"ҮЛКЕН СЫЙ": ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ БАС МҮФТИІ "ПАРАСАТ" ОРДЕНІН ТАҚТЫ

Уақыты: 06.11.2020
Оқылды: 1442

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Есік қаласы орталық мешітінің бас имамы Рәтбек қажы Нысанбайұлын қабылдап, 80 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен «Парасат» орденін табыстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесуде Амандық Ғаббасұлы:

– Бүгін ерекше күн. Өйткені облысымыздың азаматы, Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының еңбегі еленіп, мерейтойына орай  ҚР Президентінің Жарлығымен қоғамдық келісімді нығайтуға сіңірген елеулі үлесі, сондай-ақ, белсенді қоғамдық қызметі үшін орденмен марапатталып отыр. Жайдарман жаңалықты Мемлекет басшысы алғаш айтқанда қатты қуандым. Өйткені, дін саласында қалтықсыз қызмет етіп, болашақ жастарға рухани, патриоттық тәрбие беріп жүрген көрнекті діни қайраткердің еліміздегі дін саласына қосқан еңбегі орасан зор, – деп ізгі тілегін білдіріп, төсбелгі тағып, тұңғыш  мүфтидің арқасына шапан жапты.

Осыдан кейін сөз кезегін алған мерейтой иесі: "Бұл марапат мен үшін үлкен сый. Еңбегімді бағалап, арнайы марапат табыстаған Елбасы мен Мемлекет басшысына, сонымен қатар, облыс әкіміне шексіз ризашылығымды білдіремін", – деп ақжарма тілегін ақтарып, ақ батасын берді.

Жиын барысында аталмыш қуанышты жаңалықты естіп, арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да марапат иесін құттықтады.

– Біздің алғашқы хазіретімізді марапатымен шын жүректен құттықтаймын. Сіз тәрбиелеген әрбір шәкіртке ел хазіреті болуды нәсіп етсін. Сізге қандай марапат берсе де лайықсыз, – деген Бас мүфти Рәтбек қажының елімізге қосқан елеулі еңбегіне тоқталды.

Атап айтсақ, Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесін және Бұхар педагогикалық институтын бітірген, Ливия университетінде діни білім алған Рәтбек қажы Орталық Азия құрамында болған еліміздің мүфтилігін 1990 жылы дербес  құрған. Биыл қажы құрған мүфтилікке 30 жыл толды. Ол бас мүфти болған кезде еліміздегі мешіттер саны едәуір көбейген. Алматыда бас мешіт салынған. Оның бастамасымен Ислам университеті, Жамбыл облысының Меркі ауылында медресе ашылып, «Ислам әлемі» және «Шапағат-Нұр» діни журналдары шыға бастаған. Сонымен қатар, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелігінде қызмет атқарған.

Кездесу соңында жиналған қауым ата салтын ұмытпаған, дін мен дәстүрді ұлықтаған қажымызды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы