ЖУРНАЛИСТЕР ТЕКЕЛІ ӨҢІРІНДЕГІ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН КӨРДІ

Уақыты: 25.02.2021
Оқылды: 1549
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Jetisu Media» КММ ұйымдастыруымен өңірлерде атқарылып жатқан оң істерді, агротуризмді дамытқан кәсіпкерлердің жұмысын насихаттау мақсатында БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған баспасөз туры өтті.

Алдымен Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылына ат басын бұрдық. Бізді Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Айдын Исабеков күтіп алып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөнделіп жатқан Мәдениет үйіндегі жұмыстармен таныстырды. 

Аудандағы ең үлкен Мәдениет үйінде жұмыс қыза түскен. Ғимараттың сапасы мен сәулеті сай болу үшін бүгінде 30 жұмысшы өз міндеттерін мінсіз атқаруда. Күн жылынып, әлемді жайлаған індеттің беті қайтса жұмысшылар саны артпақ. Былтыр басталған құрылысқа осы өңірдің өзінен 50-60 адам жұмысқа тартылған. Ауыл әкімінің айтуынша, нысан жұмысының 70 пайызы аяқталған. Биыл пайдалануға беріледі.       

Осыдан кейін Сырымбет ауылында орналасқан «Tek Tau» ЖШС-нің бал құю және сұрыптау цехына бардық. Қызметін былтыр бастаған Руслан Кутлуков цехты толықтай аралатып, балдың қалай алынатынын, жұмыстың қалай жасалатынын толықтай таныстырды. Кеше ғана жұмысын бастаған серіктестік бүгінгі таңда ірі шаруашылықтардың біріне айналуда. Таңғаларлығы, жалпы ауданы 2,2 гектар жерді алып жатқан осындай үлкен шаруашылықта он-ақ адам жұмыс істейді. 

– Бизнес қарыштап дамып келеді. Әрине, экологиялық таза, табиғи өнімге сұраныс мол. Бүгінде бал елімізден бөлек Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Таза өнім алу үшін барлық жұмыс заманға сай автоматтандырылған. Құрылғыларды арнайы Қытай мен Польшадан әкелдік. Бизнесті кеңейтіп, туристер үшін барлық жағдай жасауға тырысамын. Алдағы мақсат – ТМД елдеріне және шетелдерге балдың экспортын биыл 96 тоннаға дейін жеткізу болса, үш жыл ішінде 403 тоннаға дейін арттыру, – дейді аталмыш цехтың директоры Руслан Сулейманұлы.  

Шара соңында Текелі қаласындағы «Текелі кондитер» зауытына бардық. 2010 жылы ашылған зауытта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Олар күніне «Алақай» сауда белгісімен 12 түрлі, 1-1,5 тонна тәтті тоқаш пісіреді. «Металлург» шағынауданында орналасқан кәсіпорынның өнімдері аймағымыздың барлық дүкендерінде сатылады. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларына жөнелтіледі. Кәсіпорын директоры Талғат Төңкерісұлы:

– Алғашқы ашылған жылдары біз барлық жұмысты қолмен жасадық. Қазір заманға сай арнайы құрылғыларымыз бар. Десе де, тоқашты қолмен жасауды тоқтатқан жоқпыз. Өйткені, көпшілік «Тоқашты құрылғымен жасағаннан гөрі қолмен илеген дәмдірек», деген ұсыныс білдірді. Біз бірінші кезекте тоқаштарымыз халыққа ұнау үшін жасаймыз. Екінші кезекте жұмысшылардың еркін жұмыс жасауы үшін барлық жағдайын жасауға тырысамыз. Мәселен, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде үйде отырған қызметкерлермен үнемі байланыста болып, оларға кәсіпорын қорынан азық-түлік, ұн, сұйық май үлестіріліп, көмек көрсетілді, – деді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы