ТЕРРОРИЗМНЕН САҚТАНУ: ДІНИ БІЛІМ АЛУҒА РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН ОҚУ ОРЫНДАРЫ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1621

Қазіргідей күллі әлемді діни экстремизм мен терроризм алаңдатқан тұста білім алудың маңызы зор. Қажетті білім жайында Ислам әлемінде көптеген ғибратты әңгімелер бар. Солардың ең бастауында қасиетті Құран Кәрімнің «Алақ» сүресінің алғашқы аяты тұр. «Оқы!» деген бұйрық райлы аят адам баласына оқудың, білім алудың маңыздылығын ұғындырады. Шынында, жаратылыстың сырын, адамдар арасындағы қарым-қатынастың құпиясын оқу бәрімізге қажет.

Ендеше, жазу-сызуды тану, ой мен пікірді оқи алу әркім үшін өте қажет екенін түсіну қиын емес. Осыны жақсы білген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) алғашқы соғыстың бірінде қолға түскен қарсыластарына азаттық алу үшін әріп білмейтіндерді оқу, жазуға үйретуге шақырып, қараңғы халықты білім нәрімен сусындатады. Бұдан іргетасы жаңа қаланып жатқан Ислам мемлекетінің өркендеуі үшін сол тұста білімді адамдардың қажет болғандығын көруге болады. Яғни, көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас орнату ісінде тілге жетік, жазуға шебер жандар таптырмас көмекші еді.

Міне, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) көрсеткен сара жолы кейіннен білім алудың артықшылығын ұғындырып, әлемдік нақты ғылымдарға мұсылман ғалымдары көптеген үлес қосты. Соның ішінен медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мен алгебралық амалдардың орындалуын жасаған әл-Жабриді айтсақ та жеткілікті. Олардың бәрі де өз заманында аса қажетті білімді меңгергендер еді.

Арада мыңдаған жыл, нешелеген ғасыр өтті. Талай су ағып, талай өзен сарқылды. Қазіргі күні біз үшін ең маңыздысы дұрыс діни білім болып отыр. Себебі, әлемде діни білімді теріс ұғындырып, адастыруды қалайтын саясат бар. Соның кесірінен дүниежүзінде Ислам дінін қаралап көрсетуді көксейтіндер шығып отыр. Оның артында білімсіздік, қараңғылық жатқаны белгілі.

Мысалы, күллі әлем жұртшылығын алаңдатқан Сириядағы ИГИЛ бүлікшілерінің әрекеті діни білімсіздіктен, шариғаттан хабарсыздықтан шыққаны анық. Ең өкініштісі – қара тулы халифат құрғысы келіп, бейбіт елдің ту-талақайын шығарғандарға еретіндер әлемде әлі де табылып қалатындығында. Соның алдын алу, адасқандардың қарасын азайту мақсатында Қазақстан Республикасы діни білім алуға рұқсат беріп, мемлекеттер арасында расталған оқу орындарын бітірудің тиімділігін ұсынуда.

Облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандарының айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің 2014 жылғы шешіміне сәйкес ел азаматтары үшін білім алуға лайықты, дипломы Қазақстан аумағында жарамды деп танылған шетелдік он жоғары оқу орны бар.

Атап айтар болсақ, Египет Араб Республикасының астанасы Каир қаласындағы «Әл Азһар» университеті, Түркия Республикасының Стамбұл, Мәрмара, Анкара, Селжұқ, Хасеки университеттері, Өзбекстан Республикасындағы Ташкент Ислам университеті, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласындағы Мәскеу Ислам университеті мен Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласындағы Ресей Ислам институты, Малазия Республикасындағы Малазия  халықаралық ислам университеті білім алуға лайықты оқу орындарының қатарына жатқызылған. Онда діни білім алу, шариғат заңдарын меңгеру құпталады. Дегенмен, берілген рұқсатқа қарамастан басқа оқу орындарына кетіп, елге пайдасы аз маман болып оралғандар жоқ емес.

Жетісу жерінің теолог мамандары жүргізген талдау-сараптау жұмыстарының негізінде 2007 жылдан былтырға дейін 93 студент оқуын аяқтап елге оралған. Оларды діни көзқарасы мен ұстанымы бойынша талдау нәтижесінде 77 адамның дәстүрлі Ханафи мәзхабын басшылыққа алатыны белгілі болса, 16 студенттің сәләфи-уаһһабилік бағытты ұстанатыны анықталды. Өйткені, шетелден діни білім алып, елге оралған 93 маманның 46-сы білім алуға лайықты оқу орындарында білімін жетілдірсе, қалған 47-сі рұқсат етілмеген оқу орындарында білім алған. Яғни, тең жарымының дипломы елімізде жарамсыз деген сөз.

Ал әлгі 93 жанның басым бөлігі бүгінгі күні елге оралып, әр салада қызмет етіп жатыр. Атап айтсақ, 65 маман Алматы қаласы мен облыс аумағына тіркеуге тұрса, 23 адам еліміздің өзге аймақтарына қоныс аударғаны белгілі болды. Тағы бес адам шетелден оралмаған немесе қайта кеткен. Бұл өткен жылдардың көрсеткіші. Келген мамандардың ішінде өз саласы – дінді оқытуды доғарып, ауылшаруашылық немесе құрылыс саласында еңбек етіп жүргендер басым. Яғни, неше жылдық шығынның нәтижесі. Шығарған қаржысының қызығын көруді ойлаған ата-ананың орындалмаған арманы түкке пайдасы жоқ құжатқа айналды. Қалай болғанда да өкінішті.

Тап қазір еліміздің 36 азаматы шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанып, білім алуда. Олардың 26-сы рұқсат етілген университет пен институттың табылдырығын тоздырып жүрсе, қалған оны Қазақстанда тыйым салынған оқу орнында білім алуда. Биыл солардың 17-і елге қайтуды жоспарлаған. Олардың ата-анасымен, туған-туыстарымен әңгімелесіп, білім алушы жастың ұстанған ұстаным, бағытын айқындаумен айналысатын мамандардың айтуынша, шетелде білім алып келгендердің кәсібіне сай жұмыс тауып кетуі оңай емес.

Оның көптеген себептері бар. Оның біріншісі әлеуметтік мәселе. Яғни, еліміздегі мешіттерде имамдарға айлық жалақының төленбейтіндігі. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, тұрақты табыстың болмауы да діни білім алған адамдарды басқа бағыттан нәпақа табуға итермелейді. Әрине, өз ісін жақсы көретін, аймақ тұрғындарының діни танымын кеңейтуді қалайтын азаматтар жоқ емес. Бірақ өте аз. Қарапайым халықтың діни көзқарасының дұрыс қалыптасуына ықпал етіп отырған сондай имамдар екендігі анық. Мысалы, облыстың шалғайдағы ауылына имамдық етуге өз еркімен баратындар жоққа тән. Тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлік имамдарының «Алла разылығы үшін» айтылған нұсқауымен аттанатынын жасыруға болмас.

Екінші себеп – алған білімінің терістігінен. Яғни, еліміздің мешіттерінде имамдық етуден жалтаратындар зайырлы Қазақстан Республикасын мойындамай, оның заңнамалары мен ереже-шарттарын қабылдамауға тырысады. Тіпті, елімізді «Тағұт мемлекеті» деп есептеп, күллі халыққа қара күйе жаға салудан тартынбайды. Ол дегеніңіз, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қорғап, кейінгіге мұра ретінде қалдырған кең-байтақ жерімізді кәпірлерге тән деп есептеумен тең. Ондай теріс пиғылды жандардың артында алған діни білімінің қисықтығы жатыр. Көбіне ел ішіне іріткі салып, қалыптасқан тыныштығымыз бен тұрақтылығымызды көре алмайтын астыртын топтардың әрекеті  жүрек ауыртады.

Міне, шетел асып алған діни білімнің нәтижесі бүгінгі күні осылай түйінделуде. Олардың бәрі өзіміздің азаматтар. Дегенмен, дипломды рұқсат етілген оқу орнынан алу баршаға ортақ міндет. Оны қабылдамау мемлекет атты ортақ үйіміздің қарапайым қағидаларын мойындамаумен тең. Ендеше, құрметті оқырман, қадірменді ата-ана, аңсап көрген ұл-қыздарыңыз шетелде діни білім алғысы келсе Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы таңдаған университет пен институтқа баруын қадағалаңыз! Үрім-бұтақ, тұқым-тұқияныңыздың болашағы өз кіндігіңізден шыққан ұрпағыңыздың қолында екенін ұмытпаңыз!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды