"ЫРЫЛДАСПА ТІРІҢДЕ": ҚАБЫЛИСА ЖЫРАУДЫҢ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРҒАН ӨСИЕТІ

Уақыты: 11.05.2020
Оқылды: 1423

Адам азса, рухани байлығының жұтаңдығынан азады-ау. Тәнім бүтін дегенмен жан дүниеңдегі кемшілік кемістігіңді көрсетіп қоймай ма? Атамнан қалған «Ақылына көркі сай» деген сөздің астарында осы жан мен тәннің үйлесімділігі жатқаны ақиқат. Ақылға салып, зерделей білсек, осы екі жаратылыстың өз хақысы бар. Тән хақысы – тамақтанудан бастап, он екі мүшеңізге тек қана пайдасын тигізетін көптеген іс-қимыл, әрекеттен қанағат тапса, жан хақысы – тәрбие- өнегемен, оқу-біліммен рахаттанбақ. Көне заманнан сыр тартып, көңіл таразысына салып қарасақ, қазақ ұлысында жан байлығы ұлттық тәрбие мен бабалар аманатында сақталып, санамызда жатталып қалу арқылы жемісін беріп келеді. Сондықтан, бабалар мұрасына ескішілдіктің қалдығындай жатырқай қарамай, жиі көңіл бөлгенде ғана жанымыз азықтанып, сарайымыз ашылмақ. Сондай дария кеуде бабамның бірі Жетісу жырауларының атасына айналған Қабылиса бабам еді. Ораза айында неге Қабан бабама қайта айналып соға бердім. Себебі – ол кісінің асыл сөздерінде жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұрған қазіргі қоғамда береке-бірлігіміз бен жарасымды тірлігімізге сызат түсіріп алмаудың үлгісі жатыр.

Сөздің сөлі кеткен, істің нәтижесі аз заманға тап келдік-ау қазір. Әйтпесе, әу бастағы болмысымызда сөзбен қорытып, іспен шешімін шығаратын жұрт емес пе едік? Кез келген мәселеде ең әуелі сөзге арқа сүйегенбіз. Онда да аузы көпіріп, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін көкезудің көкмылжыңына емес, толғақты мәселенің тобықтай түйінін айтып, қорғасын ойды ортаға сала алатын шешендігі тілінен, көсемдігі түрінен білініп тұратын адамға бойұсынатынбыз. Сөзім дәлелді болсын, өткен шақпен сөйлеп, еске алып отырған бабаларымның бірі Қабылиса атамнан қалған жүйелі сөздің киесін кетірмей сол қалпында ортаға салып ой бөлісіп көрейін. Сіз де көңіл қойып, зейін сала отырыңыз.

Өлгенше қор болмайды,
Азаматтар ниеті ақ. 
Оларға үйір болады, 
Сарқылмайтын дәулет-бақ.
Өлмейтұғын пенде жоқ,
Жан аманат, ойлап бақ.
Ырылдаспа тіріңде,
Ырыс алды – ынтымақ.

Ынтымақ – қазақты қиын-қыстау, қилы заманда, тар жол, тайғақ кешу кезеңде тығырықтан алып шыққан дара сүрлеу. Тарихқа көз жіберсек, бабаларымыз небір жаугершілік уақытта ынтымағының арқасында Алатау мен Арқаға, Атырау мен Алтайға дейінгі аралыққа иелік етіп, ұрпағына аманаттап кетті. Қазақ қай кезде бодандықтың ноқтасын киді? Ынтымағы ыдырап, бірлігі кеткен кезде, бірін-бірі сатып, бірін-бірі атып, тірлігінде иттей ырылдасып жүріп әлсіреген тұста құлдықтың қамытын мойнына қалай салып алғанын өзі де байқамай қалды.

Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындыру тәсілін өз ықтиярымызбен өзгенің қолына ұстатқан сәттен кез келген жауымыздан жеңіле бастадық. Тарихтан сабақ алмағандықтан, бабалар сөзін санаға салмағандықтан маңдайымыз сан рет тасқа соғылды.

Қабан бабам айтқандай, ақ ниетіңе дақ түсірмесең, бір Алла өзі жақ болатынын, сонда ғана басыңа сарқылмайтын дәулет пен бақ қонатынын біле тұра берекесіздікке жол аштық. Өлмейтұғын пенденің болмайтынына, бәріміздің басымызды түбінде ажал бұлты торлайтынына, Жаратушымыз бір күні аманат жанын алатынына, тәнімізді қараңғы көрге салатынына көзіміз жетсе де нәпсі билеген арсыз көңілдің жетегіне ердік.

Ашуды ақыл қазыққа,
Апарып матап, байлаңдар.
Ашуды жеңсе ақылың,
Кесірді талай ойрандар.
Тату болса ағайын,
Сап алтындай жарқылдар.
Кесапатты кісендеп,
Ақымақты алқымдар.

Сабырсыздыққа берілгенде, ашудың қас, ақылдың дос екенін ұмытып, дұшпанымыздан жеңілгенде барып, бас шайқап, бармақ тістедік. Жолбасшымыз салқын ақыл болғанда ғана ашу оты күйдіре алмайтынын есімізден шығардық. Татулықтың тас қамалдай берік болуы, ағайынның ғана емес, адамның бір-бірінің жүзіне ұялмай қарай алуы – ақылдың жемісі. Ібілістің жетегімен іргеңнен еніп, қаймағы бұзылмаған бірлігіңді іріген сүттей қылу – ашудың кесапаты. Баба нақылынан сабақ алсақ, ашуды ақылдың қазығына байлап, матап ұстағанда ғана ақымақты алқымдап, көлденең келген кесапатты кісендей алады екенбіз.

Әлқисса, бейбітшіліктің бесігі деп әспеттеген елімізде, ұлан-ғайыр жерімізде, сан түрлі этнос өкілдерін құшағына ашып, бауырына басқан даладай дарқан пейіліміз, баладай аңғал көңіліміз өз қазағымызға келгенде неге құрқұлтайдың ұясындай тарылып кетті. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп қауымдасқан көптің қамын ойлайтын кеңдігіміз қайда? Сананы торлаған ғаламтордың ішіндегі мылтықсыз майданда бір-бірімізді оққа байлап, отқа тастап жатырмыз.

Ашуды ауыздықтай алмағандықтан аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. Дәл осы әлсіз тұсымыз, біздің өскенімізді емес, өшкенімізге мүдделі өзгенің оң жамбасына келген тәсіл. «Үрит-үрит, соқ-соқ» деп ашудың отын үрлеп, өздері алаңсыз сол отқа тамағын пісіріп жеп, кекірігі азып отыр. Ал Қабан бабам не дейді? Оқыңыз да, санаңызға тоқыңыз.

Аз өмірдің ішінде,
Тату бол да тәтті бол.
Араңды бұзар дұшпанға,
Аяусыз ащы, қатты бол.
Өтірік, өсек, ұрлыққа,
Тыйым салып берме жол.
Бір арнадан сөз шықса,
Береке мол, достық сол.

Өмірдің қамшы сабындай келте ғана екенін жақсы білеміз. Ертең біріміз өле кетсек, өкіре жылап, көрге бірге кірердей күйге түсетініміз тағы рас. Әшейінде ат кекілін кесісіп, «мен өлгенде сен келме, сен өлгенде мен келмен» деп өкпелесіп кеткенімізбен, өлімге қимай «бауырымдап» жоқтау айтып жететініміз де өтірік емес. Маңдайымызға бұйырған аз ғана ғұмырда тату-тәтті жүре алмай, жарасып өмір сүре алмай, өтірікке еріп, өсекке сеніп, сөзіміз бір арнадан табылмай, берекемізді кетіріп, достығымызға сызат түсіріп жатуымыздың негізгі себебі, бабалар айтқан өрелі сөзден өнеге ала алмағанымыздан-ау. Дала ділмарының дара сөздерін санаға салып салмақтағанда осындай сан түрлі ой келеді екен жұмыр басқа.

Қабылиса бабамның заманы мен біздің қоғам екеуі бір-біріне ұқсамайды. Ол дәуірмен салыстырғанда құндылықтары ауысқан, өмір сүру қағидасы мүлдем бөлек уақытта күн кешіп жатырмыз. Ата-бабамыздың айшылық алыс жол жүріп, әрең жететін жеріне аспан әлемімен қалықтап немесе темір тұлпарды тізгіндеп, санаулы уақытта баратын болдық. Жеті атамыздың аяғы жетпеген жер алақандағыдай көз алдымызда. Төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықты қас қағымда көріп, білудеміз. Ұшатын кілем жайлы ертегіні езуінен су аға тыңдайтын заман келмеске кетіп, шынымен де Ұлы Даланың өз перзенттері аспан мен жердің арасына жол салып, қиялдағы әлемді ақиқатқа айналдырып тастады.

Төрт түлігін төске өргізіп, жөн сұрасқанда әуелі «мал жаныңыз аман ба?» деп сөз бастайтын ел төрткүл дүниені бір-біріне байланыстырған техниканың тілін меңгеріп үлгерді. Осылайша жаһандық көштің керуенінен қалыспай келе жатқанымызбен бабалар өсиетінен толықтай өнеге ала алдық па? Жоғарыда мысалға келтірген шумақтардың бір-бір тармағын тағы да еске салып өтейін. «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату болса ағайын», «Береке мол, достық сол». Байқайсыз ба, бабамыз ең әуелі татулықты өсиет етіп отыр. Сонда ғана еңсеміз биік, тұғырымыз мықты ел болатынымызды меңзеуде. Біздің өзгеге жем болып, өз елімізде өгейдің күйін кешуімізге өзіміз кінәліміз.

Асығы алшысынан түсіп, алшаң басып жүрген өзге ұлттың өкіліне өкпе артпай тұрып, өзіміз түзелуіміз керек. Ол үшін түймедейді түйедей дау санамай, қарға тамырлы қазағыңды жау санамай, бар қазақты бір қазақтай көрмек керек. Байлығымыздың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатуының басты себебінің бірі де – ұлттық тұтастығымыздың жоқтығы. Қазақты қазақтың сүйе алмауында һәм сүйе алмағанына ұялмауында. Нәтижесінде біздің қазіргі өміріміз бабамнан қалған мына жыр жолдарындай өтіп жатыр:

Арам пейіл адамдар,
Достығында тұрмайды.
Араңа кірсе сумаңдап, 
Сырыңды шым-шым ұрлайды.
Содан соң алтын тапқандай,
Жария етіп шулайды.
Етпесе бұлай арамза,
Құмары оның қанбайды.

Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндей келсек, Ұлы Далада дара ізі қалған дана бабалардың аманатына қиянат жасамай, кәдемізге жаратып, пайдамызға асырғанда ғана қиялымызда емес, шынайы өмірде қияға қанат қаққан қыран мінезімізге ораламыз. Ол үшін, әрине, надандықтан жырақ, жамандықтан алыс жүріп, адамдықтың қазығына берік байланбақ керек. Әйтпесе, Қабылиса бабам айтқандай:

Ақылы жоқ наданның,
Жамандық ісі қалмайды.
Көр аузына барғанша,
Ақылды айтқан алмайды.
Жамандықтың белгісі,
Әр нәрсені торлайды.
Осындайлармен дос болса,
Ақылды жігіт сорлайды.

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды