ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС: ЖЕҢІМПАЗ ҚЫЗҒА 500 МЫҢ ТЕҢГЕ БЕРІЛДІ

Уақыты: 02.12.2020
Оқылды: 1357

Алматы облыстық дін істері басқармасының ұйымдастырумен «Экстремизмге жол жоқ!» атты әлеуметтік бейнеүзіктер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Байқау деструктивті идеологиялардан сақтандыру, халықтың діни сауаттылығын арттыру, әртүрлі теріс пиғылды діни ағымдардың әсерінен туындайтын қауіп-қатердің алдын алу және «экстремизм» түсінігі жайлы ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылған.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов байқау жарияланған сәттен бастап жиырмадан астам автор өзінің жеке жұмыстарын ұсынғанын айтты. Рахмет Разбекұлы бейнеүзіктерді білікті мамандардан жасақталған әділқазы мүшелері сараптамадан өткізіп, көркемділік, нақтылық пен тақырыпты аша білу, идеяның өзектілігі тұрғысынан бағалағанына тоқталды. Сондай-ақ, осындай шара келешекте де өткізілетіндігін жеткізді.

Байқауда «Жусан операциясы» бейнематериалымен бірінші орынды Диана Манас жеңіп алып, 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы мен арнайы диплом иеленді. Екінші орыннан «Блогер» бейнематериалымен Руслан Аралбаев көрініп, 300 мың теңге ұтып алды. Үшінші орын «Жастарды жат ағымнан қорғайық» туындысымен Әнуар Мұратбековке бұйырып, 200 мың теңгемен марапатталды.

«Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясына Фатима Қалелованың шығармасы лайық деп танылса, «Ең үздік әлеуметтік бейнеүзік» номинациясы Арнур Құсмановқа бұйырды. «Ең үздік идея» номинациясын Жансая Құсман жеңіп алса, «Ең үздік бейнебаян» номинациясын Әлім Нұрмантаев иеленді. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Марапаттау рәсімінен соң барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, жеңімпаздар алғыстарын айтты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы