АС БЕРУ МЕН ЗИРАТ ТҰРҒЫЗУДАҒЫ БАҚТАЛАСТЫҚ: ИМАМДАР ТАЛҚЫЛАҒАН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 29.12.2020
Оқылды: 1152

Нұр-Сұлтан қаласында өткен имамдардың ІV форумында қайтыс болған адамның артынан ас беру, зиратын көтеру, басына барып зиярат жасау секілді көпшілікке міндетті істерде рәсуалыққа ұрынбауын, шектен шықпауын қадағалауға қажетті «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» тұжырымдамалары қабылданған еді.

Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінде республикалық кеңесте қабылданған тұжырымдамаларды талқылаған өңірлік ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен қоғам қайраткерлері жаңа бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Алдымен «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» тұжырымдамаларын көпшілікке кезекпен таныстырған ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша наиб имамы, қалалық «Тәубе» мешітінің бас имамы Керімбек Дәуітов, ҚМДБ Талдықорған өңірінің наиб имамы, қалалық «НҰР» мешітінің бас имамы Алмас Данағұлов, Талдықорған қалалық «НҰР» мешітінің наиб имамы Жансерік Алпысбаев құжаттарда қамтылған мәселелердің бүгінгі күннің талабынан туындап отырғанын жеткізді.

Одан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, қоғам қайраткері, профессор Аманжол Қасабек, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, белгілі айтыскер ақын, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, танымал актер Сағындық Жұмәділ кезекпен сөз алып, таныстырылған тұжырымдамалардың аса маңызды мәселелер екендігін мойындау керектігін ерекше атап өтті.

Өйткені, қазіргі кезде кісі өлген үйлер қонақасын беруде өзара бақталастыққа түсіп, жылқы, ірі қара союда жарысуды мақсат етіп алғандығы, кейбір зираттардың басын қарайту жұмыстары үлкен құрылыс нысандарындағыдай жүретіндігі бұлтартпас шындық. Ондайды қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген бір ауыз сөзге сыйдырып, өлім мен зират тұрғызуда жарысудың жөнсіз екендігін ұғындырған.

Осындай келелі мәселелерді ортаға салған көпшілік одан соң биылғы Еріктілер жылында тасқын судан зардап шеккен Түркістан облысының жұртшылығына көмек қолын созған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбайұлына, орталық «Иман» мешітінің қызметкерлеріне облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының атынан берілген Алғыс хаттың тапсырылуына куә болып, естелік суретке түсті. Сондай-ақ, Талдықорған өңіріндегі мешіттердің имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай арнайы шығарылған «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» төсбелгімен марапатталды.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы