ШӘКӘРІМ ҚОЙҒАН БЕС САУАЛ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАСИЕТТІ ҚҰРАННАН ЖАУАП

Уақыты: 06.09.2020
Оқылды: 2434

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын.
Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек.
Бұл сөздерге дін кітабынан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен.

                        ШАҺ-КӘРІМ

Замананың заңғар тұлғасы, «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» Шәкәрім бабамыздың асыл мұрасы да сарқылмас қазына екені ақиқат. Дәуір ауысып, қоғамның өзгергені ғой, құндылықтардың орнын ауыстырып алдық. Жан азығынан гөрі тән азығы үшін уайым жеу алдыға шықты. Өмірді өтпестей көріп, өлместей жинаған дүниеміздің ажал сағаты соққанда қасымызда бір сәт те жолдас болып тұра алмайтынын білсек те, нәпсі билеген көңіл ақырет азығынан гөрі тіршілік қызығына көп икемдейді. Нәпсі икеміне иіле кететін пенде көп болған соң келеңсіз әрекеттердің белең алып жатқаны да рас. Бұған жүректегі иманымыздың әлсіздігінен жол беріп қоюдамыз. Оның негізгі себебі – Шәкәрімдей дана бабаларымыздың қалдырған аманат сөзін аяқ асты еткендігіміз екенін несіне жасырайық. Солақай саясаттың сойылын соққандар қажы атамның тағдырын талқандап, мезгілсіз ажал құштырып, кебінсіз құдыққа тастады. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнардың» керін келтірді. Алланың ақ өлімі бұйырмады дегенімізбен маңдайына бұйырған нақ өмірінің өлшемі солай болды. Ұлы Жаратушымыз аманат жанын алып кетті, тәні құдықта қалып кетті. Хақ бұйрығы осы болды, арада жылдар өткенде дананың шашылған сүйегін жинап, Жидебайдағы Абай ағасының қасына жерленді. Бұл күнде руханияттың қос шырағындай, Шыңғыстаудың қос шынарындай болған аға мен іні мәңгілік мекен еткен орын тек зиярат етіп барып, құран оқып қайтатын зират қана емес, рухани ордаға айналды. Көзінің тірісінде мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барып, қасиетті Құран Кәрім түскен Меккеге тауап жасап, зәм-зәм бұлағынан дәм татып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жатқан Мединеге табаны тиіп, Алла Елшісіне (с.ғ.с) сәлем беріп, рухани кемелденіп қайтты. Кеңестік идеологияның жалауын көтерген солақай саясаттың салқыны Шаһ-Кәрім қажының да басына бұлт үйірді. Қолына кісен салып, абақтыға да жапқызды. Ақырында даланың дара ділмарын өз қазағына атқызды. Тән құдыққа тасталды, жан Жаратушысының дәргейіне көтерілді, ұрпағына ұлағат ретінде жазған асыл мұрасы артында қалды. Алпыс жылға жуық Алашынан аластатылған Шәкәрім қазынасы азаттықтың ақ таңы ата бастаған тұста ұрпағымен қайта қауышты.

Ғибратты мұрамен қауышқалы отыз жылдан асса да тауыспайтынымыз анық. Өйткені, күтіп-баптаған сайын жеміс беретін тамыры терең мәуелі ағаштай қажы атадан қалған асыл сөз де оқыған сайын зейініңді көтеріп, зердеңді аша бермек. Бұл жолы қажыға барып Мекке көрген Құдайбердіұлының білімділерге қойған бес сауалы төңірегінде әңгіме қозғап, ой өрбітпекпіз.

«Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітабынан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен».

Ғұлама, ғалым деңгейіне көтерілмесем де білімділер қатарынан орын алуға болатын шығар. Қажы атамдай діни ілімім терең болмаса да, Құдайын танып, Құран оқып, құлшылық жасап жүрген пенде ретінде бес сауалына өз білімімнің деңгейінде екі дүниеме бірдей қажет болғандықтан, діни кітаптан дәлел көрсете отырып, жауап беріп көргім келді. Неге десеңіз, бұл сауал өзі өмір сүрген уақыттың кейіпкерлеріне ғана арналмаса керек.

Атадан қалған аманат болған соң, оған бүгінгі ұрпақтың да қал-қадерінше жауап беруге қақысы бар шығар. Шаһ-Кәрім дананың араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білгенін ескерсек, мына бір талабы ана тіліне, баба тіліне деген құрметі болса керек. Қазақ тілінің бүгінгі тағдырына алаңдаған адам бабадан үлгі алса қанеки. Білімділерге бес сауалын қоймай тұрып, Шәкәрім атам айтады: «Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын – бәрібір, бірақ жауап қазақ тіліменен жазылсын яки қазақша тәржіма етілсін!»

Бабадан қалған осы ұстанымды берік ұстап, қоғамның қай саласында болмасын, ең әуелі қазақ тілінде айтылып, қазақ тілінде жауап берілуі керектігін күллі қазақ болып талап ете алсақ қой, шіркін! Бірақ бұл ойым арман болып қана қалатын сияқты. Қоғамдық көліктер мен саябақтарда, тіпті, көпқабатты үйлердің ауласында немерелерін жетектеп, ойнатып жүрген, әсіресе, «бесік жырымен» тәрбиелейді деген әжелеріміздің өзі тілі жаңа шыққан балақаймен орысша шүлдірлесіп бара жатады. Яғни, тағы да  бір буын орысша өсіп келеді деген сөз.

Осыны көріп отырып, Шәкәрім атамның аманатын орындай алмаймыз-ау деген қорғасын ой санама салмақ салады. Тым құрығанда, мына бес сауалға өзімізше жауап іздеп, соған лайық өмір сүрсек те жаман болмас еді. Бұл бес сауал шынымен де «адамның екі дүниесіне бірдей керек».

Шаһ-Кәрім қажының бірінші сауалы: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?» Осының алдында Абай-дариядан алған ілімімізде «Көп кітап түсті Алладан соның төрті, Алланы танытуға сөз айырмас» деген жолдардағы төрт кітап – Забур, Тәурат, Інжіл, Құран туралы айтқанбыз. Құран Кәрімнің Алла тарапынан алдағы үш кітапты толықтырушы әрі растаушы соңғы кітап екені туралы аят-хадиспен дәлелдеп отырып жазғанбыз. Ендеше, қажы атамның бірінші сұрағына Ұлы Жаратушымыздан адамзат баласына түсірлген соңғы кітап қасиетті Құранның аятымен дәлел келтіре қысқа да нұсқа жауап берейін: «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым». (Зарият сүресі, 56-аят).

Енді осы аятқа жауаптан тыс бір-екі ауыз ойымды білдіре кетейін. Дінтанушы ғалым немесе имам болмағандықтан терең тәпсірлей алмайтыным рас. Дегенмен, қазіргі қоғамда құлшылық десе адам санасына ең әуелі намаз бен ораза келеді. Діннен толық хабары болмағандықтан исламды осындай тар шеңберге салып қоятынымыз рас. Алланың бар, бір екенін, Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі екенін тілмен айтып, жүрекке бекіту, бес уақыт намаз, отыз күн ораза, зекет беру мен қажылық бұл Алла тағаланың мұсылман баласына жіберген бес парызы. Парыз амалдар ешқашан талқыланбайды.

Ал құлшылық – ауқымы кең арна, түбі терең теңіз сияқты. Әке мен ананы құрметтеуден бастап, ағайынмен татулық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жетімге жәрдемдесу, жылағанды жұбатып, құлағанды сүйеу сияқты күллі ізгі де қайырымды амалдардың жиынтығы. Тіпті, бір адамға бірауыз жылы сөйлегеніңіздің өзі құлшылық. Яғни жақсы адам болып, жақсы өмір сүру үшін тек жақсы амалдар жасауымыз керек. Нәтижесі Алла тағаланың рахымына бөлену. Ал кез келген теріс әрекеттің бәрі құлшылыққа кереғар дүние. Нәтижесі Алланың қаһарына жолығу.

Шаһ-Кәрім атамның екінші сауалы: «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?». Бұл сұраққа да дана бабам талап еткендей кітабымыз Құран Кәрімнен нақты жауап табуға болады. Бәинә сүресінің сегізінші аятында: «Алла оларға разы, олар да Аллаға дән риза. Міне, осынау «разылық» мәртебесі Раббысына тиісінше тағзым етіп, Одан шын именетін ізгі жандарға нәсіп болады». Яғни, бұл сауал да бірінші сұрақтың жалғасы іспетті. Алғашқы берген жауабымызда «құлшылық жасау үшін келгенімізді» айттық. Ал құлшылықтың ең биік шыңы ол – Құдайын тану. Құдайын таныған адам осы аятта айтылғандай Алла тағаланың мейіріміне бөленетін, бұйырғанын орындап, тыйыл дегенінен тыйылып, ізгі амалдарды орындап, «разылық мәртебесіне» көтерілмек. Шаһ-Кәрім атамыздың қаны бір туысы һәм рухани ұстазы Абай атамыздың: «Құдайдан қорық, адамнан ұял» деген тәмсіліне сүйенсек, осы сөзді бойтұмарына айналдырып, амал жасаған адам ғана Ұлы Жаратушысын разы ете алмақ. 

Шаһ-Кәрім атамның үшінші сауалы: «Адамға өлген соң  мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?». Болмысынан обал-сауапты жақсы білетін кез келген қазақ «әрине, бар» деп жауап берері сөзсіз. Дала ділмарының талабы бойынша бұған да діни кітабымыздан жауап таптық. "Инсан" сүресінің 4-5-аятында: «Біле білсеңіз, біз кәпірлер үшін шынжырлар, бұғаулар һәм жалын атқан от дайындап қойдық. Ізгі жандарға келсек, хош иісті «кәфур» қосылған жаннат сусынын ішеді».

Зейінмен қарап шағыңызшы. Бір оқығанда жәй қойыла салған сауалдай көрінгенімен бір-бірімен сондай ұштасып жатыр. Ең бірінші сауалда жаратқандағы мақсатымызға жауап бердік. Екінші сауалдың жауабы адамға осынау тіршілікте ең керегі Құдайына бойұсыну, яғни, жаратқанды тану екені һәм таныған Раббымыз разы болатын амал істеу болды. Үшінші сауалдың жауабын талдасақ, ізгі амал істеген адамның сауап алып, рахатқа бөленетіні, ал Құдайымен ісі жоқ пенденің, яғни, қарсы келушілердің Алланың азабына душар болатыны жайлы айтылып отыр.

Осыдан-ақ, қажыға барып, Мекке көрген дала перзентінің діни танымының тереңдігін байқауға болады. Әйтпесе, осы бес сауалға дүниеауи мысалдармен жауап берсек те түрлі мысал табылар еді. Бірақ қажы атам жауап беретін білімді болса, дінді біліп барып сөйлесін деп отыр. Санаңызға салып, әр сауалды салмақтай алсаңыз, осы бес сауалдың өзі бес күн жалған өмірдің қызылды-жасыл қызығына алданып қалмай, ақырет үшін де амал жасауымызды меңзеп тұр емес пе?

Шаһ-Кәрім қажының төртінші сауалы: «Ең жақсы адам не қылған кісі?» Қойылған талап бойынша бұл сұраққа да жауап беру үшін дін кітабын парақтадық. Қасиетті Құрандағы Қасас сүресінің 77-аятында былай дейді: «Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса».

Егерде он екі мүшеңіз сау, ақыл-есіңіз дұрыс, денсаулығыңыз мықты ма – онда бұл Алланың сізге жасаған жақсылығының ең кереметі. Еріннің сыбырлағаны мен жүректің жыбырлағанына дейін білетін Алла тағала мынау жарық дүние сынақ алаңы болғандықтан адам баласын сан түрлі жолдармен сынайды. Оған қоса өзінің уәдесін де айтады: «Алла сабырлылармен бірге».

Бұл көптеген сүреде кездесетін аят. Біреудің мүмкіндігі шектеулі оны мүгедектік деп қабылдамай, сабырлық көрсетіп, шамасы келгенінше тіршілік жасауға ұмтылса, ырыздығы молайып, алар сауабы да көбейеді. Ақыл-есінде кемістігі бар адамның ешқандай сұраққа алынбайтындығы да айтылады. Ал дені-құрсағы сау адамның Алланың әміріне қарсы келмей, бойұсына амал жасаса нағыз мүмін болып, екінші сауалда айтылған «разылық дәрежесіне» көтерілмек. Яғни, сауалда айтылғандай ең жақсы адам болуы үшін ең ізгі жақсылықтарды жасауға ұмтылмақ керек. Менің ақыл таразымдағы ең жақсы адам дегеніміз осы.

Шаһ-Кәрім атамның бесінші сауалы: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз не?». Бұл осыдан бір ғасырдың арғы жағында қойылған сауал. Әлі күнге құнын жоймағандықтан бүгінгі заманмен жауап беріп отырмын. Ақиқатын айтқанда: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы бұзылып бара жатыр!»

Абай атамның: «Әуелі аят-хадис сөздің басы» дегеніндей, алғашқы төрт сауалға аяттан дәлел келтіре жауап бердік. Бесіншісіне Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадиспен жауап беріп көрейін. Алла елшісі (с.ғ.с): «Ең жақсы заман – менің заманым, одан кейін сахабалардың кезеңі, одан кейін табиғиндердің дәуірі. Одан кейін уәде берсе, сөзінде тұрмайтын. Аманатқа қиянат жасайтын, сөзі амалына қарсы адамдар келеді», - деген.

Хадисті ақылға салып сараласақ, қиямет жақындаған сайын адамдар азғындықтың небір түрін жасайды. Ақырзаман адам баласының азғындауымен аяқталмақ. Бүгінгі қоғамда қазақ баласының ғана емес, жалпы адамзаттың рухани азуы небір жамандыққа жол ашып, ақырзаманды өз амал-қарекетімен жақындатып-ақ жатыр.

Ендеше, Шаһ-Кәрім Құдайбердіұлынан қалған тағылымды дүниеден ой түйіп, осы бес сауалға өзіңізше жауап іздеп, екі дүниеңізге пайдалысын амалыңызға айналдырыңыз.

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан