ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙЕТІН ШЕБЕР ЕКІ МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 24.03.2021
Оқылды: 1252
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданында жас кәсіпкер Әлиаскерага Магеррамов темірден жасалатын бұйымдар өндіруді жолға қойды. Кәсіпкер цехында темір қақпаларын, әткеншектер, есіктер, қалқа және күркелер шығарады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әлиаскерага Магеррамов 29 жаста. Ол жоғары оқу орнын «халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген. Оқуды аяқтағаннан кейін экономист болып жұмыс істеді. Бірақ, жеке ісін дамытумен айналысқысы келді.

– Біздің отбасымызда құрылыс дүкені болды. Біз оларды сатумен ғана емес, сондай-ақ, өндіріспен де айналысамыз деп  шештік. Таныстарымның кеңесі бойынша кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Қажетті кеңес алдым. «Бастау Бизнес» курсына жазылып, онда кәсіпкерлік бойынша оқудан өттім, – дейді кәсіпкер жігіт.

Кәсіпкердің жобасы мемлекеттік қолдауға, екі миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Өткен жылы Әлиаскерага темірді лазерлік кесу бойынша заманауи жабдықтар сатып алып, металл құрылымдарын дайындау цехын іске қосты. Қазір цехта бес адам жұмыс істейді. Дайын өнімдерге деген тапсырыстар тек жеке азаматтардан ғана емес, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардан да келеді.

Цехтың артықшылықтарының бірі – заманауи жабдық болса, екінші ерекшелігі – бағасы. Әлиаскераганың айтуынша, ол бұйымдардың құнын халық үшін қолжетімді ұстауға тырысады. Кәсіпкер аймақ бойынша темір өнімдерін өндіруден жетекші орынға шығып, бұйым түрін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Болашақта LOFT стилінде өнімдер шығару көзделуде.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Көксу ауданы

Алматы облысы