"ОҚУ БІЛГЕН ТАНИДЫ БІР ЖАРАТҚАН ҚҰДАЙДЫ": ЫБЫРАЙДЫҢ ӨСИЕТІ

Уақыты: 22.06.2020
Оқылды: 1781

Бала кезімде тақпақ деп қарап, тақылдап жаттап, мұғалімнің «бес» деген бағасын алып, ата-анамның алдында беделім биіктеп, маңдай бағы бес елі адамдай күй кешкенім әлі есімде. Ыбырай атамды содан бері өте жақсы танитындай едім. Жалғыз мен ғана емес, алдымдағы аға толқын да, менің құрбы-құрдастарым да, бізден кейінгі буын да солай ойласа керек. Өйткені, «Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық», – деп басталатын төрт-бес шумақ өлеңді бәріміз беске білетінбіз. Иә, кеңестік кезеңнің толқынында өмір сүрген ұрпақ ұлт көсемдерінен гөрі сол қоғам қолдан жасаған «күн көсемді» жеті атамыздан да жақсы білдік. Ыбырай дананың «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын шумағы үш жолдан ғана емес, «Бір Құдайға сиынып» деп басталып, төрт жолы түгел, төрт құбыласы бүтін шығарма екенін дінсіз қоғамның шеңберінен шығып, еркіндіктің самалы ескен сәтте ғана ескере бастадық. Бұл туындының Ыбырай Алтынсариннің «Сөз басы» деген көлемді өлеңі екенін де кейін білдік қой. Кейін де болса білгенімізге шүкір. Біз толық білмесек, сылтау бар, «кеңестік идеологияның кесірі». Бүгінгі тәуелсіздіктің арайлы таңымен дүниеге келіп жатқан ұрпақ Ыбырай бабасын қаншалықты таниды?! Алпыс екі тамырынан қан емес, ток өтіп жатқан қазіргі қоғамдағы сезімсіз ұрпақтың онының бірі, бәлкім бесінің бірі Ыбырай атамызды біз танығандай тани қояр ма екен? «Дала қоңырауы» атанған ең алғашқы ағартушы-ұстаздың бірі болғанын мектеп бағдарламасынан оқығанымен ұмытып та қалды-ау?! Несін жасырайын, кемеңгер дананың мұрасын насихаттау арқылы өз балаларыма ыбырайтанудан сабақ беріп келе жатырмын. Санаға салмақ салып, бас ауыртатын дүние емес қой, шағын ғана жазбамды ұл-қызыңызбен, немереңізбен бірге дауыстап оқып, санасына тоқып, болашағына қазық, өміріне азық қылыңыз, қадірлі оқырманым! Алтынсары баласының сары алтыннан қымбат аманат сөзі ғой!

Әлқисса, Ыбырай данадан жеткен жетелі сөздің жетегіне еріп отырсаңыз, жетесіздіктен сақтап, кез келген салада жетістікке жетудің жолы – бір Аллаға сиынып барып, білімнің баспалдағынан бастауда екенін есімізге салады. Зейін қойып оқысаңыз, «Бір Құдайға сиынып» деп басталатын «Сөз басы» өлеңінің екінші шумағы осы сөзімді айғақтайды.

Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап.
Оқымаған жүреді,
Қараңғыны қармалап.

Исламның ғұламасы болмаса да, шариғаттан хабары ғана бар емес, дінді терең білгендігінен осылай жазып отырғаны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Дана бабамның білім-дариясының қасында білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз болса да, ол кісінің діни сауатты болғанын сіз бен бізге аңғару еш қиындық туғызбайды.

Неге? Қалай? Санаңызда осындай сауал пайда болса, жауап іздеп көрейін. Алланың атымен бастаған істің қайырлы болатынын Ыбырайды туған қазақ ұлысының данышпандары әлдеқашан айтып кеткен: «Сөздің басы біссмілдә, біссмілдәсіз іс қылма».

Төр жақта мысалға келтіріп отырған төрт жолдың алғашқы екі тармағының түйіні осы. Соңғы екі жолы адамзат баласын қараңғыдан жарыққа, надандықтан адамдыққа жетелеген қасиетті Құран кәрімнің Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түскен алғашқы «Ғалақ» сүресінің: «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы!», – деген бірінші аятында айтылғандай, оқу адам баласына Жаратушы тарапынан парыз етілгенін, ал оқымаған адамның шаңқай түсте қолына шырақ ұстап алса да адасып жүрген ғаріптің күйін кешерін меңзейді. «Дін – апиын, Құдай жоқ, Құран жалған» деген кеңестік идеологияның айдарынан жел есіп тұрған қоғамда бұл шумақты айтқызбады бізге. Ендеше «Сөз басы» өлеңінің толық нұсқасы тәуелсіздіктің тартуы десек те болады.

Ал Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы. Ыбырай дананың бар мұрасымен қауыштырған Жаратқанға тағзым, тәуелсіздікке тәу етіп, ойымды әрі қарай сабақтайын. Жоғарыда айтқанымдай бәріміз тақылдап айтып «бес» алған мектептегі шумақтарын емес, солақай саясаттың салдарынан адасып барып, қайта табысқан жолдарының тағы бірін ұсынайын назарыңызға.

Оқу білген таниды,
Бір жаратқан Құдайды.
Танымаған Құдайды,
Не қылғанда ұнайды.

Пенде баласын тура жолдан адастырып, құлдық санада ұстаудың бірден-бір құралы – діннен алыстату. Дін дегеніміз – бүгінгі таңдағы саясатқа айналып, естігеннің есін шығарып, көргеннің көзін тостағандай қылып, надандықпен жат ағымның жетегіне ертіп, жарға жығатын арандатушылардың қолындағы қару емес. Дін – адам баласының әу баста құдіреті күшті Құдай тағала қалай жаратты, сол мақсатта өмір сүруінің бағдаршамы.

Қай кезеңде болмасын дінді құралға айналдырған жерден түрлі қиянаттарға жол ашылады. Нәтижесінде дінінен безген қоғам қалыптасады. От пен суға табынған шамандық заманды айтпағанның өзінде ислам діні келмей жатып-ақ қазақ бір жаратқан Құдайдың бар екенін білген жұрт. Бабадан қалған: «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір ғана сөз осы ойымның дәлелі.

Құран Кәрім жеткенге дейін Жаратқанның жаратылыс кітабына, яғни, мынау табиғаттың тылсым сырларына үңілу арқылы Құдайын таныған елдің ұрпағымыз. Ақиқатында білімнің биік шыңы – ең әуелі өзін жаратқан Құдірет иесін тану ғой. Ыбырай дананың жоғарыдағы төрт жолда меңзеп отырғаны да сол. «Өзі болған Құдайын танымас». Бұл - надандықтың белгісі. Алланың бергеніне шүкірлік қылмай, «өзім болдым, өзім толдым» деп күпірлікке бой алдырып, асқақтап бара жатқан пендені Ұлы жаратушы бір сынақпен ақсатып қояды. Маңдайы тасқа тигенде ғана барып: «Бұл Құдайға не жаздым?» деп жаратқанды жазғыра бастайды. Бірақ өзінің тәкаппарлығы мен астамшылдығының нәтижесінде жазып, жаңылып қойғаны есіне түпейді-ау сол мезетте. «Дала қоңырауының» «Танымаған Құдайды, не қылғанда ұнайды» деуінің сыры осында болса керек. Алтынсары ұрпағының ұлағатты сөзіне зер салсақ, білімнен асқан байлық жоқ екенін есіңізге түсіресіз. Білім – таусылмайтын қазына, сарқылмайтын өзен, тартылмайтын бұлақ іспетті.

Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар.
Оқымыстының байлығы,
Күннен-күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.

«Байлық – бір жұттық» дейтін қазақ халқы үшін білімнің алар орны ерекше. Ғасырлар қойнауын ақтарып, даналар сөзіне үңілсеңіз – байлық атадан балаға мирас болған емес. Ой елегіне салып, өмір тәжірибесінен өткізген бабалар: «Әкенің малы – балаға мал болмайды», деп әр баланың өзінің маңдай терімен тапқан табысында ғана береке болатынын айтып-ақ кетіпті.

Яғни, мал дәулеттің шегі бар. Төрт түлігің өрісіңе сыймай, қымбат мүлкің керегеңді керіп тұрағанымен төтеннен келген қауіп-қатермен бірге қас-қағым сәтте жермен-жексен болары хақ. Ал білім ше? Сіз өмірден өтіп кеткеннен кейін де саналы ұрпағыңыздың кәдесіне жарап, ғасырлар керуенімен бірге жасай бермек. Ыбырай дананың айтып отырған «күннен-күнге көп болар, еш жұтамақ жоқ болар» деген қорғасын ойын санаңызда қорытсаңыз осыған көзіңіз жетеді. Жалпы, жаназа рәсімінде имамдардың айтатын уағыз-насихатында үш түрлі амалдың сауабы адам өмірден өткеннен кейін де артынан үзбей барып тұрады дейді.

Біріншісі, жария садақа – көпір, мектеп, бау-бақша, мешіт, тағы сол сияқты. Екіншісі, салиқалы ұрпақ – артынан дұға жасап қана қоймай, ата-тегіне тіл тигізбейтін саналы перзент. Үшіншісі, пайдалы білім – адамның жан-дүниесін нұрға бөлеп, ақыл-ой кемелдігін дамытып, ғылымның сырын ашып, надандықтан адамдыққа, сараңдықтан қайырымдылыққа жетелейтін ізгі қасиеттерге толы кітап жазып қалдыру.

Байқайсыз ба, дүниеде жаныңыздан жақсы көрген мал-мүлкіңіздің бірі де айтылған жоқ. Яғни, мал-дәулеттің байлығы уақытша ғана екен. Ендеше, сіз бен біздің ұрпағымызға ең әуелі еш жұтамы болмайтын, күннен-күнге көбейетін оқымыстының байлығын нәсіп етсін. Бұл тұжырымнан бай болмау керек деген ой тумасын. Адам баласына бай болмасын деген шектеу ешбір жерде жазылмаған. Бай болыңыз, бар болыңыз. Бірақ сол байлықты іштарлықпен ініңізге тыға бермей, жетім-жесірге, ғаріп пендеге үлестіріп, арыған ағайыныңмен бөлісіп, көркем бай болыңыз. Ол үшін, әрине, ең әуелі білім керек.

Надандықтың белгісі,
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген хайуандай,
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас.
Жөн білмеген адамға,
Қыдыр ата дарымас.

Ыбырай атамыздың ұрпағына қалдырған бар қазынасын емес, бір ғана өлеңінің төңірегінен әлі шыға алмай жатырмын. Қай шумағының қандай тармағын алып қарасам да, надандықтан алып шығудың бір ғана жолы бар екенін айтады. Ол – білім! Мәселе, қандай білімде? Әлбетте, тәрбиемен тамырланған білімде. Бұл бағытта әл-Фараби дана айтқан тәмсілді есімізден шығармасақ болғаны. Әйтпесе, білімдінің бәрі ақылды, ақылдының бәрі дана емес.

Ақыл мен білімнің өзегі – тәрбиеде. Қазіргі таңда мемлекетті тұралатып жатқан жемқорлықтың басында кім тұр? Әрине, негізгі баспалдағында осы мемлекеттің тізгінін ұстаған билік өкілі тұр. Бұрынғылардан қалған «Пара бергенше – бара бер» деген тәмсілдің тонын «Бара бергенше – пара бер» деп теріс аударып алғанбыз. Биліктің тұтқасын ұстап, дәл осы жемқорлыққа себепкер болып отырған адамды ақылсыз не білімсіз деп айта аламыз ба? Білімі мен ақылы жеткеннен кейін сол орынтақта отыр емес пе?

Бір кем дүние-ай! Тәрбиеге сызат түсіп тұр ғой. Тал бесіктен берілетін тәрбиенің бір бұрышы шытынағаннан кейін ар-ұят, обал-сауапты жиып қойып, «еш ақылға жарымайтын, надандықтың белгісі» бойынан табылып жатыр ғой. Арамнан ас ішіп, біреудің көз жасы мен наласына қалып жатса да селт етпейтін, өзінің аш өзегін толтырғанына мәз қомағай жемқордың Ыбырай атам айтқандай «ақ-қараны танымайтын жайылып жүрген хайуаннан» қай жері артық?! Зәулім үй, қымбат көлік, әдемі киім адамның жан-дүниесіндегі, яғни ар-иманындағы, тәрбиесіндегі кемшілікті қанша бүркесе де жасыра алмайды.

Өйткені, біз – кісіні киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып салатын даналықты жақсы білетін елдің ұрпағымыз. Мына дүниеде қыдыр дарып, бақ қонғандай өмір сүруіміз мүмкін. Ол маңдайымызға бұйырған жалған дүниенің алданышы ғана. Нағыз ақиқат, біздің тіршіліктегі жақсы-жаман амалымыз, обал-сауабымыз таразыланатын күн Алланың алдында.

Оқу білген адамдар,
Май тамызған қылыштан.
Білмегенді білуге,
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.

Білімнің шыңына апаратын төте жол – оқу екенін көзі ашық, көкірегі ояу кез келген пенде жақсы біледі. Білмеске амалымыз да жоқ, өйткені, даналар қалдырған сара жолдың басында оқу тұр. «Дала қоңырауының» да аманат сөзінің өзегінде оқу мен білу арқылы білімді болудың жолы көрсетілген. Аталарымыздан қалған: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген тілге жеңіл болғанмен санаға салар салмағы батпандай ауыр сөз бар. Құдай осындай қарғысты арқалап кетуден сақтасын. Одан сақтанудың бірден-бір қорғаны дала ділмарларынан жеткен рухани қазынадан нәр алып, өнегелі өсиетін жан-дүниеміздің азығына айналдыру. Есерлік пен ессіздікке ұрынбай, естінің күйін кешіп, екі дүниеде де есебімізді оқу-біліммен теңестіре алсақ, бақытты ғұмыр кешкен пенденің қатарынан боларымыз анық.

Ыбырай баба қалдырған даналық ойдан біраз дән іздедік. Тапқан дәнімізді сана дейтін егінжайға егіп, бабадан қалған рухани бұлақпен суғарып, арамшөп сияқты аздыратын ойлардан тазартып отырсақ, еңбегіміздің еш кетпегені. Ол үшін қандай болмасын іс-әрекет пен амалымызда, оқу оқып, білім іздеу жолында мына төрт тармақ бағдаршамымызға айналғаны ләзім.

Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.

Құдайға сиынып бастаған ісіңіздің қасында періштелер жиылып, амал-ісіңізге «әумин» деп тұрса, Алланың нұры құйылып, несібеңіз молынан бұйырып жатса, әрекетіңіздің берекеті сол емес пе? Ол үшін ең әуелі ықылас керек екен. Ықылас болмаған жерде оған кеткен уақытыңыз да, күш-жігеріңіз де, ілім-біліміңіз де ысырап болмақ. Ыбырай Алтынсариннің жауһар сөзінің бірнеше шумағын мысалға ала отырып, ой қорытқандағы түйгеніміз осы болды. Ендеше, баба аманатын амалымызға айналдырып, әрқилы ісіміздің басында ықыласты болуды нәсіп етсін.

Осы шағын жазбаны ықыласпен оқысаңыз, көңіліңізге тоқып қойыңыз, жеткіншек оқырманым! Ықыласпен оқыған дүниенің нәтижесі қандай болатынын Ыбырай атамнан үйреніңіз:

Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар!

Жұматай ӘМІРЕЕВ