"ДҮНИЕГЕ СЕНІМ ЖОҚ, МІНЕРСІЗ БІР КҮН КЕМЕГЕ": ҚАБЫЛИСАДАН ҚАЛҒАН СӨЗ

Уақыты: 26.04.2020
Оқылды: 1450

Тіл алсаңдар, шырағым,
Өсек сөзді елеме.
Үйір болғын, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.

(Қабылиса жырау)

Есте жоқ ескі заманда емес, үш ғасырдың алдында ғана өмір сүрген Ұлы Даланың дара ділмарының бірі Қабылиса жырау бабамыздың артында қалыңдығы пышақтың сабындай ғана жыр жинағы қалыпты. Сол құнды дүниені оқып отырсаңыз – адалдық пен қараулықты, адамдық пен арамдықты таразылап, Құдай тағаланың әу баста көркем етіп жаратқанындай өмір сүрудің шырағын қолыңызға ұстатып жібереді. Ол шырақ сізді Айсыз қараңғыда бағытыңыздан жаңылдырмай діттеген жеріңізге жеткізетін Темірқазықтай жол көрсетіп тұрады. Ол шырақ сіздің қараңғы қапас кеудеңізді нұрға бөлеп, жан дүниеңіздің шуағын жанарыңыз арқылы айналаңызға шашып, маңайыңызды жылыта алатын күшке ие етеді. Ол шырақты қолыңызға алсаңыз адамдықтың ауылын шынайы аңсаған мыңдаған жүректі соңыңыздан ерте аласыз. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Біздің тарих – ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», – дегеніндей Қабылиса бабамның бізге жеткен аманат жыры да жұп-жұқа болғанымен оқи бастасаңыз алып мұхиттай сарқылмайтын асыл мұра екеніне көзіңіз жетеді. Ендеше сол телегей-теңізге бірден сүңгіп кетпей, тамшыдай ғана дәмін татып көрейік.

Әлқисса, сөзімді тамсана айтып отырған Қабан жырау бабамның ұрпағына қалдырған өсиет жырымен жалғастырайын. Сыдыртып оқып шықпай, әр тармағына екі қарап, бір шоқып, әр жолын санаңызға тоқып, сабақ ала отырыңыз.

Тіл алсаңдар, шырағым,
Өсек сөзді елеме.
Үйір болғын, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.
Тіршілікте сыйласқын,
Дүние қайтып келе ме?!
Дүниеге сенім жоқ,
Мінерсіз бір күн кемеге!

Құдай-ау, бар-жоғы сегіз-ақ жол өлеңде сегіз қиыр шартарапты мекендеген адам баласының өмір сүру қағидасы тұр ғой. Сөзі түзу адамның өзі де түзу келетіні рас. Яғни, дананың тілін алған баланың өсек сөзді елемейтіні, жақсы сөзге үйір болатыны да шындық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөзге арқа сүйесек, Қабан бабамнан жеткен осы төрт жол өлеңнен өнеге алған ұрпақтың төрт құбыласы тең-ақ болар еді. Өйткені, өсек деген кеселіңіз жақынды жат, татуды араз ететін алып күшке ие. Дана бабам ұрпағының кішісін тізесіне, үлкенін айналасына жиып алып, «Тіл алсаңдар, шырағым» деп қорғасын ойды құлағына құйып қана ақыл айтып отырғандай сөз бастауының өзі ұйып тыңдамауға лажыңызды қалдырмайды. Ендеше, осы жолдарды оқып отырған сіз де тәртіпті, тіл алғыш баладай тыңдап, өсектен аулақ болыңыз, сонда ғана өмірде ашылады жолыңыз.

Сөзі арқылы өзін түзеген адамның ісі де көз қызығып, көңіл сүйсінерліктей болмай ма? «Жақсыға жақсы үйірсек» дегендей, пейілі дұрыс адамның айналасы нұрланып, өзі мәуелі жеміс ағашындай ырғалып тұрмайтын ба еді? Төгіліп тұрған жеміс ағашынан әркімнің де дәм татқысы бар. Яғни, ондай жанмен кімнің сыйлас ағайын, сырлас дос болғысы келмейді дейсіз? Қабан бабам айтқандай бүгінімізді көргенімізбен ертеңімізге жетуіміз сенімсіз тіршілікте, өтіп кеткенде өкініп жататын пендеуей өмірде, келместің кемесіне мінбей тұрып, қадірімізді біліп, сый-құрметімізге лайық жүргенге не жетсін, шіркін?!

Әркім айтар білгенін,
Сөз қып оны немене.
Қағыспай халқым тек жүрсін,
Одан пайда өне ме?
Өсек-аяң сөз болса,
Жуытпағын денеңе!

Әркімнің аузын бағып өткен өмірдің не қайыры бар, тәйірі. Пенде арасындағы араздық сол сөз аңдығаннан басталмай ма? Осы тармақта дана бабам алакөзденіп күн кешуден өнетін пайда жоқтығын меңзеп, өсек-аяң жел сөзді жан дүниемізге жуытпай, жақынымызбен қағыспай тек жүргенде ғана мұратқа жететінімізді айтып отыр емес пе?!

Әділдің озар адымы,
Адал жан шығар төбеге.
Арам адам шыға алмас,
Төбе түгіл сөреге.
Біреуге адам ор қазса,
Өзі түсер өреге.

Байқасаңыз сөз салмақтанған сайын, адам болып өмір сүрудің де жеңіл еместігі сезіліп келеді. Әуелі бабам жақсы сөзге үйір болуды айтты. Өсек-аяңның өрге жүздірмейтінін ескертті. Сөз қуып, қағысқанша, сыйласып өткеннен мәнді де мағыналы ғұмыр жоқтығын бір түйіп қойды. Енді, міне, дәл осы айтылғандай мазмұнды өмірді әділ де адал болғанда ғана сүре алатынымызды санамызға құйып отыр. Бір қарағанда бабадан қалған асыл сөз деп қадірлемесеңіз, ақыл-есі түзу екінің бірі білетін жағдай бұл айтылып отырғандар. Бірақ, біздің амалымыз басқа болып тұр ғой. Сөзіміз бен ісіміздің арасы жер мен көктей болмаса да атшаптырым қашықтықта жатыр. Адал жанның аяғына кісен салынып, пейілі арамның асығы алшысынан түсіп тұр қазіргі қоғамда. Амалы арам пенденің төбеге шыға алмайтындығын, бармақ басты көз қыстымен шыққанымен түптің түбінде біреуге қазған орына өзі құлайтынын дана бабам соқырға таяқ ұстатқандай айтқанымен – оны тыңдар құлақ, ұғар сана аз болып тұрғаны ащы да болса ақиқат.

Елі-жұртым сізге айтам,
Бірлікті бол, шырақтар.
Бірлікті жерде рыздық көп,
Ол адам елге тұрақтар.
Ауызбірлік бар жерде,
Жететұғын мұрат бар.
Ауызбірлік жоқ жерде,
Қиянатты қият бар.

Сөздің қадірі кеткен жерде, адамның да бір-біріне деген сый-құрметі азаяды-ау. Төрде отырған атаның батасы дұрыс болмаса, сөзінің пәтуасы білінбейді. Әкенің ісі қате болса, міндетті түрде баланы ісі шала. Бір ғана отбасында осындай келеңсіздік орын алып жатқанда, ағайынның бірлігіне сызат түссе, елі-жұрттың тірлігі де жараспайтыны бесенеден белгілі. Ал Қабылиса бабамның ақылына көңіл аударсақ, ырыздық-несібенің, ырыс-берекенің ауызбірлікті жерге үйір келетінін айтады. Ендеше, мына қоғамда неге алауыздық көп?! Олай емес деп жауырды жаба тоқығанымызбен көңіл алаңдатар көлеңкелі тұстар бар екені жасырын емес. Мұның себебі, қолға ұстап тұратын дүниенің жүрекке түсіп кеткендігінен-ау. Ал жүректің көзі дүниемен бітелгенде бабам айтқандай ауызбірлікке қиянат жасалып кетеді екен ғой.

Ұяттың иман қабы дер,
Имандыда ұят бар.
Көпшілікке жаққан жан,
Басына жаққан шырақ бар.
Фәни түгіл бақида,
Мінетұғын пырақ бар.
Ешкімнің хақын жемеңдер,
Артында оның сұрақ бар!

Қабылиса бабамның асыл қазынасының қақпағын енді ғана ашудамын. Бір ғана шығармасының төңірегінен шиырлап әлі шыға алмай жатырмын. Әр сөзінің құны алтыннан бағалы Қабан бабамның дәл осы шығармасын оқып, санасына тоқып, ғибрат алған пенденің адамдықтың тұғырына шығып, адалдықтың жолында ғана ғұмыр кешуге бел буары сөзсіз.

Адамды алауыздық пен берекесіздіктен арашалап алатын ұлы қасиет ол – ұят пен иман. Кімде иман болса, онда ұят бар. Ал кімнің иманы мықты болса, ұяты бетіне шығып тұрады. Қазақтың жаман адамға қаратып «имансыз неме, ұятсыз екенсің» деп айтуы да бекер емес. Иманы жанарының нұрынан байқалып, ұяты бетіне қан қызылданып шығып тұратын адамның көпшілікке жағатыны, ал көп ұнатқан жанның әр жүректе қалатыны да шындық. Фәниде артына ізгілікпен із қалдырып, мәңгі өмірге жамағаттың шын пейілімен «жақсы адам еді» деген сөзімен аттанған адамның Алланың рахымымен пырағына мініп, жаннаттың бақшасынан бір-ақ шығарына күмәніміз болмасын. Бұл жұмақтан үміті бар кез келген пендеге арман өлім. Алла алдына барғанда сұралатынын ұмытып, кісінің хақысын жегеннің махшарда желкесінен шығаратынын ескертіп отырған Қабан бабам – мына қоғамдағы адамдардың санасын жемқорлық жайлап, парақорлық қанына сіңіп кететінін білген де жоқ-ау. Егер білсе, дәл мынандай сенім артпас еді:

Тыңдаңыздар, ағайын,
Жекжат пенен жұраттар.
Бұл сөзімді бейімде,
Түзелер жұртым кейін де,
Кейінгі келер ұрпақтар,
Заманға жақсы тұрақтар!

Даналық ойдан дән алсын деген Қабылиса бабам асыл жыры арқылы ұлтының жақсы заманда өмір сүріп, жұртының түзелетініне сеніп, адам болып өмір сүруді аманаттап кетті. Ал сенген қазағының басым бөлігі аманаттан аттап, қиянатқа белшесінен батып, тағдыры шүріппенің басылуын күтіп тұрған ажал мылтықтың ұңғысының аузында екенін есінен шығарып, өлместің суын ішкендей, жалғанды жалпағынан басып жүр. Періште пейілді пенделікпен былғап, адамдық арына дақ түсіріп алғандар қаншама? 

Міне, босағамыздан он ек айдың сұлтаны Рамазан айы аттады. Жаман іс істемек түгілі, жаман ойлаудың өзі күнә болатын қасиетті айда тұрмыз. Жаман әдеттен арылып, жақсы амалдар істеуге берілген зор мүмкіндіктің үстіндеміз. Алланың рахымынан үміті бар, ақыретінен қорқатын адам үшін бірауыз жақсы сөзі арқылы сансыз сауапқа кенелтетін жомарт айдың төріндеміз.

Ораза ұстаған адамға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылғандай: «Жарты құрмамен болса да ауыз аштырып, тозақтың отынан құтылдыратын» қайырымды айды бастадық. Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мұсылманның қаруы – дұға» дегеніндей, осы күнге дейін біліп және білмей істеген күнәларымыз үшін тәубамызға келіп, Жаратқаннан кешірім сұрап, еліміздің амандығы мен іргеміздің бүтіндігі үшін, әлемді дүрліктіріп, елімізді де дүрбелеңге салған індеттен тезірек арылуымызға дұға жасайтын және жасаған дұғалар қайтарылмай қабыл болатын қасиетті айдағы ұстаған оразамыз бен жасаған ғибадаттарымыз қабыл болсын!

Қабылиса бабамның рухани қазынасына бойлай отырып, оразада туған ойымды ортаға салдым. Сіз де кәдеңізге жаратыңыз, көзі қарақты оқырман!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды