АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 11 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫНА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 03.08.2020
Оқылды: 1161

Құрбан айт мерекесіне орай Алматы облысында 11 мыңнан астам отбасына ет таратылды. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен брифингте мәлім болды.

Пандемияға байланысты биыл Алматы облысының тұрғындары Құрбан айт мерекесін жаңа ережелер бойынша атап өтті. Және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Ардақ Оразбаевтың бастамасы бойынша қасиетті мұсылман мейрамына дайындық әдеттегіден ертерек басталды.

- Биыл карантиндік шараларға сәйкес және қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, Талдықорғанда арнайы бөлінген жерде 1 түйе, 56 ірі қара, 611 ұсақ мүйізді ірі қара құрбандыққа шалынды. Ал автоеріктілер (мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін тасымалдайтын көлік жүргізушілері) 5531 мұқтаж және көпбалалы отбасына, туа біткен аурулары бар адамдарға, қарт адамдар мен ауруханаларға ет жеткізді, - деді Ардақ Оразбаев.

Жалпы 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Алматы облысы бойынша 1 түйе, 145 бас ірі қара және 3409 бас ұсақ мал сойылды. Ал 400-ге жуық еріктілер 11 225 мұқтаж отбасына ет жеткізді.

Мысалы, онлайн өтінім арқылы Алакөл ауданы бойынша барлығы 17 ірі қара және 530 ұсақ мал құрбандыққа шалынды. Ал ет 1064 мұқтаж отбасына таратылды. Кербұлақ ауданында "Майтөбе ет" ЖШС мал сою пунктінде 47 бас ірі қара мен 12 бас қой сойылды. Бұл ауданда да еріктілер 636 көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ет жеткізді. Сондай-ақ, Құрбан айт мерекесі кезінде Ескелді ауданы бойынша 15 бас ірі қара, 321 ұсақ мал сойылып, оның еті 865 көпбалалы және аз қамтылған отбасына таратылды.

Еске салайық, онлайн режимінде құрбандық шалу облыстың барлық аудандары мен қалаларында 25 арнайы белгіленген аумақта өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"