанындай, тарауих намазы үйде оқылады, көпшілік жиналатын ауызашарлар ұйымдастырылмайды. Әркім өз үйінде отбасымен ауыз ашуы тиіс.

Мешіттердің жабуылына байланысты пітір-садақаны смартфон арқылы аударым жасау жолдары қарастырылуда. Осы жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Каспий банк", "Халық банк" басшыларымен арнайы келісімшарт жасасып жатыр. Аударым жолдары қосымша хабарланады. Бұдан бөлек, онлайн аударым жасау қиынға соғып жатса, әр қала, ауылдардағы мешіт ауласына пітір-садақа жәшіктері қойылады. Жәшіктер қақпаның іш жағында, сыртынан қолжетімді жерде тұрады. Онда қосымша пітір-садақа мәліметтері жазылған баннерлер ілінеді.

Тарауих намазы үйде оқылуына байланысты Құран кітабын хатым ете алмайтын кісілер көлемі аз сүрелерге жүгінуіне рұқсат. Сондай-ақ, көлемі аз сүрелерді қайталап оқуына да шектеу жоқ. Тағы бір айта кетер дүние, намаздан тыс «Иман» мешітінде қарилар әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы Құран Кәрімді хатым етеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы